Экстрасенстерге біреу сенсе, біреу күмәнмен қарайды. Өзін ерекше қасиетке иемін деп жариялағандар арасында кәдімгі алаяқтар да, шын көріпкелдер де бар. Мұндай қабілет қайдан дариды? Экстрасенсорлық қасиетке машықтануға бола ма? Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осы сауалдарды қазақстандық танымал көріпкел, «Экстрасенстер бәйгесінің»  жүлдегері Заман Сыпатаевқа қойып көрді- деп жазады "Qamshy.kz"порталы.

 Өзіңіз туралы айтып берсеңіз, сізге көріпкелдік қайдан дарыды?

– Маған бұл қасиет ата-бабаларымнан берілген. Менің арғым тегімде аруақты батырлар мен әулиелер болды. Бірақ олардың ешқайсысы маған арнайы ештеңе үйреткен жоқ. Кішкентай кезімнен бәрін өзім игердім, тірнектеп жүріп білім жинадым. Дегенмен бабаларымның рухани қолдауын әрқашан сезінемін. Бала күнімде Албан руының мақтанышы Райымбек батыр түсіме кіріп, аян берген.

Ұйқыдан ояна салып, бір күнде көріпкел болып шыға келдім деп айта алмаймын. Мектепте оқып жүрген кезімде басқалардан өзгеше ойлайтынымды түсіндім. Ертең не болатынын болжап, алдын ала көретін болдым. Емтиханда қандай билет түсетінін біліп тұратынмын. Сол уақытта әлем, өмір, Құдай туралы ойлана бастадым. Исламның, басқа діндердің тарихын зерттеп, сараладым. 17 жасымда жеке сайтымды аштым. Сол арқылы адамдар консультацияға келді. 19 жасымда «Эксрасенстер бәйгесіне» шақырылып, осы жобадан кейін елге танылдым. 

 «Эстрасенстер бәйгесіне» не мақсатпен қатыстыңыз?

– Негізі «Эстрасенстер бәйгесіне» қатысуды өз басым қалаған жоқпын. Өйткені 19 жасымда онсыз да көріпкел ретінде танымал болғанмын. Осы ілімді зерттейтін Қазақстандағы алғашқы интернет-форумды ашып қойғанмын. Ұйымдастырушылардың өздері маған хабарласып, сайысқа қатысуымды ұсынды. Мен ұсынысты қабыл алып, әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған адамның құрамына кірдім. Алайда ол кезде университетте оқып жүрген едім, сол себепті жобадан өз еркіммен кетіп қалдым. Арада біраз уақыт өткен соң жобаға қайта шақырылдым, сөйтіп ақырғы сынақтарға дейін жеттім.

 Өзгелердің ойын оқи аласыз ба?


– Көпшілік мені күні-түні тек адамдардың ойын оқумен ғана айналысады деп ойлауы мүмкін. Негізінде бұл сіз ойлағандай онша қызықты нәрсе емес. Адамның ойы үнемі эмоциясымен астасып жатады. Сондықтан көп жағдайда эмоцияны айқынырақ сезінуге болады.


 Мұндай қабілетті жүре келе үйренуге бола ма? 

– Меніңше, әр адамның ішкі түйсігі белгілі дәрежеде жұмыс істейді. Осы түйсікті жетілдіріп, дамытуға болады. Біраз уақыттан бері осы бағытта тренинг өткізіп келемін. Ондағы мақсатым – адамдар өз-өздеріне көмектесе алса екен деймін. Бірақ мұнда бір кілтипан бар. Бұл да музыка сияқты. Мысалы, сіз бір аспапта ойнауды үйреніп, жылдар бойы жаттығуыңыз мүмкін, алайда есту қабілетіңіз нашар болса, сізден бәрібір Моцарт шықпайды ғой. Ал тұрмыстық деңгейде барлығын меңгеруге болады.

 Осы қабілетіңіз жеке өміріңізге кедергі келтірмей ме?

– Мұның жақсы жақтары да, жаман жақтары да бар. Басты мәселе – адамның ақпаратты қалай қабылдап, қалай қолданғанында. Күнделікті тұрмыста өз болашағымды болжамауға, оған аса көп назар аудармауға тырысамын. Тіпті, әр адамның болашағы тек өз қолында, оны ой мен әрекет арқылы өзгерте алады деп білемін.

