Жүрексіз болудан қорқатын адамның 
досымын
Һəм өмірді сезіне алмаған адамға бауырмын, 
Мен сосын топырақ үшін де ауырдым, 
жапырақ үшін де ауырдым...
Ғайыптан оянған сезімім жоғалды, 
Жоғалды күзінде дəуірдің.

Өткенге оралғым келмейді 
күнəмді еске алсам ұялам Тəңірден,
күнəмді еске алсам ұялам жылаған сəбиден.
Жердегі жұпыны тірлікті кешем де, 
О, сосын аспаннан жасырам бəрін Мен!

Аспаннан жасырам анамның көз жасын
ол да үнсіз жылайды сезем Мен,
Құрсақта оқылған өлеңдей аяулы
шағыма қадалып, 
Өмір тұр өзіме өкпелі өте алмай кезеңнен, 
Өлім тұр ажалдың қаруын кезенген,

Қорықтым. 
Мен əлі жазғам жоқ жанымның күбірін, 
Тəңірім, дем берші! 
Ояумын.
Тірімін.
Айтайын күзге де кешіккен Ол жайлы,
Естиін жапырақ сыбырын.

Жайыққа күлкімді сыйлайын жасырған, 
Шайқасын күнəсін өткеннің, бүгіннің.
Мен сосын мұңымды батырып толқынға, 
Суретін салайын біз кешкен ғұмырдың.

Жансая Қалекес