3.ҚАЙДА ЖҮРСЕҢ АМАН БОЛ
әңгіме

(Жалғасы)

Гүлді мен қатты жақсы көрем бе десем, ол менен де қатты сүйген екен, сүйеді екен. Жоқ, екеуміз бір-бірімізді теңдей сүйеміз! Хабарласқалы бері бұған анық көзім жетті. Құдай тағала екеумізді қоспағанмен, хабарласуға мүмкіндік бергеніне шүкір! "Адам тағдыры мен атының арасында тікелей байланыс болады" деген логикаға салсақ; Бақыт деген есіміме орай - бақытым осы шығар. Гүлдің де іші сағынышқа толып қалыпты, тоқтамай жазады және жазып та жатыр. "Сүйріктей сүйкімді саусақтарыңнан айналдым сенің!

Саусақтарыңның сыртынан сүйсем болмай ма?) Жаза түс, жан жарамды жаза түс!" Осылай іштей айналып-толғанып отырып, шамалы ойланып кетіппін. Монитордың беті жер сілкінгендей дірілдеп кетті. Агенттің "собеседник попытался вас разбудить" дейтіні болушы еді ғой. Мен жазбай қалған соң, Гүл соны іске қосқан екен.) Есімді жиып, "иә, Гүл, айта бер, тыңдап отырмын" деп жазғалы жатсам, жазып қойыпты.

- Баха, саған по секрету бірдеңе айтайын ба?) (Маған баяғыдай еркелеп отыр)

- Иә, айта ғой, жаным. "Ояу" отырмын ғой)

- Үлкен баламның атын Бақыт деп қойдым! (Ойбай, ойбай, ойбай... енді, точно, өліп кетсем арманым жоқ шығар. Қуанғаным соншалық, мелшиіп отырып қалыппын. "Ей, сұм тағдыр, екеумізді екі жақтан жетім ботадай боздатқанша қоса салмадың ба?")

- Қуаныштымын Гүлім менің! Рахме-е-ет!

- Сосын бар ғой, Баха, сенің барлық суреттерің менде сақтаулы. Сенде бар ма менің фотоларым?

- Біразы бар...

- Ммм... Баха, сен де шыныңды айтшы, мектепте жүргенде мені қызғанатын бең?

- Иә да! Қазір де қызғанам... (айтып жіберіппін)

- Жан... жан... жан... ("шаттанған" смайликтің 3-еуін қатар қойып барып, жүректі қойды - "люблю") (Әйелдер құлағымен сүйеді деген қағиданың менің Гүліме еш қатысы жоқ! Сіздер қатты қателесесіздер. Жаным мені тек қана жүрегімен сүйеді. Вот так! Біліп қойыңыздар!)

- Сол кезде қызғанбайтын сияқты көрінетінсің. Ал мен қатты қызғанушы ем. Вечерде гитараны алып ап, махаббат туралы әндерді жіберетін ең ғой, адамды қызғандырып...

- Гүл, қойш енді...)

- Баяғыда айта алмағандарымды айтып жатырмын ғой. Айта берейінші :-) (Ай-й-й, назданған жаным-ай...)

- Иә, айтпақшы "екеумізден басқа ешкім естімейді" екен ғой, ия, айта бер, Гүлім, айта бер!

- Смайлик «grin» (рахаттана күлді-ау)

- Кімнен қызғанушы ең?

- "А" класындағы Айка ше... албасты десе, красавица еді ғой.

- Өй, қойш соны...

- Тұра тұрсай айтайын да)

- Айта ғой, жан..., айта ғой)

- Вечер болса болды "Баха, Баха" деп, үйкеніп-сүйкеніп... Қасында ғашығы отыр демейт та. Сен өлең айтсаң типа певица саған қосылып... Жаман нервім ойнаушы еді...

- ............................. (Ақкөңіл жанымның ақпейіл әңгімесі... Қалайша түк өзгермеген?)

- "Қаракөзайым" деген өлеңді вечер сайын айтатын ең.

- Ім-м-м...

- Ән айтқаныңды онша жақтырмаушы ем, Айканың кесірінен. Сол әнді қазір тыңдағым келгенін қарашы,  лично сенің орындауыңда!

- Айтайын ба?)

- Айт)) сөздері қандай еді?

 

"...Балалық шағымнан бірге өскен,

Қаракөз толықсып бойжеткен.

Он жылдық мектепті жақсымен бітіріп,

Қалаға оқуға ол кеткен........"

 

-........................(Гүлдің жылап алғанын сезсем де, білмегенсідім. Мен де қайбір жетісіп отыр дейсіз...)

- Қандай қызық шақтар еді, ия, Баха! Бәрін тастап ауылға кеткім кеп тұр... (Мен де бәрін тастап Алматыға кеткім кеп тұрған еді)

- Гүл! (әңгімені басқа жаққа бүрғым келді) Жұмысыңа "мешайт" етіп жатқам жоқ па?

- Неа...

- Гүл, "почтовый ящикті" жақында ғана ашыпсың...?

