Фариза Амангелдіқызы

- Бағана хабарласқанымда жатақханада бөлмемдемін деп едің ғой.
- Аға, кешіріңізші. Сізді ұрсады ма деп...
- Жүр, қайтамыз.
Дидарлым үнсіз ағасының алдына түсті. Жанындағы құрбылары қалды да ол жалғыз өзі ағасымен бірге жатақханаға қайтты. Ағасы да жалғыз емес. Жанында бірге оқитын жігіт бар. Дидарлым сол жігіттен ұялып келеді. Неге екенін, сол жігіт Дидарлымнан көз алар емес. Әр қимылын қалт жібермей көзбен тесіп барады.

Дидарлым да соны сезді ме, тезірек жатақханаға жетуге асықты. Ағасы жол бойы үндемеді. Тек жатақханаға келгенде ғана сөйледі:
- Дидар! Маған ренжіме. Мен сені қыдырмасын демеймін. Дұрыс, қаланың көркі керемет. Қызықпау мүмкін емес. Бірақ менен ешқашан жасырма. Қайда баратын болсаң да, маған ескертіп отыр. Мен хабардар болып отырайын!
- Жарайды, кешіріңізші мені.
- Ендеше бөлмеңе бар. Жақсы мен кеттім.
Жанындағы жігіт те үнсіз теріс бұрылып Дамирмен бірге ілесті.
- Дамир. Бұл сенің туған қарындасың ба?
- Иә
- Үш жыл бірге жүріп, неге айтпағансың?
- Нені айтам? Қарындасым бар деп мақтанамын ба? Қызық екенсің. Қарындас бәрінде бар емес пе? Оның үстіне сен неге сонша қызығып қалдың?
- Жәй сұрағаным ғой, - де қипақтап қалды досы.
Осыдан кейін ағасының досы Нұржан Дидарлымның жатақханасына көп келетін болды. Тіпті ағасы болмаса да жалғыз келіп кетеді. Осында жұмысым бар еді, кетіп бара жатып жолай соғып кетейін дедім, деп сылтауратады. Кейде осында бір туысым бар еді дейді. Әйтеуір, екі күннің бірінде осы жатақхана алдынан табылады да тұрады. Дидарлым бір күні ағасына хабарласып, досының күн ара сында жүретінін айтты. Дамир алғашында ешнәрседен сезіктенбесе де, Нұржаннан сұрауды жөн көрді.
Оқу аяқталып сыртқа шыққан олар көше бойындағы орындыққа отырды.
- Нұржан, қыздар университетінде туысың оқитын ба еді?
- Жоқ, неге сұрадың?
- Онда неге ол жаққа күнде барасың?
- Ол жақта нем бар? Кім айтып жүр?
- Біздің Дидарлым айтып жүр.
Қызарақтап қалған Нұржан не айтарын білмей састы да қалды.

Дамир Нұржаннан сезіктеніп қалды. Ыржалақтап күле бергенінен-ақ мән-жайды ұққандай болды.
- Нұржан, біз бірге оқып жүрміз. 3жыл болды бірге жүргенімізге. Ажырамас дос болдық. Бірақ менің қарындасыма көз салғаныңды қой. Ол әле жас. Енді ғана оқуға түсті. Оның сабақ оқудың орнына жігітпен миы ашығанын қаламаймын.
- Жоқ а бауырым, не деп отырсың? Көз салғаны нес?
- Мені байқамайды деймісің? Алғаш көрген күні-ақ сұрап едің ғой Дидарлымды.
- Мен жәй...
- Нұржан, сені жаман жігіт деп отырғаным жоқ. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Дидарлымның сабақ оқуы керек. Мені түсінесің деп ойлаймын.
- Әрине, - деп үнсіз қалған Нұржан іштей қуанды. Досының бірден бетін қақпай, уақыты келеді дегеніне ішінде бір үміт жылт ете қалды. Расында Нұржан соңғы кезде біртүрлі Дидарлымды ойлай беретін болды. Кішкентай ғана сары қыз күлімдеп көз алдынан кетпей қойды. Не болса да бәрін ішіне сақтап Нұржан жарты жыл уақытын Дидарлымды ойлаумен өткізді. Сезімі күшеймесе, толастаған емес. Оны Дамир де сезіп жүрді. Сондықтан, кейде қарындасына келетін кезде бірге ертіп келіп жүрді. Бұндай күні Нұржанның езуі жиылмайды. Солай уақыт өтіп жатқанда кезекті оқу жылы да аяқталды. Дидарлым ауылға қайтатынына қатты қуанды. Екі семестр бойы үздік нәтижемен сынақ тапсырған ол, ата-анасына мақтануға асықты. Тек Нұржан ғана үш ай бойы ғашығын көре алмайтынына көңілі құлазып, үнсіз жүр.
- Ал, сау бол бауырым. Бұйырса келесі оқу жылында кездесеміз,-деп Дамир қолын созды.
- Иә, әрине. Жақсы жолдарың болсын,- деп шығарып салды. Автобусқа отырған ағалы-қарындас Нұржанға қол бұлғап ауылға қайтты. Ал, Нұржан "Дидарлым ауылына барып басқаны ұнатып қалмаса екен, неге сезімімді білдіріп қалмадым, тым болмаса есіне алып жүруші еді " деп іштей өзін жегідей жеп қалды. Нұржан осы Алматының жігіті болатын. Ал Дамир мен Дидарлым оңтүстіктен. Автобуста Дамир қарындасының ойын білгісі келіп:
- Осы Нұржан өте қарапайым жігіт. Қалалық деп ешкім ойламайды. Дөрекілігі жоқ,- деді.
- Осы досыңыз дым ұнамайды маған. Өте жуас. Жігіт болып жөні түзу сөз айта алмайды, күле береді.

