Бақтыгүл Ауданова
(Әңгіме)

 

– Дұрыс, солай болсын. Бірақ, жылы орнымыздан қозғалуға әлі ертерек сияқты.

– Бізге қолайы Шымкенттің төңірегі шығар. Жазы ыстық, қысы жылы. Халқы да еңбекқор. Өзіміз сияқты мақта егеді. Шаруаға да жайлы. Қазақылығы басым.

– Мына дастархан сарғайып қалды. Ас қайырайық, келіндер табақтарды алсын. Ал, әулием деп қолын жайды молда Хаким ешкімді күтпестен.

Осылай біздің үйдегі жиын тып-тыныш отырған қазақ ауылына бүлік салды.

– Әке,-дедім әлі де терең ойдан арыла алмай отырған әкеме қарап. –Садық атаның көшейік дегені несі? Қазақстанда онсыз да тыныш болмай тұр ғой...

– Көпті көрген кісі ғой, әлденені сезген шығар. Шынына келсем көшу жайы менің де ойымда жүрген. Бірақ... шешетін сендер...

Көктем шыға салысымен ауылдың екі-үш азаматы шалдардың аманатын арқалап Қазақстанға кетті. Ел көруге, жер көруге. Мүмкіндігі болса бір ауыл түгел бір жерге барып қоныстансақ деген ой жоқ емес. Бұл шалдардың арманы. Әрине, бірін-бірі қимайды ғой.

Айға жуық уақыт салып оралған азаматтарымыз жақсы хабармен қайтты. Бүкіл Шымкент жерін аралапты. Сонау алпысыншы жылдары елге оралған ағайындармен табысыпты. Ең қолайлы өлке де осы оңтүстік екен. Жетісай мен Асық ата деген жерлері мақтасымен елге танылған, ыстық, аптапты аудан болса, Шардара деген жері шағалалы көлі шалқыған, күріш егіп аты одаққа танылған аудан екен. Сарыағаш деген жер тіпті тамаша дейді, өзіміздегідей бау-бақша егетін көрінеді. Ал, Қазығұрт деген киелі таудың етегіндегі аудан түгін тартсаң май шығатын, егінге де малға да жайлы құнарлы өлке екен. Мұны естіген шалдар қай жерге барарларын білмей бастары қатты. Негізінен алпысыншы жылдары кеткен ағайындар Жетісай мен Шардараны мекен еткен көрінеді.

 

Қапияда әкемнен айырылдық

 Ақыры Садықбай атаның айтқаны айнымай келді. Совет өкіметінің шырқы бұзыла бастады. Сол баяғы біздің үйде басталған «көшу» туралы әңгіменің соңы расқа айналды. Сол жиын себеп болды ма, әлде бұл елдегі қазақтар бұрыннан көшу жайлы ойлап жүрген бе, білмеймін бірінен соң бірі кете бастады. Үлкен ағам жер көріп, үй алып келді де біз де көшу қамына кірістік. Мен жұмыстан босадым. Құжаттарымызды түгелдедік. Құдай қаласа енді ертең көшеміз. Әкем мені ертіп әкесі мен шешесінің, осында жатқан күллі мұсылман бауырлардың басына құран бағыштап қоштасып келді. Бұл әкеме оңай соққан жоқ. Кіндігінің қаны тамған мына мекеннен кету қайдан оңай болсын. Оның үстіне бар асылдары осында жатса. Жүктерді буып-түйіп қойдық. Таңертең ерте тұрыппын. Таң енді сібірлеп атып келеді. Әкем де осы уақытта тұруы керек. Таң намазын оқиды. Бірақ, тым-тырыс. Апам күбірлеп орнынан тұрды. Мен жатқан бөлменің есігі ашық тұрған соң бәрін сезіп жатырмын.

– Әй, тұрсаңшы. Таң атып келеді. – Әкеме айтып жатыр. Сыртқа шығып кетті. Әлден соң қайта кірді.

– Ойбай, не ұйқы. Тұр намазыңды оқымайсың ба?

Күбірлеп намаз оқуға кірісті. Әкемнің ұйқысынан оянбай жатқанына мен де таң қалдым. Ондай әдеті жоқ еді. Анам намазын бола бергенде мен де орнымнан тұрдым.

– Өтеміс, мына әкең тұрайын демейді. Кеше «әкем мен шешемнің аяқ жағында бір орын бар екен» деп отыр еді, жазған...

– Қойшы апа, қай-қайдағыны айтпай.

– Әке,-дедім қырынан жатқан әкемнің иығына қолымды қойып. Әкем үнсіз. Ағамның бөлмесіне жүгірдім. Анам аңырап қоя берді.

