Қазір өзгерістерге бейімделе білу және заман талабына сай жаңа нәрселерді үйрену — жақсы қасиет. Алайда адамзат прогресі әрқашан жақсаруға әкеле бермейді. Мысалы, соңғы кездері әлемде көпшілікті ойландыратын тенденция байқалуда: адамдар қолмен жазудан бас тартып жатыр.  
АҚШ, Германия және Финляндияда бастауыш сыныптарда көркем жазу тек факультатив түрінде қалса, кей елдер балаларды тек балабақшада ғана қолмен жаздыру керек деп ұсынып отыр.
Яғни, бала балабақшада жазудың кей негізгі базалық дағдыларын үйреніп, содан кейін жазбаша мәтінді көрмейді. Ал 1-сыныптан бастап оқушыларға пернетақтадан теруді және сенсорлық тақтада жұмыс істеуді үйретеді.
Алайда ғалымдар қолмен жазудың адамға пайдасы зор екенін айтуда. Толықтай пернетақтада теруге көшу қандай жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін?
 
1. Оқу қиынға соғады
 
Адам жазбай кетсе, ол нашар оқитын болып кетеді және ойын дұрыс жеткізе алмайтын болады. Сондай-ақ координация мен моторика нашарлай түседі. Себебі қолмен жазу кезінде сенсорлық түйсіктерге және сөйлеудің қалыптасуына жауап беретін ми бөліктері қатысады. Тез жазатын адамдар тез оқитынын дәлелдеген зерттеулер де бар. Сөздерді құруға және әріптерді анықтауға жауап беретін ми бөлігі — Брока орталығы қолмен жазатындарда жақсы дамыған.
 
2.Көзбен өлшеу нашарлайды
 
Жазбайтын балаларда көзбен өлшеу нашар дамығаны нақты белгілі. Осылайша, керісінше, көз мөлшерімен проблемасы бар адамдар әдемі және жылдам жаза алмайды. Мұны адамдар ертеде де байқаған, сондықтан Қытай, Жапония және араб елдерінде садақшылар қатарына адам таңдау кезінде көркемдеп жазатындарға мән берген.
 
 
3. Жазбаша тану нашарлайды
 
Зерттеулер өздері қолмен жазбайтын адамдар жазбаша мәтінді нашар танитынын дәлелдеген. Мысалы, жазуды білмейтін балаларға мәтін жай шимай болып көрінеді. Жазбаша тануды бағаламаудың қажеті жоқ. Себебі жазбаша мәтінді оқу кезінде мидың көп бөлігі іске қосылады.
 
4. Сауаттылық нашарлайды
 
Қолмен жазбай кетсеңіз, орфография, пунктуация және грамматика маңызды болмай қалады. Қазір барлық гаджеттер қателерді автоматты түрде анықтап, жөндейді. Ал бұл сізді босаңсытып жібереді. Уақыт өте адамдар өздігінше мәтінді сауатты жаза алмайтын болады.
 
5. Өз ойыңызды жеткізу қиындай түседі
 
Қолмен жазуды тоқтатсаңыз, өз ойыңызды нашар жеткізетін боласыз. Қолмен жазатын адам қаламы параққа тигенге дейін ойында мәтінді реттеп алады. Жазу кезінде абстрактылы ойлаудың жоғарғы түрі іске қосылады. Ал компьютермен мәтін теру кезінде ол жоқ. Себебі сіз кез келген уақытта мәтінді өшіріп, өзгерте алатыныңызды біліп тұрасыз.
 
6. Қиял нашарлайды
 
Қолмен жазатын адамдар ойында көптеген жағдайларды, кейіпкерлерді және әрекеттерді елестетеді. Шығарманы қолмен жазу кезінде ойдан туындаған кейіпкерлер бейнесі анығырақ болады. Ал дәл сол мәтінді теру кезінде ол үстірт және күңгірт болуы мүмкін.
 
7. Оқу үлгерімі төмендейді
 
Жазу білмейтін балалар нашар оқитын болады. Есте сақтау қабілеті де нашарлайды. Ғалымдар компьютерден тергенге қарғанда қолмен жазылған оқу материалы жақсырақ жатталатынын анықтаған. АҚШ психологтары Пэм Мюллер мен Дэниель Оппенгеймер компьютерден мәтін терген студенттер егжей-тегжейлі жазбалар жасайтынын анықтаған. Бірақ материалды қолмен жазғандар оны жақсы есте сақтайтыны байқалған.
 
А. Жапатова