Перінің қызы туралы ертегілерді көпшілігіміз естігенбіз. Аңыз әңгімелерге қарағанда, перінің қызы соқса, адамның бет-ауызы қисайып, ауруға шалдығады екен. Бұрынғы кездері пері соққан адамды молдалар оқып, ауруынан айықтырған көрінеді. Алайда, заманауи медицина мұндай жағдайды жүйке жүйесінің ауруына жатқызады.Өткен ғасырдың бірінші жартысында Шонжыда жалпақ елге аты мәлім болған Райыс Құйрықпайұлы деген молда өткен екен. Ол кезінде Ақыт қажының мешітінен тәлім алып, екі жыл Ақыт қажыға көмекші болып, бала оқытқан.

      Сол Райыс молда пері соққан Болатқан деген жігітті оқып жазарда перілермен сөйлескені туралы әңгіме Шонжыдағы ел арасында күні бүгінге дейін аңыз болып айтылып келеді екен.Жетпіс бес жасқа келген Шәмей Райыс қызының айтуынша,1941-жылы үйлері Шонжы ауданының Ұзынқұр деген жерін қыстап отырғанда, бір күні іштерінде ересек Болатқан (Ботай) бар бірнеше бала қарағай ішінен отын жинағалы барады. Қарағай ішіне кірген соң, отын теріп, балалар жан-жаққа таралып кетеді. Кенет біреудің жан ұшыра бақырған дауысы шығады. Балалар бұл Болатқанның даусы екенін танып, «ол бізді қорқытпақ болып айғайлап жатыр» деп аса мән бермей жүре береді.

     Алайда, әлгі дауыс барған сайын үрейлі, қатты шығады. Секем алған балалардың бірнешеуі дауыс шыққан жерге жүгіріп келгенде құлап жатқан Болатқанды көреді. Қараса, оның бет-ауызы қисайып, кейпі адам шошытарлық болып өзгеріп, аузынан ақ көбік шығып, қырылдап жатыр екен. Болатқанның бұл кейпін көрген олар алғашында қатты қорыққандықтан естерін жинай алмай қалады. Олар бірдем ес тоқтатқаннан кейін бірнешеуі Болатқанның қасында қалып, қалғандары ауылдан адам шақыруға кетеді. Болған жағдайды естіген ауыл адамдары орманға қарай жүгіреді.

    Олардың арасында Райыс молда да болады. Болатқанды көрген Райыс молда «перінің салқыны тиген екен, қу жетімді көргені-ай!» – деп қатты күйзеледі.Болатқанды сырмаққа салып ауылға алып келгеннен кейін, Болатқанды көрген ауыл адамдары оны қатты аяйды. Әншейінде артық-ауыс сөз сөйлемейтін Райыс молда қатты қаһарланып: «Не мен өлемін, не Болатқан жазылады. Мен бұл жетімді науқасынан айықтырамын. Оны соққан перімен сөйлесемін»,- дейді (Аңыз әңгімелерге қарағанда, егер молданың періге шамасы келмесе, ол ажал құшуы мүмкін екен).

      Ауылдағы азаматтарды жинап, ағаш пен темір соғатын ұста тауып, бір үлкен ағаш сандық пен мыстан тақтай жасатады. Ертесі күні «Алтын алаңқай» деп аталатын жерді таңдап, қарын күретіп, жерге сырмақ, кілем төсеп, үстіне арнаулы жасатқан сандық пен мыс тақтайды қойып тақ жасатады. Бастаудан су әкелтіп, пері соққан Болатқанды таза жуындырып, жаңа кіиім кигізіп, ақ кигізге орап, әлгі тақтың алдына әкеліп жатқызады.

     Ауылдағы қаряларға, әйелдер мен балаларға үйден шықпауды, киіз үйлерді мықтап бастыруды тапсырады.Райыс молда оншақты мықты ауыл азаматтарын таңдап алып, оларға өзіне көмекші болуды, әрқандай тосын жағдай туындаса да әсте қорықпауды тапсырады. Райыстың бұл әрекетіне ауыл адамдарының бір бөлігі сенсе, бір бөлігі сенбейді. Десе де, олардың барлығы: «біз де барып көреміз, біз де сізге серік боламыз, жақсылық болса да, пәле-қаза болса да сізбен бірге боламыз», – деп бірге жүреді.

    Райыстың қасына қырықтай адам жиналып, Алтын алаңқайға барады. Райыс молда жанына ілесіп барған адамдарды екі жаққа бөліп тұрғызып, тақтың қарсы алдына отырып, пері соққан жігітті оқи бастайды.Арадан шай қайнатымға жетпейтін уақыт өтеді. Кенет, алаңқайда жел тұрып, бірте-бірте күшейіп қатты боранға айналады. Шайдай ашық аспан әп-сәтте түнеріп, сол маң астаң-кестең болып кетеді. Аяқ астынан мұндай тосын құбылысқа тап болған ауыл адамдары үрейі ұшып тұс-тұсына қашады. Бір сәттен кейін боран сәл бәсеңдеп, сейіле бастағанда, аспаннан қару-жарағы жарқылдаған көк бөрте жасауылдар жерге таяп келе жатады. Аспан жүзін көлегейлеген қалың жасауылдар арасынан жасыл киім киген еңгезердей біреу дараланып шығып, әлгі Райыс молда жасатқан таққа баяу қалықтап келіп қонғаннан кейін, жайланып отырып:– Ей,адамзат, неге қаһарландыңыз! Қанатым күйіп кете жаздады ғой. Сонша не бұйымтайыңыз бар?»– деп қатқыл үн қатады.

   Райыс ақ киізге ораулы жатқан Болатқанды көрсетіп:– Мынаның не жазығы бар еді. Әке-шешесі жоқ жетімге неге зәбір жеткізесіңдер?! – дейді.Пері қолбасшысы :– Кешіріңіз, кеше біздің ойнап кеткен үш қыз әдепсіздік жасап, азаматыңызға қалжыңдап қол тигізген екен. Мен оларды қатаң жазалаймын,– дейді.Райыс молла қатуланып:– Қыздарыңды жазаға тарту өз еркіңде. Менің мына азаматымды қалпына келтіріп берсең болды, – дейді.

   Пері тақтан түсіп, Болатқанның жанына келіп, бетін ашып қанатымен сипап, жасауылдарына бұйрық беріп, қайта аспанға ұшып кетеді.Перілер кеткен соң күн шайдай ашылады. Болатқан басын көтеріп маңына таңдана көз салып:– Мен қатты ұйықтап кетіппін ғой, – деп орнынан тұрады. Мұны көрген Райыс молда қуанышын бөліспек болып жан-жағына қараса, бағанағы қалың адамнан тек Тұрдыақын, Залебай деген екі жігіт қана қалған екен.Содан, ақ киізге орап, сырмақпен көтеріп әкелінген Болатқан, ауылға кәдімгідей сап-сау өз аяғымен қайтады. Осыдан бастап Райыс Құйрықпайұлының аспаннан пері түсіріп, олармен тілдескені туралы әңгіме боғда бетіндегі жалпақ елге таралады. Сол оқиғадан кейін арадан екі жыл өткенде Райыс молда сары ауырудан қайтыс болады. Ал, перінің соққысына ұрынған Болатқан 1988 -жылы 68 жасында Шонжыда қайтыс болады.



Автор: Шынхан Қарпықұлы