Үнсіз қалған Дамир іштей бір мәнісі болар деп ойлады да қойды. Бірақ қарындасының әлдекімнің жетегінде кетпей болашақта Нұржан сияқты жігітке тұрмысқа шыққанын қалайды. Осылайша ертеңіне таңертең ауылға жеткен олар автобекеттен түсіп, таксилетіп үйге келді. Ата-анасына тосын сый болсын деп келетіндерін де ескертпеген. Сыртқы қақпадан кіргені сол еді, әкесі жұмысқа жиналып жатыр екен. Есік алдында аяқ киімін киіп тұр.
- Пап, - деп мойнына асыла кеткен қызын көріп әкесі абдырап қалды.
- Өй, сендер қайдан жүрсіңдер? Жағдайың қалай қызым? Оқу аяқталып қалды ма? Балам?- деп кезек-кезек бетінен сүйді.
- Мама қайда?
- Сиыр сауып жүрген. Әй, Зәмзә? Балалар келді.
Осылайша бірден қуаныш сыйлаған олар бауырлары мен ата-аналарына қаладан әкелген сыйлықтарын үлестіріп, мәре-сәре болып жатты.
Екі-үш күннен соң Нұржан хабарласты. Аз-маз аманшылықтан әрі аса алмай тұр. Дидарлымды сұрауға бата алмады. Дамир түсініп тұрса да ағалық жолмен үндемеді. Демалыс керемет өтіп жатты. Екі студентті ағайын-туыс кезегімен қонаққа шақырып, олардың қолдары қыдырудан босамады. Жылда ағасына осылай құрметтеп шақырғанда қарындасы да қызығып мен де оқуға түскенде осылай барамын деуші еді. Айтқаны келді. Солай қыдырып жүргенде Дидарлым ойда-жоқта бір жігітпен танысты. Бір жылдықтарын тойлаймыз, бас қосып отырайық деп Дидарлымның сыныптастары кішігірім отырыс ұйымдастырды. Кім біледі ағасы білгенде жібермейтін бе еді, ол көрші ауылға туысының үйіне кеткен болатын. Қызының көңілін қимай әкесі рұқсатын берді. Отырыс көңілді өтіп жатты. Қазақсанның әр қаласына оқуға түскен сыныптастар студенттік өмірдің қызығын айтып улап-шулап отырғанда есіктен бір сыныптасы кіріп келді. Жанында өздері секілді бір жас жігіт бар. Таныса келе ол әлгі сыныптасының бірге оқитын группаласы болып шықты. Көрші ауданның жігіті екен. Төрге келіп жайғасқан жігіттің екі көзі Дидарлымда. Дидарлым да соны сезгендей, қайта-қайта шашын түзулеп қипақтай берді.

