Фариза Амангелдіқызы

- Сен әле жүрсің бе? Есің жайында ма Гүлнұр? Мен мейрамханаға тапсырыс беріп, жігіттер мен келіншектерін жинап сені алып кетуге келдім ғой.
- Мен қазір, аяқтап қалдым...
- Таста қолыңдағыны. Жүр тез киін.
- Апам бәрін тазалап кет деген соң...
- Мам, мен бүгін отырыс болады деп ескерттім емес пе?
- Қатыныңның ыбылжыған сорлы екеніне мен кінәлімін бе? Тірліктерін бітірсе кете берсін. Өзі ғой былжырап жүрген.
Гүлнұрдың көзінен ыстық жас тамып кетті. Әділетсіз ененің сөздері сүйегінен өтіп, көңіл-күйі түсіп кетті. Бүгінгі кешке барғысы келмеді. Бейбарыстың жетектеуімен үйден әрең шықты. Бүгінгі кеш екеуіне арналса да, Гүлнұрдың мүлде көңіл-күйі болмады. Тезірек үйге қайтқысы келді. Кеш көңілді өтіп жолдастар көңілді тарқады. Бірақ осы күннен бастап Гүлнұр отырса опақ, тұрса сопақ бола бастады. Не істесе де енесі жақтырмай, басында тұрып қайтадан жасатады. Инедей нәрседен түймедей кір іздеп, анау дұрыс емес, мынау бұлай емес деп, тіпті асхананың тірлігіне де араласа береді. Тамақ жасап жатса жанында тұрып, салатын тұздың мөлшерін де айтып тұрады. Құры кетпей соңында, Гүлнұрдың анасына тіл тигізіп "ешнәрсе үйретпеген бишара шешесі" деп жанды жеріне тиіп кетеді. Мұндайда Гүлнұр тілін тістеп әрең шыдайды. Таңнан кешке дейін осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады, кешке сілейіп бөлмесіне әрең жетеді. Қатты шаршағандықтан күйеуіне де көңіл бөле алмай жүр. Соңғы кезде жиі-жиі жүрегі айнып, мазасы да болмай кетті. Мұның қайта-қайта лоқсып жүргенін көріп енесі қуанбақ түгілі пысқырып та қарамады. Өзінше жорамал жасап, келген күнін саусақпен санап, күдіктеніп те қояды.
Гүлнұр соңғы кезде тіпті жүдеп кетті. Тұңғышына аяғы ауыр екенін тест арқылы білді. Алғашқыда дәрігерге қаралмай, есепке тұрмай жүрді. Себебі, енесі ондайды ұнатпайды-мыс.
- Туылатын бала өзі-ақ туылады, ештеңесі жоқ. Біз сендей кезімізде ауыр-ауыр тірліктер жасағанбыз. Сонда қиналмай, оңай босанасың,- деп Гүлнұрды соңғы күндері жұмысқа жегіп қойды. Күздің ызғарлы күнінде далада суық суға кілем жуды. Үй жанындағы үш бөлмелі ас үйіне жөндеу жұмыстарын жасатпақшы болып еді, Бейбарыс қарсы болды. Бірақ, анасы Бейбарысқа қарсы келе алмайды. Әрқашан Бейбарыстың алдында қипақтап Гүлнұрға тісі өтпейді. Ондай кезде бар өшін күйеуінен алады. Ал қайынатасы құлағым тыныш болсын деп, жұмысқа кетіп құтылады.
Осылай жүргенде Гүлнұрдың босанатын уақыты таяп қалды. Бірақ жүктілік кезі өте ауыр өтті. Есепке де өте кеш тұрды. Дәрігердің тағайындауымен берген дәрілер де ішілмеді. Сол себепті, қан қысымы жоғарылап, енді босанатын уақыты келгенде ауруханадан бір-ақ шықты. Ұзақ тексерістен соң дәрігер Бейбарысты шақырды.
- Бейбарыс, осы ауданға танымал адамсың. Әкең де жақсы істерімен танымал. Келінді неге сонша қинап жібергенсіңдер? Қан қысымы көтеріліп ұзақ жүрген. Ешкімнен кем емессіңдер, тұрмыстарың жоғары деңгейде болса да, мен тағайындаған дәрінің ешбіреуін ішпеген.
- Не айтып отырсыз? Мүмкін емес, мен сұрағанымда жағдайым жақсы деуші еді ғой. Сонда қазір жағдайы нашар ма?
- Дәл қазір ештеңе айта алмаймын. Іштегі баланың өмірге келуіне әле бір ай бар. Бірақ, қан қысымы төмендемеген соң, ота жасау арқылы өмірін сақтап қаламыз.
