Қару ұрлады делінген кіші сержант Абылай Балғынбайға қатысты ел түрлі пікір білдіріп жатыр.
 
Біреуі сарбаздың «сазайын тартқызу керек» десе, өзгелері «әскери жаланың құрбаны болғанына» сенімді. Абылайды танитындар оның «қару ұрламақ түгілі, тірі жанға зияны жоқ» деп қорғауда.
Тойбек Бейсен, Абылай Балғынбайдың ұстазы: - Көзқарасым – ол бала өте тәрбиелі, тәртіпті. Дәл мынау істеген тірлігін естіген кезде есімізді жинай алмай қалдық.  Ол баланың қолынан ондай тірлік келуі мүмкін емес. Абылайға жала жабылған сияқты боп тұр.
 
Өйткені Абылайдан ондай шығатына сенбейміз, оның ата-анасын да білеміз. Мұғалімдері мен қоса көршілері мақтаған әскери жігіттің ата-анасы тілшілермен мүлдем тілдескісі жоқ. Үйдегі төрт ұл, бір қыздың үлкені Абылай төрт жылдан бері әскери  бөлімде жұмыс істейді екен.
 
Былтырдан бері бөлімше командирі болған кіші сержанттың жұмысында да абыройлы болыпты. Бірақ ел мақтаған жігітті Қорғаныс министрлігі жақтап отырған жоқ. Оның жұмыс орнын өз еркімен тастап кеткенін және тастап қана қоймай, қыруар оғы бар 30 автомат пен 27 тапаншаны «арқалап әкетті» деп дабыл қақты.
 
Кеше күні бойы ізделген ол ақыры кеш бата Алматыдан бір-ақ шыққан. Уатсап месенджерінде тарап жатқан фотоларда онымен бірге бірнеше адам ұсталған сияқты. Тіпті қару мен қомақты қаражатты да байқауға болады. Десе де, кешелі бері елді дүрліктірген оқиғаға бірде-бір министрлік, не ведомство мәлімдеме жасаған жоқ.    

Дереккөз : ktk.kz