el24.kz 2025–2026 оқу жылы қарсаңында еліміздің білім беру саласында бірқатар жаңа өзгерістер енгізілуде.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, биыл оқу бағдарламалары жаңартылып, мұғалімдердің жұмыс жүктемесі мен мектеп формасына қатысты нақты талаптар белгіленді. Бұл өзгерістер оқушыларға да, ата-аналарға да, ұстаздарға да қатысты.
Оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады, 31 мамырда аяқталады. Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу аптасы сақталып отыр. Алғашқы жеті күнде олар жеңілдетілген режимде оқиды.
Жаңартылған оқу бағдарламалары негізінде математика, жаратылыстану және қазақ тілі пәндерінің мазмұны тереңдетілді. Сонымен қатар бағалау жүйесі де жеңілдеп, тоқсандық бақылау жұмыстарының саны азайтылды. Енді әр пәннен оқушылар жоба жұмыстары мен практикалық тапсырмаларды көбірек орындайды. Бұл оқушының ойлау, талдау қабілетін арттыруға бағытталған.
Мұғалімдердің апталық жүктемесі кәсіби стандартқа сай қайта қаралды. Енді дәптер тексеру, қосымша сабақ өткізу сияқты жұмыстарға арнайы ақы төленеді.Бұрынан бар жүйе күшейтілді.Электронды журнал жүргізу де жеңілдетілген.
Мектеп формасына қатысты да бірқатар ереже өзгерді. Министрлік ата-аналарға мектеп формасының міндетті екенін, алайда қымбат киім алудың қажеті жоқ екенін ескертті. Форманың түсі мен үлгісін мектеп кеңесі бекітеді. Діни немесе сәндік сипаттағы киім үлгілеріне жол берілмейді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жергілікті әкімдіктер тарапынан мектеп формасы тегін берілуде.
Балабақшаларда электронды кезек пен eGov.kz арқылы өтініш қабылдау жалғасады. Бастауыш сыныптарда цифрлық оқулықтар мен планшет арқылы оқу жүйесі кейбір өңірлерде пилоттық жоба ретінде енгізіледі. Сонымен қатар, интернет қауіпсіздігіне де ерекше мән берілуде.
Министрлік ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға шақырып отыр. Мұғалімдер үшін курстар мен сертификаттау талаптары да жаңартылды.
el24.kz анықтамасы
2025 жылы елімізде 7 700-ден астам мектеп жұмыс істейді. 250-ге жуық жаңа мектеп салынған. 1-сыныпқа 400 мыңнан астам оқушы қабылданады. Мектепке дейінгі біліммен қамтылған балалар үлесі 98 пайызға жеткен.