el24.kz Павлодар қаласының 36 жастағы тұрғыны өгей қызына бірнеше жыл бойы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 2022 жылдан 2025 жылға дейін кәмелетке толмаған қызға бірнеше рет зорлық әрекеттерін жасаған. Тергеу мәліметінше, алғашқы қылмыс 2022 жылы Ақмола облысындағы ауылдардың бірінде, қыздың анасы түнгі ауысымға жұмысқа кеткен кезде орын алған.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің бұл туралы ешкімге айтпауын талап етіп, бүкіл отбасын өлтіремін деп қорқытқан. Осылайша ол бірнеше жыл бойы өз қылмысын жалғастырып келген. Соңғы дерек 2025 жылы, жәбірленуші 11 жасқа толғанда тіркелген.
Сот іс материалдарын жан-жақты зерделеп, айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
«Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін. Сондай-ақ оған өмір бойына педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынсын», – деп үкімді Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Жанна Нығыбаева жариялады.
Сот мәліметінше, айыпталушының кінәсі жәбірленушінің алғашқы жауаптарымен, куәгерлердің айғақтарымен және сараптамалардың қорытындыларымен толық дәлелденген.
Өмір бойына сотталған азамат жазасын ерекше режимдегі, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар ұсталатын «Қара бүркіт» түзеу мекемесінде өтейтін болады.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған апелляциялық тәртіппен шағымдана алады.
