Еліміздің арнайы қызметі Сириядағы 47 отандасымызды елге қайтарды. Бұрын-соңды болмаған ауқымды құтқару операциясының видеосын бүгін Ақорда жариялады. 

 
Соғыстан әбден қажыған әйелдер мен кішкентай ұл-қыздардың елге оралуына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, енді оларды алда не күтіп тұрғанын айтты. -Құтқарылғандардың барлығы әйелдер мен олардың шиеттей бала-шағасы. Қымтана киінген келіншектер кезінде күйеулерінің соңынан еріп, Сирияға аттанған. Бірақ оларды құтқару оңайға соққан жоқ. Алдымен, бірнеше ай бойы құпия келіссөздер өткен. Өйткені бұрын жатжерліктердің арбауында болған отандастарымызды бірнеше мемлекеттің аспанымен алып ұшу ұзақ келісімдерді қажет етеді. Тек содан кейін ғана Ақтаудан Сирияға арнайы ұшақ жіберіліп, Ұлттық қауіпсіздік қызметі тағдыр тәлкегіне түскендерді елге алып келді. 
 
Құтқарылғандар саны 47 адам. Олардың 11-і әйел, 30-ы 1 және 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
 -Олардың барлығы террористердің бақылауында болған. Біраз адамдар айтқанға алданып сол жаққа барды да көпшілігі сол жерде соғыстың арасында қайтыс болды. Ал, мына адамдарды біз мемлекет ретінде қолдау көрсетіп, бізге достық қарым қатынасы бар мемлекеттің көмегіменен Қазақстанның ұшағымен алып келдік. Қазір отанына оралғандар Ақтаудағы оңалту орталығында отыр. 
 
Ұзақ уақыт бойы қанды қырғынның ортасында жүргендер енді қоғамға сіңісіп кетуі үшін олармен теологтар мен психологтар жұмыс істеп жатыр.
 
 -Сейчас у меня такое ощущение, что я многим обязана Казахстану. Я не знаю, то ли мне плакать, то ли мне смеяться, я в шоковом состоянии была. Қатты қуандым. Я была в таком ощущении как будто я предала свою страну. Моя страна меня не оставила, вернула. 
 
Осылайша әйелдер оңалту орталығында бір ай өмірге қайта бейімделуі тиіс. Кейін арнайы қызметтің жат діннің шырмауына түскендерден жауап алары белгілі. Сөйтіп, олардың  отбасымен бірге  шетел асуына кімдердің түрткі болғаны анықталмақ. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
 
-Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүрсе де қолдау болатынын көрсетіп отырмыз. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер мен балалардың қуанышында шек жоқ. Көз жасын олардың көрдік. Сондықтан осы шаруа басқаларға тиісті мәлімет береді. Және болашақта мұндайдың болмауына жағдай жасайды. Келген адамдар көрген қиыншылықтары мен зардабын кейін айта жатар. 
 
Арнайы қызмет соғыс ошақтарында жүрген жерлестерімізді елге қайтару ісін жалғастыра бермек.