- Ал бала ше?
- Білмеймін, қолымнан келгенше тырысып көремін.
Бейбарыс ары қарай дәрігердің не айтып жатқанын ұққан да жоқ. "Қалайша мен Гүлнұрға мән бермегенмін? Соңғы кезде қиналып жүргенін байқасам да, аяғы ауыр кезде сондай болады деген анамның сөзіне сеніп, қолымдағы гүлімді солдырып алыппын. Кешірші мені Гүлім..."
Бейбарыс ащы өксік тығылған тамағын бір кенеп жіберді де:
- Қалайда Гүлнұрым аман шығатын болсын,- деп ота үшін рұқсатнамаға қол қойды.
Ертеңіне ота жасалды. 8 айлық сәби өлі туылды. Гүлнұрдың жағдайы да мәз емес. Оның тәні емес, жан-жүрегі ауыруда. Қанша арман-үмітпен 8 ай жүрегінің астында сақтаған сәбиінен айырылу оңайға соқпады... Жылады, сықтады, налыды... Бірақ қолдан келер қайран жоқ, Алла өзі беріп, жарық дүниені көрсетпей өзі алды. Алланың ісіне мойынсұнудан өзге шара жоқ. Ауруханадан бір айдай уақыт емделіп шыққан Гүлнұр Бейбарысқа осы жақтан төркінге апаруын өтініп еді, енесі рұқсатын бермеді.
- Төркініңде не бар? Үйде бәрі сені күтіп отыр. Жағдайыңды сұрай келіпті. Соларды күтіп-шығарып салмаймыз ба?
- Жағдайымды білгісі келетіндер ауруханаға неге келмеді. Сіздің үйіңізде тәтті-дәмді бір күндік асын ішіп кетуге келгендер екені бесенеден белгілі емес пе? Сіздің өзіңіз ота жасалғаннан кейін бүгін қараңызды көрсетіп тұрсыз емес пе? Бармаймын үйіңізге, анамның жанына барамын.
Енесі келінінен мұндай сөздер есітем деп ойламаса керек жалт қарады. Бейбарыс та Гүлнұрды қолтығынан сүйеп келе жатып бетіне қарап қалды.
- Мен, әлгі... Мен негізі келетін едім, Бейбарыс өзі... өзім барам деген соң, әлгі... деп қипақтап қалды. Бір жағынан қарасаң әрине Гүлнұрдың өкпесі де орынды. Екі жеті қансырап тұра алмай жатқанда өзінің анасы келіп қарады. Енесі тіпті қоңырау шалып та жағдайын сұрамады. Онымен қоймай құдағиына барып "қыздарың ауру, бала көтергенімен тұрақтамайды" деп кеткен. Оның бәрін жіпке тізе берсе енесінің көзге көрінетін-көрінбейтін қылықтары жетіп артылады. Бәріне үнсіз шыдаған Гүлнұр бүгін жарылды. Ащы өксікпен бірге енесіне деген өкпесі тілінен запран болып ақты. Дегенмен, Бейбарыс өтінген соң ғана өз үйіне келді. Анасына хабарласып бармайтынын айтты да, кезінде сыйлыққа бергенде сонша қуанған телефонын төсегіне тастай салды. Қарап отырып, қымбат заттың ешқашан бақыт бермейтінін білді...

 Гүлнұр анасымен сөйлесіп, жағдайы жақсы екенін айтты. Анасы қанша қызының сөзіне сенгісі келсе де, көңілінде күдік болып, ертең барып қайтамын деп шешті.
Гүлнұр сәбиінен айырылғалы мең-зең күй кешіп жүр. Ал Бейбарыс қанша дегенмен еркек қой, біраз күнін Гүлнұрдың жанына жалау болып жүрді де, қайта жұмысқа шықты. Гүлнұрдың үй іші Құдағиының келетінінен бейхабар болатын. Анасы таңертең қоңырау шалып жолға шыққанын айтты. Гүлнұр енесіне айтып еді, жақтырмаған сыңай танытып:
- О, тоба несіне келеді? Қызы дін-аман. Бір ай жатты ауруханада дем алып,- деді күбірлеп.
Есіктен кіріп-шығып жүріп есітіп қалған Гүлнұр тағы тілін тістеп тұрып қалды. Бірақ шыдамасқа болмады, енесінің соңғы сөздері шамына тиіп кетті.
- Жалғыз осының қызы өлі бала туғандай. Жұрттың қатындары да талай түсік тастайды. Өлмей-ақ жүр ғой. Қызын өбектегеннен басқа ештеңе білмейді екен тегі...
