Шығыс Қазақстан облысында биылғы жазда су айдындарының жағасында мас күйде жүрген 30-дан астам адам жауапқа тартылды.

Облыс аумағында бірнеше күн бойы қатарынан ыстық ауа райы сақталуда. Соған орай ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, полицейлер мен көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері су айдындарындағы патрульдеуді күшейтіп, Бұқтырма су қоймасындағы шағын көлемді кемелердегі қауіпсіздік шараларының сақталуына рейд жүргізді.

Белгілі болғандай, көп жағдайда өңір жұртшылығы жүзу құралдары мен катамарандарға құтқару кеудешелерін кимей отырады, шектеу белгілерінен тыс жерлерге жүзіп кетеді, балаларын қараусыз қалдырады және су айдындарының жағалауында спиртті ішімдіктер ішеді.

«Жаз шыққалы бері барлығы 3 мыңға жуық рейд жүргізілді. Соның нәтижесінде, 7 мыңнан астам демалушы қамтылып, оларға су айдындарындағы тәртіп ережелері түсіндірілді. Биылғы шомылу маусымында батып бара жатқан 7 адам құтқарылды.

Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 6 адам ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша, ал алкогольді ішімдіктерді ішкені үшін 34 адам 440-бабымен жауапқа тартылды», - делінген ақпаратта. Айта кетейік, маусым айынан бері Шығыс Қазақстанда 6 адам суға батып кеткен.

Дереккөз: ҚазАқпарат