Перизат Қайратқа қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті

               Фото: Tengrinews.kz/Санжар Мұстафин

el24.kz 2025 жылғы 9 шілдеде Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты алдын ала тыңдау өтті. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Айыптау тарабының мәліметінше, олар "Biz Birgemiz Qazaqstan" қоғамдық қоры арқылы жиналған 3,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған. Тергеу деректерінде қаражаттың автокөлік, пәтер, зергерлік бұйымдар алуға жұмсалғаны айтылған. Сотта қорғаушы тарап процеске қатысушыларды фото-видео түсіруге тыйым салу және істі жабық форматта қарау туралы өтініш білдірді.

Бұл өтініштер бойынша шешім кеңесу бөлмесінде қабылданады. Негізгі сот процесі 14 шілдеде өтуі тиіс.

Қыркүйектен бастап мобильді аударымдар қатаң тексеріледі: жаңа ереже күшіне енеді

 

el24.kz Қазақстанда 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мобильді аударымдарға қатысты жаңа салықтық бақылау ережелері күшіне енеді.

Бұл өзгерістер көлеңкелі экономикамен күресуді және тіркелмеген кәсіпкерлікті анықтауды мақсат етеді.

Қаржы министрлігінің ресми мәліметінше, жаңа талаптар жеке тұлғалардың атына келіп түсетін жүйелі мобильді аударымдарды сараптауға мүмкіндік береді. Егер белгілі бір шектерден асса, салық органдары кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қарап, тексеру жүргізе алады.


 Қандай жағдайда тексеріледі?

Жаңа ережеге сәйкес, егер бір адамға қатысты келесі екі шарт орындалса:

  1. Бір ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамнан мобильді аударым келіп түссе;
  2. Үш ай қатарынан аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (МЗП) асып кетсе
    (2025 жылғы есеппен бұл шамамен 1 020 000 теңге),

онда бұл операциялар кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қаралып, салық органдары бақылауына алынады.


 Кімдерге қатысты емес?

Қаржы министрлігі бұл талаптар:

  • Жалақы, зейнетақы, шәкіртақы;
  • Әлеуметтік жәрдемақылар;
  • Несие немесе депозитке қатысты жеке аударымдарға
    қатысты қолданылмайтынын нақты атап өтті.

Сонымен қатар достар мен туыстар арасындағы қарапайым аударымдар да бақылау шегінен тыс қалады.


 Кәсіпкерлер не істеуі керек?

Жаңа ереже бойынша табыс тауып жүрген азаматтарға:

  • ЖК (жеке кәсіпкер) ретінде тіркелу;
  • Сауда жасағанда POS-терминал немесе QR арқылы төлем қабылдау;
  • Төлем үшін фискалдық чек беру міндеттеледі.

Қаржы министрлігі бұл талаптардың тіркелмеген кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін ғана енгізілгенін және қарапайым азаматтардың құқықтарын шектемейтінін мәлімдеді.


 Жаңа тәртіп қашан күшіне енеді?

 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап.

Осы күннен кейін жоғарыда көрсетілген талаптарға сай мобильді аударымдар күшейтілген салықтық бақылауға ілігеді.


Қыркүйектен бастап мобильді төлемдерге қатысты талаптар нақтылай түседі. Кәсіпкерлікпен айналысып, бірақ тіркелмеген тұлғалар үшін бұл – заң алдында жауапкершілікке тартылмаудың бір жолы. Ал қарапайым азаматтар үшін алаңдауға негіз жоқ.

Жаңа оқу жылы: ата-аналар мен мұғалімдерге не өзгерді

 

el24.kz 2025–2026 оқу жылы қарсаңында еліміздің білім беру саласында бірқатар жаңа өзгерістер енгізілуде.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, биыл оқу бағдарламалары жаңартылып, мұғалімдердің жұмыс жүктемесі мен мектеп формасына қатысты нақты талаптар белгіленді. Бұл өзгерістер оқушыларға да, ата-аналарға да, ұстаздарға да қатысты.

Оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады, 31 мамырда аяқталады. Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу аптасы сақталып отыр. Алғашқы жеті күнде олар жеңілдетілген режимде оқиды.