Әкем арманына жетті. Әкесі мен шешесінің аяқ жағындағы бос жайды мәңгілік мекен етті. Енді бізге тағы бір жылға қалуға тура келді. Үйді сатып қойып едік. Дегенмен ынсабы бар тәжік екен, бізге бір жыл тұруға рұқсат берді. Әкемнің қырқынан соң ортаншы ағамды бала-шағасымен Қазақстанға жібердік. Бұл кез Садықбай ақсақалдың айтқаны келіп Кеңестің ыдыраған кезі еді. Бұрынғы қора-қора мал да жоқ, көшеміз деп бәрін сатқанбыз. Жұмыс та жоқ. Дүкен сөрелерінің өзі бос қалып барады. Әкемнің әр мерекесін өткіземіз деп қолдағы ақша да азайды. Көшіп бара жатқан кейбір ауылдастар мен ағайын-туыс қана бір-екі тұяқ тастап кетеді. Үлкен ағам бұрынғы жұмысына қайта кірген. Сол фермадан сүт әкеліп, кейде қаймақ әкеліп, балаларды мәз етіп қояды. Менің жұмысым кеш қарая басталады. Түн қараңғысында барып фермадан жем ұрлаймын. Ұрлау деген аты ғой, қарауылдың өзі шығарып береді. Ертеңіне оны екі-үш сомға пұлдап қант-шай етеміз. Апамның бұдан хабары жоқ. Әйтпесе...

Қазақстандағы ағамның да жағдайы мәз емес сияқты. Біздегі сияқты ол жақта да жұмыс жоқ екен. Әупірімдеп колхозға тракторшы болып кіріп алыпты. Айлық қиын дейді. Оның орнына бір жақсысы ұн, бидай, май, қант береді екен. Оған да болса шүкір дейді анам.

Заман көз алдымызда өзгеріп бара жатты. Ауылда туған жерін қимай жүрген кейбір қиқар қарттар мен біз секілді көшуге мүмкіндігі жоқ жанұялар ғана қалды. «Соғыс болады екен» деген сыбыс та шығып қалып жүрді.

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін ел жаппай дінге бет бұра бастады. Әр ауыл өзіне мешіт салды. Бұл бір ғана тәжік ұлтын жік-жікке бөлінуге әкеліп соққаны жасырын емес. Тәжіктер «Оңтүстіктің» және «Солтүстіктің» тәжіктері болып екіге бөлінді. Республиканың солтүстігінде Таулы-Вадахшам автономиялық облысы орналасқандықтан ол жердің халқы діншіл еді. Бұл кезде ел президентінің өзі республиканы басқара алмай қалды. Адамдардың қолында жүрген қару, нашаның қайдан келіп жатқаны белгісіз. Тәжік ұлтының памирліктер, хоженттіктер, ғармдықтар, феллохтар болып жік-жікке бөлінуі ел ішіндегі берекені кетірді. Осылай ертеңгі күніміз күмәнді болып жүргенде Вахш ауданында қарулы қақтығыс болыпты деп естідік. Арада айға жетпей Қорғантөбе қаласында тағы да осындай оқиға орын алды. Қорғантөбедегі қанды қырғыннан соң соғыс басталды деген суыт хабар елге тарап кетті. Бұдан кейін әркімге өзінің қара басы қайғы болып қалды. Алғашқыда өзге ұлт өкілдеріне ешкім тиісе қойған жоқ. Естігенім тек тәжіктер өздерімен өздері қырылып жатыр. Ғармдықтар кулябтық тәжіктердің отбасылары мен өзбектің лақай және қоңырат деген белгілі руларының түбіне жетіп жатқан көрінеді. Бұдан кейін әр-жер әр-жерде түрлі қақтығыстар болып, бірін-бірі қырып жоюмен тынатын. Енді мұнда өмір сүру қауіпке айналды. Кешегі тал-қайың жайқалып, бағында бұлбұл сайраған құтты мекен тозаққа айналды. Республиканың бір түкпірінде жатқан біздің ауылға әлі соғыс өрті жете қоймаса да оның зардабын тартып отырмыз. Дүкендердің жабылғаны қашан. Азық-түлікке басыңды сауғалап орталыққа әрең барып келесің. Нан соғыс кезіндегідей әр адамға 30-35 грамнан өлшеніп беріледі. Кейде ол да болмай қалады. Әйтеуір таласып-тармасып теріп алған бидайымыз бар. Соны қол диірменге салып түнімен ұн тартамыз. Кейін оны жеңгем кебегін елемей-ақ нан пісіреді. Кебек араласқан ұн қайбір оңсын, тастай боп қалады. Дегенмен жаңа піскен кезде жеуге жарайды. Әрі берекелі, бәрімізге жетеді. Тойымды. Әзірге біздің ауыл тыныш болғанымен, әйтеуір бір күні бұл жерге де соғыстың жететіні белгілі ғой. «Енді не істейміз» деген ой ағам екеумізді де сансыратып жіберді. Анамның күйігі өз ішінде. Соңғы кезде тым қартайып, азып кеткен. Ал мен бұл соғыстың не үшін болып жатқанына түсінер емеспін. Тәжікстан секілді Одақтың басқа мемлекеттері де егемендік алды ғой. Олар ертеңі үшін күресіп, алға ұмтылып жатқан тұста мына тәжіктердің не үшін бірін-бірі сонша қырып жатқанына таңмын.