- Ааа... бізде әрбір қызметкердің жеке-жеке "почтовый ящигі" болуы керек деген указания болған. Сосын ашқам. Мені іздеп жүргеніңді білгендей ашыппын ғой, ия.

- Ия... (Гүлімнің көңілін қалай көтерсем болар екен? Махаббат деген - мұң, ал біздікі - қасірет!)

- Жүрегім сезген ғой... ( Гүл әлі де жабырқау.)

- Жүрегіңнен айналдым, мені сезген!

- Баха, "Қаракөзайымның" тағы да біраз сөзі бар сияқты еді ғой...

"...Арада ай өтті, жыл өтті,

Қаракөз хабарсыз мол кетті.

Күндердің-күнінде Қаракөзайымнан,

Бір парақ қағаз бен хат келді.

 

Басында оқыдым қуанып,

Қалғандай жас жүрек жұбанып.

Сондағы жазғаны Қаракөзайымның,

"Мен жүрмін қалада сыланып".

 

Сонымен мен бардым қалаға,

Сүйгенді іздемей бола ма?

Мен барсам қасында бір жігіт тұр екен,

Сонда мен қалдым ғой далада!"

 

- Жаным, Баха...

- Гүл, жыламашы жаным, көр-соқыр махаббатқа бәрібір ғой, жылатады ғой...(Түк жазбай біраз отырдық, сосын Гүл қайтадан жаза бастады)

...- Баха! Смайлик «kiss» (мені "екі көзін тарс жұмып, сүйіп тұрған" смайлик)

- Смайлик «kiss» (мені "әу" деуге үлгертпей, артынша тағы "сүйді", сөйтті де "вам пишеттегі" сүйкімді шымал-қалам секіре жөнелді. Жазып жатыр. Мені "сүйіп-сүйіп" алып не жазып жатыр екен жаным?!! Тағы да "плачу" қылмаса неғылсын. Ол жыласа... бүкіл әлем боздайды ғой)

- Баха, жаным... ренжімеші маған, даусыңды естігім келеді... (Енді байқадым, статусында алақандай, қып-қызыл жүректің суреті(люблю) тұр! "Жүректі" алып таста, кызметтегі адамсың, өзге достарыңнан ыңғайсыз болар" деп айта алмадым. Қалай айтарсың?!!)

- Қазір, жан... өзім звондаймын. Шықтым...

Гүлдің нөмірін "моторист" деген "шпионский" атпен "сохранить" еткем. Адамның жүрегі - мотор десек, оны жөндейтін "моторист" емес пе? Яғни, Гүл... Звондағаным сол еді, бірден көтерді.

- Ало... Гүл!..

- Ия, Баха, мен ғой(баяғы дауыс)

- Қалайсың?

- Жақсы...(Екеуміздің де тіліміз байланып қалғандай. "Агенттегі" жазба-батырлықтың ізі де жоқ.)

- Өте қуаныштымын! (Сасқанымнан осылай деппін. Кітап сөзі. Қуанып тұрмын, әрине, бірақ...)

- Мен де өте қуаныштымын! (Даусынан қуаныштың лебі анық байқалады)

- Көңіл-күйің дұрыс па?

- Ия, Баха, енді бәрі де дұрысталды! (Терең күрсінді) Сколько лет, сколько зим...

- Ия... қанша уақыт...

- Кеше түнде звондағым келген, Баха. Бі-і-ір (созып айтты) даусыңды естігім келгенін-ай. Ауылды еске алып, баяғы жүрген кездерді еске алып, ұйықтай алсамшы. Содан бері енді дұрысталдым.

- Даусымды естігесін бе?

- Ия! (Баяғыша еркелей күліп жіберді)

- Даусың өзгермепті, Гүл.

- Ал сенің даусың неге біртүрлі болып тұр, суықтап қалдың ба не?

- Жо-о-оқ, темекінікі ғой, көбірек шегіп жүрмін.

- Неге? Шылым шекпеуші едің ғой. Қойғызған сияқты едім ғой.(Күліп жіберді)

- Еее... баяғыны айтасың ба? (Мен де күлдім)

- Қалай еді сол оқиға, айтып берші, Баха, естігім келіп тұр.

- Түнде сенімен кездесуге бардым. Үстіме бұрқыратып тройной одекалон сеуіп алғам. (Әңгімеме риза боп күліп жатыр Гүл) Темекіні жаңадан үйреніп жүрген кезім. Шегетінімді саған сездірмейтінмін. Қалтамда бір пачка "Медео"(сигарет). Содан құшақтасып тұрғанда сен темекіні көріп қойдың. (Гүлдің ар жақта ішек-сілесі қатып күліп жатыр). Сөйттің де маған ренжіп темекіні лақтырып жібердің. Бірақ мен түн болса да темекінің түскен жерін аңғарып қалдым. Не керек, мен шекпеуге уәде бердім ғой. Сосын үйге қайтарда темекіні әлгі тұстан тауып алдым да, қайтадан қалтама салып алдым...