Жаңартылған оқу бағдарламалары негізінде математика, жаратылыстану және қазақ тілі пәндерінің мазмұны тереңдетілді. Сонымен қатар бағалау жүйесі де жеңілдеп, тоқсандық бақылау жұмыстарының саны азайтылды. Енді әр пәннен оқушылар жоба жұмыстары мен практикалық тапсырмаларды көбірек орындайды. Бұл оқушының ойлау, талдау қабілетін арттыруға бағытталған.

Мұғалімдердің апталық жүктемесі кәсіби стандартқа сай қайта қаралды. Енді дәптер тексеру, қосымша сабақ өткізу сияқты жұмыстарға арнайы ақы төленеді.Бұрынан бар жүйе күшейтілді.Электронды журнал жүргізу де жеңілдетілген.

Мектеп формасына қатысты да бірқатар ереже өзгерді. Министрлік ата-аналарға мектеп формасының міндетті екенін, алайда қымбат киім алудың қажеті жоқ екенін ескертті. Форманың түсі мен үлгісін мектеп кеңесі бекітеді. Діни немесе сәндік сипаттағы киім үлгілеріне жол берілмейді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жергілікті әкімдіктер тарапынан мектеп формасы тегін берілуде.

Балабақшаларда электронды кезек пен eGov.kz арқылы өтініш қабылдау жалғасады. Бастауыш сыныптарда цифрлық оқулықтар мен планшет арқылы оқу жүйесі кейбір өңірлерде пилоттық жоба ретінде енгізіледі. Сонымен қатар, интернет қауіпсіздігіне де ерекше мән берілуде.

Министрлік ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға шақырып отыр. Мұғалімдер үшін курстар мен сертификаттау талаптары да жаңартылды.

el24.kz анықтамасы
2025 жылы елімізде 7 700-ден астам мектеп жұмыс істейді. 250-ге жуық жаңа мектеп салынған. 1-сыныпқа 400 мыңнан астам оқушы қабылданады. Мектепке дейінгі біліммен қамтылған балалар үлесі 98 пайызға жеткен.

Қазақстанда +43°C ыстық басталды: дәрігерлер мен ТЖМ халықты сақ болуға шақырды

 

 

el24.kz Қазақстанда күннің аптап ыстығы +43°C-қа дейін көтерілді. Қазгидромет мәліметінше, шілденің ортасында еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыссы бірнеше күнге жалғасады. Ауа райының күрт ысуы әсіресе балалар мен қарттарға, сондай-ақ созылмалы ауруы бар адамдарға қауіпті.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға келесі қауіпсіздік шараларын ұстануды ұсынады:


 

Ыстықтан қорғану жолдары:

  1. Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін сыртқа шықпаңыз.
    Бұл уақытта күн сәулесінің белсенділігі ең жоғары болады. Қажет болмаса көлеңкеде болуға тырысыңыз.

  2. Жеңіл, ашық түсті киім киіңіз.
    Мақта немесе зығыр матадан тігілген киім теріге тыныс алуға мүмкіндік береді.

  3. Бас киім мен көзілдірік тағуды ұмытпаңыз.
    Күн өту қаупін азайтады.

  4. Суды көп ішіңіз.
    Күніне 2–3 литрге дейін сұйықтық ішіңіз (кофе, тәтті газдалған сусын емес, таза су). Шөлдемей тұрып-ақ ұрттап ішіп отырыңыз.

  5. Тамақтану тәртібін жеңілдетіңіз.
    Майлы, ауыр тағамдардан аулақ болыңыз. Көкөніс пен жеміс-жидекке басымдық беріңіз.

  6. Кондиционерді дұрыс қолданыңыз.
    Суық ауаға кенет тап болу тыныс алу жолдарын ауыртады. Температура айырмашылығы 5–7°С-тен аспауы тиіс.

  7. Денсаулығыңызға мән беріңіз.
    Басыңыз ауырып, әлсіздік, жүрек айну, терлеудің тоқтауы байқалса, бұл – күн өтудің белгілері. Бірден көлеңкеге шығып, су ішіп, медициналық көмекке жүгініңіз.


