Газдың ресурстық базасын кеңейтуге қатысты ынталандыру қадамдары керек.

Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті.

«Жақын болашақта тауарлы газдың негізгі өндірушілері ретінде Қашаған, Қарашығанақ, Теңізшевройл болып қалады, оларға тауарлы газ ресурстарының жалпы көлемінің 64 пайызы тиесілі. Өз құрылымы бойынша Қазақстанда өндірілетін газ ілеспе мұнай газы болып отыр, ол негізінен өңдеуге инвестицияларды талап етеді», - деді Б. Ақшолақов. 

Оның пайымынша, жер қойнауын пайдаланушылардың ресурстық базаны кеңейтуге мүдделілігінің төмендігін ескере отырып, тиісті ынталандыру шаралары қажет.

«Осыған байланысты, газ жобаларына арналған ынталандыру шаралары арқылы еліміздің ресурстық базасын толықтыру туралы мәселе өзекті болып тұр.

Қазіргі уақытта ресурстық базаны кеңейту үшін Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын үш кезекпен (1, 2 және 6 млрд текше метр) салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол 2030 жылға қарай тауарлы газ көлемін қосымша 6 млрд текше метрден асыруға мүмкіндік береді», - деді министр.

Осы орайда ол 2021 жылғы маусым айынан бастап қуаты 1 млрд текше метр болатын жобаның бірінші кезеңі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Бірінші кезеңді 2024 жылдың басында іске қосу ескерілген. 

«Аталған зауытты салу Кашаған жобасының 2-фазасын іске асыру аясында пысықталып жатыр. Ол мұнай өндірісін тәулігіне 400 мың беррельден 700 мың баррельге дейін өсіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, министрлік ресурстық базаны кеңейтуді ынталандыру бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр», - деді ведомство басшысы.

КТК телеарнасы