Интернет үстемдік құрған заманда бірнеше минутта-ақ шенеуніктердің жасырған құпиясы жария болып, танымал адамдардың ешкімге көрсеткісі келмеген суреттері желіні шарлап кетеді.

Қазақстанда күн сайын мыңдаған суретке "лүпіл" басылып, ол сурет сақталып, тағы да мыңдаған адамның арасында таралып жатады. Бірақ, сол файлдар кейбір ауыр қылмыстардың ең басты айғағы да болып жүр.

Желідегі "сүндеттелген" ер адамның суреті

Былтыр қаңтар айының басында әлеуметтік желіде бір іске қатысты сот қаулысы тарап кетті. Құжатта жазылғандай, Астанадағы сұлулық салондарының бірінде істейтін келіншек ғашығын қызғанғаны соншалық, оны өзі сүндеттеп тастаған. Біреулер мұны біраз әңгіме қылды, ал енді біреулер құжаттың желіге қалай шығып кеткенін түсінбей әлек болды.

Астана сотының баспасөз қызметі бұл құжаттың желіге таралып кетуіне өз қызметкерлерінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ақыры кінәлілер анықталған жоқ. Кейінірек желіде қызғаншақ әйел жаралаған ер адамның суреті пайда болып, отқа май құя түсті. Алайда денсаулық сақтау басқармасы ол суреттегі адамның зардап шегуші жігіт емес екенін хабарлады.

 

Ерасыл Әубәкіровтің ісі: студентті қинап жатқан видео мессенджерлер арқылы тарады 

Екі жыл бұрын Астанадағы Медицина университетінің студенті Ерасыл Әубәкіров жоғалып, оның денесі қала сыртындағы омбы қардан табылған болатын. Марқұмның қол-аяғы байланған, басы пакетпен оралған. Оны кімдер және қандай қатігездікпен өлтіргені бәлкім құпия қалпында қалар еді, бірақ, студентті ұрып-соғып жатқан жерден түсірілген фото мен видеоны желіге салып жіберді.

Бұл қылмысты жасады деген басты күдікті бизнесменнің баласы Аян Мейірбаев еді. Оның адвокаты кейін видео мен суреттер Мейірбаевты әдейі қаралау үшін таралды деп мәлімдеді. Мейірбаев не болса да тергеуден құтылып кеткен болатын. Ал, Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деген адамдар 20,11 жне 16 жылдарға сотталды.

 

Әубәкіровтің ісіне қатысты фото және видеоларды желіге жүктегені үшін екі полицей жазаланды.

 

Депутат Тінікеевтің дауы

Бұрынғы депутат Мұхтар Тінікеев қазір желіге атақты боксшы Геннадий Головкинмен түскен суретін салып, президентпен қол алысып тұрған суретін жүктеп, Елбасын туған күнімен құттықтап жүр. Бірақ, екі жыл бұрын депутаттық мансабының жолын кескен осы интернетке бәлкім ашулы болған шығар.

Мәжілістің сол кездегі депутаты басқа бір адамды бетінен ұрып, балағаттап жатқаны түсірілген видео да желіде тез таралған еді. Осы видеоның кесірінен өз еркімен депутаттывқ мандатынан бас тартқан кезде кейбір әріптестері "белсенді, болашағы зор депутат жұмыстан кетті" деп қынжылған болатын.

 

Баян Есентаеваның таяқ жеуі

2016 жылдың жазында Қазақстандағы танымал продюсер Баян Есентаеваны (қазір Баян Алагөзова) бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаев көлік ішінде сабап, пышақтаған болатын. Бақытбек Есентаев адам өлтіруге оқталғаны үшін айыпты деп танылып, тоғыз жылға сотталып кете барды.

Сол кезде де Баян Есентаеваның ауруханада ес-түссіз жатқан суреті жарияланып кеткен. Баянның әпкесі Бағым Мұхидтинованың айтуынша, жаралы Баянды медбикелердің бірі суретке түсіріп, желіге таратып жіберген екен.

 

Менингит ауруы желіден белгілі болды 

Биыл көктемде қазақстандықтар елде менингит ауруы таралып жатқанын желіден естіп-білді. Мамыр айының соңында мессенджерлерде өте қауіпті жұқпалы аурудан бірнеше адам қайтыс болғаны туралы аудиохабарлама тез тарала бастады. Ал, ең алғашқы ресми мәлімдемелер тек маусым айының соңында айтылды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің үн-түнсіз отырғанын сынға алған қоғам аурудан қорқып, үрейлене бастаған. Инфекциялық аурудан 13 адам көз жұмды.

 

Мемлекеттік қызметшілер қашан смартфоннан "айырылды"

Бұл айтылған даулы мәселелердің көбі 2016 жылы желіге таралған болатын. Сондықтан, дәл осы жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге жұмыс орнында смартфон ұстауға тыйым салынды. Дегенмен, 2018 жылдың қыркүйегінен бастап мемқызметкерлер тағы да смартфон ұстап, жұмыс істеуге рұқсат алуы мүмкін.

 

Sputnik