Шымкентте отбасылық жанжал кезінде өз баласын пышақтап өлтірген ер адам психиатриялық стационарда мәжүрлі түрде емделетін болды.

Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық сот отырысында қаралды. Ер адамға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен (Адам өлтіру) айып тағылды.

 Оқиға өткен жылдың 30 қарашасы күні сағат 20:00 шамасында болған. Қалалық сот мәліметінше, психикалық аурумен ауыратын ер адам спирттік ішімдік ішкен. Мас халде өз үйінде туған ұлымен жеке бас араздықтың салдарынан пайда болған ерегіс кезінде асханалық пышақпен баласына бірнеше рет жарақат салған.

Алған жарақат салдарынан 28 жастағы жігіт қайтыс болған. Сот сараптамаларымен, заттай дәлелдемелермен және куәлердің жауабымен оның кінәсі дәлелденген. Сот отырысында прокурор айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, бірақ қылмыстық жауаптылықтан босатып, психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шараларын қолдануды сұрады. Жәбірленуші мен қорғау тарабы прокурордың осы ұстанымымен келісті.

«Сот оның қоғамдық қауіпті әрекетті жасаған кезде есі дұрыс емес күйде болғанына байланысты қоғамдық қауіпті әрекетті жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасын қолданып, қылмыстық істі өндірістен тоқтатты. Қаулы заңды күшіне енген», - делінген қалалық сот мәліметінде.