Шоктан шыға алмай, есеңгіреп қалыпты! Bek Air басшылары төрт күн бойы тырп етпей үнсіз қалғанын осылай түсіндіруге тырысты.

Жұмадан бері тыныш жатқан компаниядағылар әуе апатына қатысты алғашқы болжамын  айтты. Бірақ қаза болғандар мен баспанасы қираған отбасыға өтемақы төлеуге құлықсыз. Есеңгіреп қалған басшылардың уәжін КТК тілшісі тыңдап келді.


Қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған әуе апатынан кейін Bek Air басшылары бүгін алғаш рет сұхбат берді. Төрт күннен бері қаза болғандарға қайыр айтып, жараланғандардың көңілін сұрауға жарамаған компания әбден есеңгіреп, «шоктан енді шықтық» деп ақталды.

Нұрлан Жұмасұлтанов, BEK AIR әуе компаниясының қожайыны: - Эфирде болған жоқпыз. Болған оқыс оқиғадан есеңгіреп, есімізді жинай алмай қалдық. Өйткені бұл оқиға бізге тікелей қатысты.   Алайда осы уақытқа дейін олардың қайғырғаны емес, қалайда судан құрғақ шығудың жолын іздеп қарманғаны көрініп тұр. Өйткені бүгінгі отырысқа кілең ардагер ұшқыштар мен мамандарды шақыртып, әуе апатына өздерінің кінәлі еместігін барынша ұқтырғысы келді.

Сөздеріне сенсек, «Фоккер 100» ұшағының құлауына, әуежайдан бір минут бұрын көкке көтерілген басқа ұшақтың ауа ағыны себеп болған көрінеді. Қарапайым тілмен айтсақ, «Бек Эйрдің» ұшағы Эйрбастың екпінінен құйын ұрған қаңбақтай қаңғалақтап кеткен.

Ерік Сапаров, BEK AIR әуе компаниясы ұшу қызметінің директоры: - Бір жолақтан шығатын ұшақтардың ұшу жиілігі, кем дегенде, 23 минут болуы керек. Алайда сол күні біздің ұшақтан бір минут бұрын 90 тонна тартатын Эйрбас ұшағы Мәскеуге ұшты. Артынан 40 тонналық біздің ұшақ көкке көтерілді. Эйрбастың ілеспе ізінен «Фоккер 100» ұшағы тепе-теңдігін жоғалтты деген болжамымыз бар.

Халықаралық авиация комитетінің шешімін күтпей, өз бетінше болжам айтқан «БекЭйр» басшылары бар кінәні мейлінше басқаға бұрғысы келетін сияқты. Өйткені олар жер бауырлап сырғыған ұшақтың жолына үй салғандарды да айыптады.

«Егер ол жерде ешқандай ғимарат болмаса, адам өлімі болмас еді», - дейді. Тіпті баспанасы қираған отбасыға өтемақы төлеуге де құлықсыз. Өйткені құжаты жоқ үйге «көк тиын бермейміз» деп отыр. Нұрлан Жұмасұлтанов, «BEK AIR» әуе компаниясының қожайыны: - Үйдің құжаты болуы керек. Баспананың заңды салынғанын растайтын құжаттарын көрсетсін.

Заң бойынша ол жерге ешқандай тұрғын үй салуға болмайды. Үй былай тұрсын, әуе апатынан опат болғандардың отбасына да «Бек Эйр» тарапынан ешқандай өтемақы төлеу қарастырылмаған. Олар қаза болғандар мен жараланғандардың шығынын сақтандыру компаниясына сілтеп отыр. Тіпті әуе компаниясы қаржылай қолдау түгілі, қаза болғандардың отбасына көңіл айтуға да жарамаған. Әнуар Төлеубеков, BEK AIR әуе компаниясының директоры: - Жерлеу рәсіміне қатысып, көңіл айтуға не кедергі болды?

- Кедергі болған жоқ. Әлі де көңіл айтамыз, туысқандарына барып, кешірім сұраймыз. Алдында айтып өткендей, қатты есеңгіреп, енді ес жиып отырмыз.   Ұшақ апатына қатысты үш түрлі болжамын бүгін Ішкі істер министрі де айтты.

Ол – ұшқыштың қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызметтердің дұрыс жұмыс істемеуі. Сондықтан тергеу тобы қираған әуе кемесінің қалдықтарын тазалап, оқиға орнында зерттеу жүргізіп жатыр.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: - Тергеу бойынша бізде үш болжам бар. Қазір 56 техникалық сараптама өткізіп жатыр. Ұшақты жасаған зауыттан мамандар келді. Олар біздің сарапшылармен жұмыс істеп жатыр. 12 жолаушының өмірін жалмаған апаттың нақты себебі анықталмайынша, «Бек Эйр» әуе компаниясының жолаушы тасымалдауына тыйым салынып, лицензиясы тоқтатылды. Ал басшылары бір де қызметкер ақысыз еңбек демалысына жіберілмейді деп сендірді.


Дереккөз :ktk.kz