Алматыда ҰҚК шекара қызметінің офицері, полковник Сергей Смицких сарбазды гранатаның жарылуынан құтқарып қалды.

19 маусым күні шекара қызметіне қарасты 2027 әскери бөлімінде полковник Сергей Смицких жақында ғана әскер қатарына алынған сарбазды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Сергей Смицких граната лақтыру аумағында басқарушы болып тағайындалып, сарбаздарды жертасадан граната лақтыруға үйреткен. Ведомстоның мәліметінше, сарбаздар алдын ала мұқият үйретіліп, автоматизмге дейін жеткізілген іс-қимылдарды кезегімен орындап жатқан.

Шекара қызметінің баспасөз қызметі сабақ кезінде бір сарбаздың сасқалақтап, қолындағы шығыршығын суырып қойған гранатасын аяғының астына түсіріп алғанын атап өтті. Мұны байқаған полковник Смицких бірден гранатаны жұлып алып, оны қауіпсіз жерге лақтырып, сарбазды өз денесімен жауып, қорғап қалған.  Граната қауіпсіз жерде жарылды.

Алайда жертасаның қабырғасын жанап өткендіктен, екі әскери қызметкер де түрлі жарақат алды. Баспасөз қызметінің мәліметінше, полковник пен сарбазға алғашқы көмек көрсетілгенін, қазіргі уақытта ҰҚК әскери госпиталінде екендігін жеткізді.

 Дереккөз ;ktk.kz