Ескерту:

  • Көлікте бала немесе жануар қалдырмаңыз. Автокөліктің іші 10–15 минутта +60°C-қа дейін қызады.
  • Электр құралдарын бақылаусыз қалдырмаңыз. Аптап ыстық кезінде өрт шығу қаупі де артады.

Мамандардың айтуынша, елімізде осындай ыстық толқындары алдағы күндері де сақталуы мүмкін. Сондықтан барынша сақтық танытып, алдын алу шараларын ескерген жөн.

Бұл туралы el24.kz хабарлайды.

Елордадағы әскери базада бір сарбаз жарақат алды

 

el24.kz Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанадағы әскери авиациялық база аумағында қауіпсіздік шараларының бұзылуы салдарынан бір әскери қызметкер жарақат алған.

"Зардап шеккен әскери қызметкер дереу елордалық медициналық мекемеге жеткізілді, оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты",деді ведомство өкілі.

Оқиға жұмыс барысында болған.Қазіргі уақытта жағдайына байланысты тексеріс жүргізілуде.

Қорғаныс министрлігі тарапынан қызметтік тергеу басталды.

Өлімнен кейінгі өмір: тыныштық па, жаңғыру ма?

 

el24.kz Өмір мен өлім – адам баласының жаратылғалы бері мазалап келе жатқан ең басты сұрақтарының бірі.

Ал өлімнен кейін не болады? Бұл сұраққа ешкім нақты жауап бере алмаса да, мыңдаған жылдар бойы адамзат оны түсінуге, ұғынуға тырысып келеді. Бүгінде ғылым да, дін де, эзотерика мен кванттық физика да бұл тақырыпқа өз көзқарастарын ұсынуда.


Дін не дейді?

Әлемдегі ірі діндердің бәрі өлімнен кейін өмір барын мойындайды. Бірақ әрқайсысының түсіндіруі әртүрлі:

  • Исламда адам өлген соң қабір өмірі басталады. Жақсы амал иелеріне кеңейген, жарық қабір беріледі. Қиямет күні қайта тіріледі. Жұмақ пен тозақ – мәңгілік өмірдің мекендері.

  • Христиандықта өлген адамның жаны Құдай алдында есеп береді. Жақсы адам жұмаққа, жаманы тозаққа барады. Ақырет күні қайта тірілуге сенім бар.

  • Буддизм мен индуизмде реинкарнация – қайта туу бар. Жан бұл өмірдегі әрекетіне қарай басқа денеде қайта дүниеге келеді. Мақсат – нирванаға, яғни азаттыққа жету.


Ғылым не дейді?

Ғылым өлімнен кейінгі өмірді дәлелдеген жоқ. Дегенмен, соңғы жылдары клиникалық өлімге ұшырап, қайта тірілген адамдардың тәжірибесі зерттелуде. Олар көбіне:

  • жарыққа толы туннельді көруді,
  • денеден тыс қалқып жүруді,
  • бейбіт сезімді,
  • марқұм туыстарымен "кездесуді" баяндайды.

Медицинада бұл "near-death experience" (NDE) деп аталады. Кейбір ғалымдар мұны мидың оттегі жетіспеушілігімен түсіндіреді. Бірақ бәріне ортақ, ұқсас сипаттамалар бұл құбылыстың жай елес емес екенін көрсетеді.


Эзотерикалық және рухани көзқарас

Кейбір рухани ұстаздар мен медиумдар өлім – тек физикалық дененің тоқтауы дейді. Жан болса – мәңгілік. Ол астралдық деңгейге өтіп, белгілі бір "аралық кеңістікте" біраз уақыт болады. Онда өмірлік тәжірибелер сараланып, келесі "сабаққа" дайындық жүреді. Бұл көзқарас реинкарнациямен үндеседі.

Имрам Крийя, Садхгуру, Джо Диспенза сияқты рухани ұстаздар да өлімді қорқынышты сәт емес, жанның үлкен сапарының бір сатысы ретінде сипаттайды. "Адам – жан емес, адам – жанның бір бейнесі ғана" деген сөздер бұл түсінікті тереңдете түседі.


Кванттық физика не дейді?

Кванттық теорияда сана мен шындық – бір-бірімен байланысқан. Кванттық сана теориясына сай, адамның санасы денеден тәуелсіз болуы мүмкін. Кей ғалымдар "сана – кванттық өріс" деп есептейді. Бұл жағдайда өлім – тек бір өлшемнен екіншісіне өту.