- Сосын... (Гүл күліп бір мәз)

- Ертеңіне сен свиданияға ертелеу шығып, түнде лақтырылған сигаретті әбден іздепсің. Бірақ таппапсың. Күдіктенгенсің ғой менен))

- Ой, қызық-ай, (күліп жатыр) иа, иа, есіме түсті, жан... Ертеңіне сен келгенде, "кешегі темекі қайда, тап!" деп ренжігенім... Сен "енді шекпеймін" деп тағы да уәде бергенің... Бәрі де есіме түсті енді.) Сен мені қатты тыңдаушы едің иа, жаным...

- Сені тыңдамағанда кімді тыңдаймын? Өзің ёще кластың төрайымы болсаң...)

- Заны-ы-ы... сол... (Бір-бірімізге бойымыз енді үйрене бастады, арадағы сан жылдар салқынын салмай қоя ма?)

Бұл күндері махаббат сөзінің мәні тым арзандап кетті ғой. Кезекті бір қу нәпсінің аңсарын міз бақпастан "махаббат" деп айта салатындар көбейді. Ал біздікі ше? "Ғұлама жылдар судырлатса да парағын" суымайтын бұл неткен сезім? Махаббат қой бұл, жарандар, махаббат! "Заман біздікі"(Б.Бұлқышев) демекші, нағыз махаббат біздікі еді. Бар дүниені жиып тастап, Гүлмен сөйлесудемін. Өйткені одан жаныма жылу еніп, рахаттанып тұрдым.

- Азап шеккеннен шылым шеккен артық, Гүл))

- Қойшы соның несі жақсы? Спиртной ішесің бе?

- Анда-санда...

- Бұрын вообще ішпеуші едің.

- Ішкізеді екен ғой тағдыр, ішкізді ғой...

- Қойшы, жаным...

- Мақұл, жаным, қойдым! Сен де кешір мені - ұмыта алмағаным үшін!

- Судьба наверно такая...

- Иа... (Бәрібір Гүлді кіналай алмайды екем, баяғыдай балаша өкпелеп тұрғанымды сездім)

- Жан... деймін, давай ұрыспайықшы а...

- Еее, Гүлім, менің ішім толып қалған ғой, сенен басқа кімге айтармын, кім тыңдар, кімге керек?

- Өй, заны-ы-ы... (Гүлімнің осы бір жұбату сөзі жаныма майдай жағады. Ол да біліп алған әбден. Баяғыда да өстіп оңай жұбатып алушы еді, бұл жолы да сөйтті. Жадырап шыға келдім.)

- Гүл, кластастардан кімді көріп тұрасың?

- Ержан досың КазГУ-де зам декан, анда-санда соны көріп тұрам. Қыздардан Махаббат, Ләззат Алматыда тұрып жатыр. Басқаларын онша көре бермейім, көбісі ауылда ғой.

- Ержан қандай боп кеткен?

- Аздап толған.(күлді) Баха, сен ше, потолстел?

- Жоқ.

- Шашың, қасың баяғыдай қап-қара ма?

- Жайлап ақ түсіп жатыр.

- Бойың ше?

- Бұрынғыдай.

- Алматыға кеп тұрасың ба?

- Ай сайын барып тұрам ғой, запчасть алуға.

- Да ты что?!! Келгенде қайда тоқтайсың сонда?

- Братандар бар ғой.

- Енді қашан келесің?

- Оншақты күннен кейін.

- Бі-і-ір көргім келеді сені! Қандай боп кеттің екен сен?!!

- Көресің, болды ма сонда?

- Иә... (ұяла күлді)

- Бар болғаны сол-ақ па сонда?

- Құшақта-а-ап тұрып сүйіп алар едім... (Бұл жолы күлген жоқ, даусында діріл бар, серьёзно сияқты, серьёзно болса несі бар?)

                                                               *******

Еее, Құдай, еее, Алла, тағы КІМ бар мына аспан жақта?!! Ооо, Тәңірім, сабыр бере гөр, кешіре гөр... мына "құдайдан безген күнәhар" пендеңді!!! Жаратқан Ием мені көргісі келмесе де, Гүлімнің көргісі келеді. Гүлімді менің де көргім келеді... "Сап, сап көңілім, сап көңілім!" Көңілім дәл қазір "сап" түгіл оқты да тыңдайтын халде емес. Әй-й-й... сарсаңға салған сабалақ өмір-ай...

- Мен де... (Осы сөзді қалай айтып қалғанымды өзім де білмеймін) Бірақ ұяттау болмай ма, Гүл?

- Ыыің... (Кішкене бөпеге "сүт ішесің бе?" десең, "ыыің" деп тәлпіштеніп, еркелейді ғой, тура сондай еркелес Гүлдікі де)

- Әлі уақыт бар ғой... (Қашқақтап жатырмын, бірақ осы сәтте Гүл сормаңдай жүрегіме білдірмей кіріп алып, шаттықтан "Қара жорғаны" билеп жүргендей еді)

  Жалғасы бар...

  Ердос Қоныс (Бақыт Шәрәпи )