Не керек, сол отырыстан соң Дидарлым әлгі жігітті ойлай беретін болды. Отырыста танысып үлгермесе де, тіпті есімін біле алмаса да, бейнесі көз алдынан кетер емес. Жымыңдаған ойнақы көздері баурап алды. Екі күннен соң Дидарлымды іздеп 2-3 сыныптасы келді. Арасында әлгі жігіт бар. Ұялып, қызарып Дидарлым сыртта сәкіде біраз отырды. Анасы үйге шақырып еді, балалар аулада отырғанды жөн көрді. Танысудың реті енді келді.
- Жанболат, - деп қолын созды жігіт.
- Дидарлым,- деді қызарақтап.
- Білемін, отырыстан соң сен туралы сұрастырып жүрдім.
Мына сөздерді естіген қыз іштей қуанып, әрі қымсынып аузына сөз түспей қалды. Осыдан соң Дидарлым мен Жанболат жақсы араласып кетті. Ағасы жоқта кездесіп те келіп жүрді. Тек анасы қызына сеніп, ертерек қайтуын қадағалап отырды. Жанболат та Алматыда оқиды екен. Абай атындағы педагогикалық университетте. Енді бірге барып бірге келетін болыппыз ғой қалаға деп ойлады қыз. Осылайша басы бақыттан шыр айналып жүріп жазғы демалыстың қалай өткенін де байқамай қалды. Қалаға қайтатын уақыт жақындады. Дидарлымның бар ойы Жанболатпен бірге шықса ағасы не дейді екен деп ойлады. Ағасы ешнәрседен хабары жоқ, заттарын жинастырып, дайындалып жүр.
- Дидар, мен ертерек шыға берейін, сен оқу басталарда барасың. Ерте барғанда не істейсің? Мен дипломдық жұмысымды жетекшіммен бірге ақылдасуым керек.
- Жарайды, онда сіз бара беріңіз,- деп қуана кетті қарындасы. Іздегенге сұраған. Жанболатпен бірге шығатын болдым деді іштей. Тіпті, былтырғы жылғыдай оқуға құлшынысы да жоқ. Тек сымбатты жігітпен бір қалада оқитынына мәз.
Ертеңіне ағасы жол жүріп кетті. Еркіндікті енді сезінгендей қарындасы кеудесін кере дем алды да, Жанболатқа хабарлама жазды. Екеуі бүгін түстен соң ауыл шетінде кездеспекші.

Дидарлым анасынан рұқсат алып Жанболатпен кездесуге шықты. Ағасы қалаға кетті, әкесі жұмыста. Өзін еркін сезініп, тым жайбарақат. Кездесуге уақытынан бұрын келген қыз жігітін күтіп біраз отырды. Жанболаттың қарасы көрінбейді. Бұл кездесулері алғашқысы емес. Сондықтан, жігіттің кешіккеніне Дидарлым ренжи қоймады. Жұмыстары шығып қалған болар деп ойлады. Арада тағы бірер сағат өтті. Дидарлымның көңілі түсіп, қайтуға жиналды. Осы кезде манағыдан бері өшірулі тұрған Жанболаттың телефонынан хабарлама келді. "Дидарлым, ренжіме мен асығыс қалаға шығып кеттім. Жеткен соң хабарласам".
Мына хабарды оқыған қыз тіптен көңілі түсіп, үйге қайтты. Әкесінен бұрын келгеніне қуанған ана байғұс шыр-пыр болып жүр.
- Қызым, қазір әкең келеді. Киіміңді ауыстыр. Үйді жинап шықшы,- деп шаруаға араластырды.
- Мам, мазам болмай тұр. Біраз демаламын.
- Не болды, ауырып тұрсың ба?
- Иә, басым ауырып тұр.
- Бері қара! Тыныш па әйтеуір?
- Нені тұспалдап тұрғаныңызды сезіп тұрмын. Уайымдамаңыз, мен ондай ақымақ емеспін. Оның үстіне Жанболатпен бүгін кездескен жоқпын. Мен жата тұрайыншы біраз,- деп қызы өз бөлмесіне кетті. Үнсіз тұрып қалған анасы кешкі асқа кірісті. Кешкі асқа да келмеген қыз, бөлмесінен ертеңіне бір-ақ шықты. Сол смстен кейін Жанболаттан еш хабар жоқ. Телефоны өшірулі тұр. Дидарлым қатты қапаланып, енді оны ойламауды шешті. Аз қалған демалыс күндерін үйде ата-анасы мен бауырларының жанында өткізді де, сабақ басталатын уақытта қалаға жол жүріп кетті. Жанболаттан бірде-бір хабар ала алмады. Сабақтың басталып кеткеніне де бір-екі ай болып қалды. Ағасы мен Нұржан келіп тұрады. Дидарлым қайтадан тек сабаққа ден қойған. Еш нәрсе ойлауға шамасы жоқ. Бос уақытын тағы да кітапханаға арнады. Бір күні кеш болғанда кітапханадан шығып келе жатып жатақхананың сыртқы қақпасының жанынан Жанболатты көріп қалды. Алғашында маған келді екен деген ой жылт ете қалды. Бірақ сыпайылық сақтап, ешнәрсе деместен жанынан өте берді. Жанболат тіпті Дидарлымға бұрылмады да.
Жалғасы бар...