Физик Роджер Пенроуз пен анестезиолог Стюарт Хамерофф "сананың кванттық құрылымы" туралы гипотеза ұсынған. Олар сананың кейбір элементтері өлімнен кейін сақталуы мүмкін дейді.


Өлім – соңы ма, әлде жаңа бастауы ма?

Көптеген рухани көзқарастарда өлім – бұл ақырғы нүкте емес, керісінше басқа әлемге, басқа күйге көшу. Кейбіреулер оны «жоғалып кету» деп қабылдаса, кейбірі үшін бұл – үйге қайту. Ендеше, өлімді қорқынышты етіп тұрған – біздің беймәлімге деген үрейіміз ғана.


Өлімнен кейінгі өмір туралы нақты бір жауап жоқ. Бірақ адамның ішкі түйсігі, арғы жады бұл өмірмен ғана шектеліп қалмайтынымызды сезеді. Ғылым мен дін, руханият пен кванттық әлем түйіскен жерде бізді әлі ашылмаған ұлы шындық күтіп тұрған сияқты. Бәлкім, өлім – ұйқы секілді, ал ояну – мүлде басқа бір өмір.

 Нұрлыбек Жұбатқан, "Екі езу" әзіл-ысқақ театрының көркемдік жетекшісі:

- Ассалаумағалейкүм, Нұрлыбек аға! Сұхбатымызды қазақ сатирасының бүгінгі хәлі жайлы бір ауыз түйінді ойыңыздан бастасақ.

- Бұл сұрақ туралы көп айтылып жүр. Қазақ сатирасына жаны ашып жүгіріп жүргендер аз. Бұрынғы Қалтай мен Оспанхан ағаларымыз салып кеткен сара жол ескірді. Жаңартамын деп жүгіргендер көрінбей жүр. Қазір қазақ сатирасында кімдердің жүргені де белгісіз. Әркім өз қара басымен әуре. Шымкентте тұратын сатирик Мұхтар Шеріммен тығыз байланыстамын. Көпен Әмірбек ағамыздан көптен бері хабар жоқ. Өзім әйтеуір әупірімдеп бірдеңелерді шимайлап жүрмін...



- Бүгін ертеңге даңғыл жол салары белгілі. Біраз ойды қаузадыңыз. Ал қазақ сатирасының ертеңін қалай елестетесіз?

- Ертеңін мен өз басым көре алмай тұрмын. Қауіпті. Олай дейтінім - қазақ сатирасының басын қосып, жол көрсететін ешкім болмай тұр. Бізді қолдайтындар аз. Сын айтқанды кім жақсы көреді?! Қазақ сатирасы  жоғалып бара жатқан  ұлттық салт-дәстүріміз секілді. Биік жарғабақтың шетінде ілігіп әрең тұрмыз.  Енді бір итерсе тұңғиыққа құлайтындай елестетемін.



- «Күлкі - жан емі». Өзбек халқының нақылы. Бүгінгі күлкі адам жанын қаншалықты емдеп жүр?

- Күлкінің түрі көп қой. Адам күнделікті жеңіл күлкіге жаны рахаттанып қалады. Күлкі шынымен ем. Ал, сатираның өткір тілімен жазылған дүние түсінген адамға жаныңды жылатады. Жылап күлесің, бұл да ем. Қазір халықты күлкімен емдеп жүрген сатира театрлары баршылық. Әркім өз мүмкіндігінше елге күлкі сыйлап, рухани азық беріп жүр.


- Қазір бүкіл арналардың эфирінен әзілге құрылған хабарлар жүруде. Көрермен баяғыдай сахнада ойналатын дүниеден гөрі эфирдегі дүниені артық көріп бара жатқан сыңайлы. Бұл - әзіл театрларына қалай әсер етуде?