– Аға, - деймін өткен күндер есіме түсіп.- Осы баяғыда тәжіктер өте ұлтшыл, намысшыл еді ғой. Дүкенге кірсең егер тәжік сатушы болса міндетті түрде тәжікше сұрауың керек. Егер тәжік тілін білмесең онда өз тіліңде түсіндір. Орысша сұрай қалсаң «Өз тіліңді қатырып ал, орысшада нең бар» дейтін жекіп кейбірі. Міне, сондай ұлттың бұлай бүлінуінің себебі не?

– Ұлтты іштен іріту деген бар. Ол өзіңе-өзіңді айдап салу. Бұл шеттен жасалып жатқан нәрсе. Бұлар елді екіге бөліп отыр. Қазіргі аталып кеткен «бобчиктер» мен «юрчиктер». Тәжіктердің екіге бөлінуі екі бағыт ұстанғандықтан. Ғармдықтар мен памирліктер, вахабистердің көксегені – Тәжікстанда исламдық тәжік мемлекетін орнату. Олар исламды себеп етіп билік пен мансап үшін қан төгіп жүр. Кулябтықтар болса президент пен заңды үкіметті қолдап, вахабистерге қарсы шығуда.

– Сонда вахабистер қайдан шықты?

– Бұл елге Абдулла молланың келуімен байланысты шығар, сірә. Билік басына оның тағайындалуы вахабизмның ашық әрекетке көшуіне ықпал жасады. Бұл бір күнде немесе бір жылда болған нәрсе емес, бұл жылдар бойы жүргізілген астыртын саясат. Оның үстіне құрылып жатқан «Исламның қайта өрлеу партиясы» да солардың сойылын соғатын сияқты. Кеңес одағының бәсекелесі АҚШ-тың да қолы болуы мүмкін мұнда. Себебі, олар әр елді соғыссыз алуды көздейді. СССР сияқты алып мемлекет құлады. Енді ондағы қайраңда қалған мемлекеттерді жаулау керек емес пе? Олар бір ғана жолмен ұлт ішіне іріткі сала алады. Олардың қаруы дін. Ал, біз сияқты дінді дұрыс түсінбейтіндер кім қалай айтақтаса солай қарап үріп ақыры өз түбімізге жетеміз.

Мен үнсіз қалдым.

– Абдулла молда бірнеше жыл Иран мен Египетте білім алған, арнайы дайындықтан өткен. Тәжік жерінде төңкеріс жасауға келген.

– Біз не істейміз енді, аға?

– Білмеймін... Пархардың қазақтары Қазақстанның Президентіне хат жолдапты. Бәлкім, жақында бір жақсы хабар келіп қалар.

– Онда Пархар жаққа көшейік. Не көрсек те солармен бірге көрейік. Жалғыз үй қазақ мұнда қалғанша...

– Дұрыс айтасың. Мен де соны ойлап жүрмін.

Біз аз күнде өзімізге қажетті заттарды ғана алып Пархар жаққа жол алдық. Жылдар бойы жиған-тергеніміз, дүние-мүлкіміздің бәрі-бәрі қалды. Бұл кезде біз үшін жанның амандығынан басқа ештеңенің қажеті де жоқ еді.

Жаяулатып Пархарға шыққан біздің көзіміз не көрмеді. Жолда шашылып жатқан өліктер, жалаңаш жатқан әйелдер, қорқыныштан дірдектеген балалар, есі ауысқан қариялар... Жолды ағам бастап барады. Ауыл-ауылды аралап барамыз. Біреулер жаны ашып түнде үйіне паналатады. Ас-су береді. Ал біреулер өз жанының тыныштығынан қорқып екі қолын ербеңдетіп азар да безер болады.

Біз осындай бір отбасында бір күн түнеуге мәжбүр болдық. Жасы қырықтарды қырқалап қалған үй иесі бізге төрінен орын берді.Өзі өзбектің қоңыраты екен.

– Қазақтарды қашан да құрмет тұтам,-деді ол барын алдымызға қоя отырып. Атамның қазақ досы болған. Сонау ашаршылық жылдары жұптары жазылмай бірге жүріпті. Әке-шешесі аштықтан қайтыс болып кеткен соң қазақтардың қолында жүріп үйленіп, үй болған екен. Сол қазақтарды мен де құрметтеймін. Кеңпейіл жақсы халық қой. Бірақ, мына заман бір-бірімізге достық пейіл көрсетуге мұрша бермей тұр ғой,- деді тереңнен сөз қозғап.

– Мына аласапыранда қайда жол алдыңыздар?

– Пархар жаққа. Ол жақта қазақтар әлі баршылық.

                             Жалғасы бар...