 2018 жылы Қазақстанды қандай өзгерістер күтіп тұр деп ойлайсыз?

– Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстанды 2018-2019 жылдары не күтіп тұрғанын болжағанмын. Биыл және келесі жылы елімізде үлкен саяси  өзгерістер болады. Әкімдік, министрлік деңгейіндегі басшылар ауысады. Оны көктемнен бастап күте беріңіздер. 2018 жыл Қазақстан үшін өте маңызды. Біз барлық салада жаңа деңгейге көтерілеміз. Әлемдік саясаттағы өзгерістердің де бел ортасында боламыз.

Биыл табиғатты сақтау, әртүрлі апаттың алдын алу мәселелері бірінші орынға шығады. Орталық және солтүстік Қазақстанда үлкен өрт болуы мүмкін. Су тасып, сел жүру қаупі де бар.

 Әлемдегі танымал көріпкелдер биыл Үшінші дүниежүзілік соғыс басталады, ақырзаман орнайды деп болжады. Бұл жайында сіз не дейсіз?

– Мұндай болжамдар ерте заманнан айтылып келеді, біз оның барлығын бастан өткердік. Қазір адамзат баласы ғаламат өзгеріс алдында тұр. Бұл – анық нәрсе. Энергия сарқылып, адам санасы құбылып жатыр. Жер шарындағы ақырет күнін қашанға дейін шегеретініміз тек өзімізге байланысты. Ойымызды таза ұстап, Жерді сақтап қалуға әркім үлес қоса алатынын естен шығармауымыз керек.

 Қабілетіңізді пайдаланып, арнайы қызметтерде жұмыс істеуге қалай қарайсыз?

– Көптен бері құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп келемін. Көбінесе  қиын, шиеленісті істерде көмектесемін.

– Тегін тренингтер ұйымдастырасыз ба?

– Барлық зерттеуімді тегін жүргіземін. Клиенттеріме кейде тегін, кейде ақылы кеңес беремін. Менің жұмысым кез келген басқа адамның жұмысы секілді. Оның да төлемі болуы керек. Адам өз өміріндегі оқиғаларға тек өзі себепкер екенін, бар жауапкершілікті өзі арқалайтынын түсінгені жөн.

– Жұмыс барысында қолданатын қандай да бір құралдарыңыз бар ма?

– Әртүрлі жағдай болады. Мен өз жұмысымда бірнеше атрибутты қолданамын. Оның ішіне арғы атамнан қалған қамшы, майшам, арнайы пышақ, Таро карталары бар.

– Қазір барлық қазақстандықтың көкейінде жүрген маңызды сұрақ: күн қашан жылынады?

– Бұл биылғы қыстағы ең суық аяз емес. Ақпанның ортасында күн жылынады. Алайда, наурыз айында тағы да күн суытады. Жазда аптап ыстық болады деп ойлаймын.

– Жеке сайтыңызда елге нақты қандай жәрдем бере аласыз?

– Менің консультацияларыма адамдар, ең  біріншіден, ақпарат алу үшін келеді. Осы ақпарат арқылы өз өмірін өзгертіп, оны дұрыс бағытқа бұрады. Кездесулерден кейін ол өзгеріп, басқа адам болып шығады. Алайда ол өз өмірін өзгертуге дайын болса ғана менің көмегім тиеді.

– 2018 жылы теңгенің курсы қандай болады?

– Көктемнің ортасына дейін теңге курсы нығаяды. Күзге дейін белгілі бір тұрақтылығын сақтайды. Алайда 2018 жылдың күзінен бастап теңгенің әлсіреуін күтуге болады.

– Криптовалютаның дамуына қатысты не айтасыз?

– Мәселе қай криптовалютада екеніне байланысты. Биткоин үлкен «сілкіністі» бастан өткермек. Тек шыдамдылар ғана биткоиннан табыс таба алады. Себебі биткоин бір құлап, бір көтеріледі. Алайда тек 2019 жылы ғана криптовалюталық төңкерісті күтуге болады. Қаржы құралы ретінде келесі жылдан бастап мойындалады. Бірақ жақын арадағы 5-7 жылда ақшаның орнын баса алмайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

«Қамшы» сілтейді