- Негізі, эфир өнер адамдарына танымал болу үшін өте қажет. Бірақ танымал адамдардың ескі қойылымдарын көрермендерге эфирден қайталап үсті - үстіне көрсете беру - дәмсіз тағамды зорлап жегізгенмен бірдей. Әрине, халық театрлардан тың  жаңалықтар күтеді. Жаңалықты жасайтын авторлар. Қазақ сатирасында сахнаға әзіл жазатын авторлар саусақпен санауға да жетпейді. Мысалы, мен өзім құрған «Екі езу» сатира театрына жазамын. Театрдың  жиырма жылдық өз архиві бар. Әзірге мен оны еш жерге көрсетпей сақтап отырмын. Мұрағат - күн өткен сайын құнды.

 



- Дәл бүгін қазақ сатира қоржынын толтыратын қандай жаңа туындылар жазып жүрсіз?

- Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов  атындағы драма театрына директор болып келгенде шығармашылығым тығырыққа тіреледі деп қорқып едім. Қайта үлкен ұжымда үлкен дүниелер жаза бастадым. Әрине, директор болғаннан кейін шаруашылық жұмыстар көп. Дегенмен, ретін тауып «Командос» атты комедия жаздым. Бұл қойылым  еліміздегі тамырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шығарма. Көрермен сұранысы жоғары, туынды үш жыл бойы сахна төрінде көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда «Адам ит» деген комедия жазып жатырмын.  Шығармашылық адамына қай жерде де ауа жетпейді. Тынысым тарылған соң, облыс әкіміне хат жазып «Екі езу» сатира театрын драма театрынан бөліп, облыстық филармонияға қосылдым. Бүгінгі күні үшінші «Түгелбайдың түкірігі» атты кітабым баспаға дайын. Бірақ қаражат жоқ. Кейбір сатиралық шығармаларым орыс тіліне аударылып жатыр. Шығармашылық адамның креслода шалқайып отырғаны жараспайды екен. Мен осыны ұғып  театр директорлығынан бас тарттым.


- Өнердің ең қиыны – сатира. Біреуді жылату оңай, күлдіруден қиын нәрсе жоқ. Сондай қиын өнерді игергеніңізге өкінбейсіз бе?

- Ауыр жанр екені рас. Бірақ қоғам үшін керек. Егер өз қара басымды ойласам, бұл өнерден бас тартар едім. Әркім өз жаны сүйген кәсіппен айналысуы керек. Мен таңдадым. Өкінбеймін.


- «Талант тек пен топыраққа байланысты» - деген екен Науаи. Бұған алып қосарыңыз бар ма? Ата-анаңыз да өнер ауылынан алыс болмаған шығар. Туған топырағыңызға жиі ат басын бұрып тұрасыз ба?

- Талантты жеті күн сүйресең жетеді, талантсызды жеті жыл сүйресең де ештеңе шықпайды. Өзімді мақтап отырған жоқпын, өнер әлемінде жиі кездесетін көрініс. Менің әкем ауылдық клубта киномеханик және оркестрде домбырашы болды. Бала күнімнен клуб сахнасында өстім. Ауылға келген өнер адамдары, концерттік ұжымдар біздің үйге келіп тоқтайтын еді. Соларды көріп, қызығып ер жеттім. Маңдайымнан сипап, аузыма түкіріп кеткендердің бірі марқұм, Қазақстан Республикасының халық әртісі, белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов.Туған жеріме көбінесе «Екі езу» театрының гастрольдік сапарымен барамын. Осыдан бес жыл бұрын кезекті гастролімізде ауылыма концерттік бағдарлама ұсынып, музыкалық құрылғы  сыйладық. Әрине, кейде қаладағы күйбең тірлік, жұмыста келеңсіздік туындаған кездерде қолымды бір сілтеп, туған топырағыма тайып тұрғым келеді.



- Бүгінгі әзіл-сықаққа деген қазақ көрерменінің талғамы қандай?

- Қазіргі көрермен  ұсынылған  туындыларға сынмен қарайды. Тізесі шыққан қайталанба  дүниелер көрермен үшін қызық емес. Шындық пен әділдікті дөп басатын өткір шығармалар сахна үшін де, көрермен үшін де ауадай қажет. Сол себепті қолыма қалам алғанда қазіргі қоғамды толғандыратын тақырыптарға бет бұруға тырысамын.



- Сахна сыртында болған, естен кетпес бір қызық оқиғаңызбен бөліссеңіз?

