фото видеодан скриншот жасалған
Мұнайлы аудандық жаңа орталық ауруханада алғашқы сәби дүниеге келді. Бұл қуанышты сәт – Басқұдық ауылдық округінің 21 жастағы тұрғыны Жұлдыз Қуанышованың тұңғышын дүниеге әкелуімен есте қалмақ-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
150 орындық жаңа аурухана жақында ғана пайдалануға берілген болатын. Жаңа нысанның тарихындағы алғашқы босану табиғи жолмен өтті. Жас анаға акушер-гинекологтар мен неонатолог мамандар кәсіби көмек көрсетіп, босану барысы толық медициналық бақылауда болды.Сәбидің салмағы 3 келі 580 гр. Дәрігерлер ананың да, баланың да жағдайы жақсы деді. Ата-әжесі тұңғыш немересіне Нұрхан есімін қойды.
Аурухана директоры Жанар Есенғалиқызы мен басқа да дәрігер, медбикелер жаңа туған нәрестенің анасы мен әжесін арнайы барып құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады.
Айта кетейік, жаңа аурухана ана мен балаға қолайлы жағдай жасауға, аудан тұрғындарына қолжетімді, заманауи медициналық көмек көрсетуге бағытталған.