el24.kz Түркістан облысында адам өліміне әкелген ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қайғылы оқиға 2026 жылғы 15 шілде күні түнгі уақытта Бәйдібек ауданындағы Шаян – Екпінді тас жолында болған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Toyota Camry және Volkswagen Passat автокөліктері соқтығысқан. Салдарынан жеті адам оқиға орнында көз жұмды.

Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде.

«Тергеу нәтижесі бойынша заңнама талаптарына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде жол апатына ұшыраған көліктердің өртенгені және қаза болғандардың арасында бір ауылдың тұрғындары болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарауда. Алайда бұл мәліметтерге қатысты құқық қорғау органдары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимін асырмауға және жол мен ауа райы жағдайларын ескере отырып көлік құралын барынша мұқият басқаруға шақырды.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.