- Театр ауылдық жерлерге гастрольдік сапармен көп шығады. Кейбір мәдениет үйлерінің грим бөлмелерінде жарық болмай қалады. Сондай бір кезекті концертте мен шалдың рөлін сомдадым. Асығып жүріп сақал-мұртымды қисық тағып алыппын. Сахнаға шыққан кезде қасымдағы әріптесім күліп жіберді. Күлкісін тыя алмаған қалпы сахнадан шығып кетті. Көрермен не болғанын түсінбей қалды. Ақтөбе облысының Алға ауданының бір ауылында сахнаға шығайын деп тұрсам, бір жігіт қасыма келіп арқамнан түртті:
- Нұрлыбек ағай, амансыз ба? Жұбатқан қайда, келді ме?- деп сұрады.
- Жұбатқан жоқ. Баяғыда қайтыс болды, - дедім. Өйткені Жұбатқан атам мен тумай тұрып  өмірден өтіп кеткен. Ол шошып кетті. Сөйтсем ол Нұрлыбек бөлек, Жұбатқан бөлек адам деп ойлап жүр екен. Осы сөзден кейін мен де сахнаға күліп шықтым. Мұндай қызықты оқиғаларды басымыздан жиі өткіземіз.



- Қоғамдағы сізді азамат ретінде ойландыратын мәселе?                          

- Қазақстанда діни ахуал дұрыс жолға қойылмай отыр. Қазіргі жастардың жат ағымдардың жетегінде кетіп, өз ұлтын, дінін, салт - дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін ұмытып, өзіндік қалпынан айырылып,  бөтен ұлтқа айналып кете ме деген қаупім бар. Бұл өз тегін сатқанмен бірдей. Қазақ болып туған соң, қазақ атына лайық өмірден өткен бақыт емес пе? Біз тәуелсіз, дара халық болып өсіп-өркендеу жолында осы секілді маңызды мәселелерді естен шығармауға міндеттіміз деп ойлаймын.



- Өмірде әзілдеймін деп опық жеген тұсыңыз болды ма?                          

-  Әрине, болды. Өте көп. Мысалы, өз жеке басыма байланысты айтатын болсам, депутаттық немесе жоғарғы сый-құрмет, атаққа ұсынылған кезімде белгісіз біреулер мені тізімнен сызып тастайды. Ең үлкен ұтылғаным - «Екі езу» сатира театрының заңды дәрежесінен айырылып қалдым. Бірақ, оған да өкінбеймін. Ең бастысы, «Екі езу»  сатира театры да,  Нұрлыбек Жұбатқан да қоғамға өз пайдасын тигізіп жүр.      



- Әзілкеш болу бір бөлек, актер болу бір бөлек сияқты. Сіз осыны нақты айтып беріңізші?                                                                                              

- Бұл маған тура қойылған сұрақ екен. Мен театрда автор, актер, режиссер, сазгер, әнші, сиқыршы, тіпті көлік жүргізуші де болып кетемін. Жігітке жеті өнер де аз дейді. Өте дұрыс айтыпты. Қолыңнан келсе театр үшін  аянбаған дұрыс қой. Өзім туралы жазған «Ауылдағы айтқыштар» атты интермедиям да бар. Яғни, ауылдық мәдениет үйінің директоры әрі әнші, әрі кітапханашы, әрі бас есепші, әрі от жағушымын деп өзін облыстан келген тексерушіге таныстырады. Бұл әзіл ауылдық жердегі кадрлардың жетіспейтіндігін көрсетеді. Бір кездері бұл жағдай  «Екі езудің» де басынан өтті. Қазір театр жас мамандармен толығып жатыр.


- Соңғы сауал, өнерге ынтық жас іні-қарындастарыңызға ақыл-кеңесіңіз                                                                                              

- Өнер адамы болғаннан кейін, әрқашан сұраныста болғаның дұрыс. Ешкім сені іздемесе,  онда сенің өнер жолында ешқандай ізің жоқ. Сахнада өшпестей  із салу үшін үздіксіз ізденіс пен еңбек керек. Халық сені қалап алғаннан кейін көрерменің де, оқырманың да көп болады. Сондықтан да талпынған адам тауға шығады.


Менің эл.поштам: Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. 
Тел.: 8 701 322 52 23

"el24.kz" жалын дирекциясы