- Не деп отырсыз? Мені қойып енді анамды тілдеуге көштіңіз бе? Сөзім жоқ сізге, адамның баласы өліп жатыр ма, малдың баласы өліп жатыр ма қызықтырмады ғой сізді. Өзгенің баласы болса бір сәрі, өз немереңіздің шетінегеніне жаныңыз титтей де қиналмады ғой. Осыдан кейін қалайша Бейбарысты ұлым деп жақсы көресіз? Бейбарыстың баласы жарық дүниені көрмей жатып бізді тастап кетті.
- Ойпырмай, тілің шығыпты ғой сенің? Бір жылдан бері сүмірейіп жүріп, маған қарсы сөйлейтіндей қандай күш пайда болды сенде? Есіңде болсын, бұл үйде ешкім маған дауыс көтеріп сөйлемеген, сөйлемейді де.
- Иә, дұрыс айтасыз! Сізге ешкім бұлай сөйлемеген. Асылында, сөйлеткізбегенсіз. Атамды да жуастығын пайдаланып, осындай сөздеріңізбен жерге тығып біттіңіз. Бейбарыс анам деп сізге қарсы келмейді. Ал менің тілімді өзіңіз шығардыңыз. Осы үйге келгелі бері отырсам опақ, тұрсам сопақпын. Істеген ісімнің бірін де ұнатпайсыз. Баламды көтергелі бері тыныштық бермедіңіз. Тіпті ойлаудың өзі жиіркенішті болса да менің баламнан күдіктеніп немерем деп қарамадыңыз, саусағыңызбен күн санап қашан көтеріп үлгерді деп ұялмай төсегімізге дейін тексердіңіз.

 Гүлнұр соңғы кезде жүйкесі сыр беріп, қатты ашуланғаны сонша өзін-өзі тоқтата алмай қалды.
- Сіз қанша қиындық көрсетсеңіз де, оның біріне сөйлемедім, ене қашан да дұрыс айтады және үлкеннің айтқаның қашан да дұрыс деген ұстаныммен жүріп баламнан қалай айырылғанымды да білмей қалдым.
- Жоғал әрі, сенің балаңды мен өлтіріппін бе? Сіңірі шыққан кедейдің қанынан тарап алып, маған сес көрсетуін қарашы.
Осы кезде қақпа алдында үнсіз тұрған Құдағиы сөмкесін "сарт" еткізіп тастай салды. Жалт қараған екеуі үнсіз тұрып қалды. Гүлнұр анасының келгенін көріп, қуанып алдынан шықты. Сөмкесін алып, амандық-саулық сұрап қалбақтап жатыр. Енесі жақтырмағанын анық сездірді. Селсоқ амандасып, қолының ұшын берді де қойды.
- Мам, үйге кіріңіз. Қазір мен шәй қойып жіберейін.
- Жоқ қызым, тек жағдайыңды біліп кетейін деп келдім. Көрдім, аман-есенсің. Өзіңді күт. Бала бітер, Алланың көзі тура болсын. Отбасыларыңның берекесін алмайын.
- Оныңыз не? Берекемізді сіз алмайсыз ғой. Кіріңіз енді үйге мам.
- Қызым, басың аман болсын, бала үшін енеңмен бет жыртыспа. Енеңнің не кінәсі бар? Алланың ісі, амал жоқ. Есің бар еді ғой. Енеңді сыйла. Таспен ұрғанды аспен ұр деген. Енеңе сөйлегеніңді жеңгеңнің маған сөйлегені деп біл.
Соңғы сөздерін жоғары дауыспен, нықтап айтты. Онысы Құдағиы естісін дегені еді. Сол күйі үйге кірмей қоштасып шығып кетті. Гүлнұр үнсіз бөлмесіне кіріп кетті. Өмірінде алғаш рет осы шаңыраққа келін болғанына өкінді. Амал жоқ, өз қолын өзі кесе алмайды. Кешке дейін бөлмесінен шықпады. Кешке сүйретіліп, басын зорға көтеріп кешкі асқа кірісті. Қанша ауырып тұрса да тірліктерін аяқтап, кешкі асты да уақытында дайындады. Енесі құдағиының сөздерінен соң көп ойланды. Қанша өзініңкі дұрыс еместігін білсе де, көкірек шіркін жіберер емес. Мұрнын шүйіріп үйренген ол, әлі де менсінбеушілігі басым еді. Кешке Бейбарыс жұмыстан келді. Гүлнұрдың ісіп кеткен жүзіне көріп бірдеңенің болғанын сезді.

Жалғасы бар...