Шекарашылар Алматы қаласының халықаралық әуежайында елден 400 мың АҚШ долларынан астам қаражатты әкетпек болған жолаушының жолын кесті, деп хабарлайды ҰҚК-нің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, бұл факті 15 наурызда тіркелген. Қомақты ақшаның бір бөлігі тексеріс кезінде қос түбі бар сөмкеде жасырылғаны анықталған.

 Жалпы 2022 жылдың 25 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҰҚК-нің Шекара қызметі декларацияланбаған сомасы 900 миллион теңгеден асатын қолма-қол ақшаны елден әкетудің алдын алған.

Осы орайда ҰҚК-нің Шекара қызметі шетелге шығу кезінде құқық бұзушылықты болдырмау үшін еліміздің қаржы заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін еске салады.

 Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы" қаулыға қол қойған еді.

Оған сәйкес, Қазақстаннан 10 000 АҚШ долларынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын, Ұлттық банк шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 және 100 грамм алтын құймаларын, алтыннан жасалған "ALTYN BARYS" және күмістен жасалған "KÚMIS BARYS" инвестициялық монеталарын, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынады.

Кейін Ұлттық банк президенттің қауылысын түсіндірді. Сонымен қатар, Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті заң бұзғандар қандай жауапкершілікке тартылатынын айтып берді.