Нəзмия Карадениз
Аудармамды Ислам Джолбасхановқа арнадым

Інім! 
Пайда мен атақ мұрат болған заманда, 
зəру көңіл, зəру жүрек жаны жомарт адамға.  
Інім!
Мақсат-мұратын ізгілікке құра алмаған адамдар қарақан басы үшін ғана тірлік кешеді. 
Өмірде ізгілікті жұрт көрсе деп жасайтын жандарды көп кезіктіреміз. Олардың жақсылығынан жан қуат таппайды.  Жан қуат таппайтын жақсылықтан не қайыр бар?! Қоғамға өзін жарнамалап, пайда қуып, біреуге жағынсам деген ішкі есепке жүгінген адамның жақсылығын көрмек тұрмақ,  қасында тұру да  бір  үлкен азап. 

Інім!
Ақ парақтайын  адамдар болады, жанының тазалығын жанарынан оқуға болатын. Сол жандар ғана ғұмырын ізгілікке арнай алады, ізгілікпен үндестіріп  мұратын.
Інім!
Ізгіліктің парқын білмей қанша адам,
жан жүдеткен, азған хəм шаршаған. Ізгілік -өз жүрегіңнің үні. Өз жүрегінің үнін тыңдау - адам баласының ең басты бақыты. Сен - бақытты адамсың! Тазалығың мен табандылығыңды жоғалтпа. Тазалығың -ізгілікке бастар темірқазығың, табандылығың - өмір сындарынан сүріндірмес бұла күшің.
Інім!
Болмысыңды кірлетпе, болмысын кір шалған адамның адамға деген қарым-қатынасы бұзылады. Құрмет, қадір, ізет сынды өлмес адами құндылықтар өзінен-өзі бойыңнан жоғалады. Қоғамға пайдасы тиер азаматтың болмысы - бағлан болмағы керек. 
Інім!
Жүрегіңді қорғаудан жаңылма. Сен де өзгелерге ұқсамайтын арда жүрек бар. Ауыр ойға қамалған сайын саған дұрыс жолды нұсқап алға бастап шығатын  не?  Жалын  жүрегің мен арда ақылың! 
Санасында саңлауы жоқ адамдарға назар салма. Жүрегінде иманы жоқ адамға жақын болма. Сен - ақ парағымсың! Сенің ақ парағың -жүрегің! Ақ параққа өлеңдей ғазал дүниелер жазған дұрыс. Яғни, жүрегіңе тек жақсы дүниелерді сақта. Өзгелердің мұңына батып кетпе.  Сөз парқына бармайтындар үшін жаныңды ауырушы болма.
Жан ауырса, жүрегіңе салмақ. Жүрекке салмақты жастайыңнан салсаң, өзіңді жоғалтасың. 
Ізгілік жасау -   бір күндік дүние емес. Жауапкершілігі де ауыр болатынын өзің де ұққан сияқтысың ғой, бауырым!
Інім!
Мейірімге шөліркеген жанға жылы сөз де дəру. Шектен тыс мейірімділік - өзіңе сор.  Адамдығы таяз жанмен жиі ұшырасатының да сөзсіз. Бəріне көңілді аша берме. Бəріне бірдей көмектесемін деген оймен өзіңді қинай көрме. Бəрінің өз уақыты болатынын ұмытпа!
Інім!
Ақ парағым, армандарың аласармай, ақ парақтай арыңа қылау түсірме. Ақ пейіл  қалпыңнан ажырама!
Жаратқан мəңгі ізгілікке ынтық жұрегіңе қуаныштарын ғана сыйласын, бауырым!

Түрік тілінен аударған: Мейірхан Мейрамбекұлы

Брайльдан аударған: Аяулым Байдаулет