el24.kz Астанада полиция қызметкерлері алаяқтардың арбауына түскен 76 жастағы жергілікті тұрғынды ірі көлемдегі қаржылық шығыннан аман алып қалды. Әйел 20 миллион теңгесінен айырылып қала жаздаған. Бұл туралы елордалық Полиция департаменті хабарлады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, алаяқтар зейнеткерге емхана қызметкерлері ретінде хабарласқан. Олар қабылдауға жазылу қажеттігін алға тартып, SMS-хабарлама арқылы келген растау кодын айтуды сұраған. Әйел олардың сөзіне сеніп, кодты айтып берген.
Осыдан кейін күдіктілер байланысын үзбей, әйелге психологиялық қысым көрсетуді жалғастырған. Олар зейнеткерді үйінен шығып, саябаққа баруға және кейінгі нұсқауларды сол жерде күтуге көндірген.
Алайда алаяқтық әрекетті құқық қорғау органдары мен «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерінің бірлескен жұмысының арқасында дер кезінде тоқтату мүмкін болды. Ықтимал алаяқтық туралы ақпарат алған полиция қызметкерлері жедел түрде әйелдің орналасқан жерін анықтап, онымен байланыс орнатқан.
Тәртіп сақшылары заңсыз әрекеттің жолын кесіп, зейнеткермен профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде әйелдің барлық қаражаты, оның ішінде банктік депозитте сақталған жинақтары да толық сақталып қалды.
Полиция департаменті азаматтарды бейтаныс адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерді бермеуге шақырады. Сондай-ақ күмәнді қоңыраулар мен хабарламалар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ресми ұйымдардың байланыс нөмірлері арқылы ақпаратты нақтылау қажет екенін ескертеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы уақытта өзін мемлекеттік орган, банк немесе медициналық мекеме қызметкері ретінде таныстыратын интернет-алаяқтардың әрекеті жиілеп отыр. Сондықтан мамандар азаматтарды сақ болуға және қаржылық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
