Ол кезде біз бала едік. Түсінуге болатын нәрселерді түсінуге тырыспадық па, әлде өмірдің өзі солай болды ма екен, әйтеуір көп жағдайды сол қалпында қабылдай салатынбыз. Ол уақытта мұғалімнің оқушыға ғашық болуы тосын оқиға саналушы еді ғой. Дүйім ауылды селт еткізген ескі әңгімені сіздерге жолдап отырмын. 

Оныншы сыныпта оқитын шағымыз. Ұлардай шулап, класта 8 жыл бойы жамырасып келген 39 оқушының жан-жаққа тарап, тентек ұлдардың ауылдағы сол күнгі жаңадан ашылған «беделді» оқу орны – ПТУ-ға кеткен кезі болатын. Оныншы класта қалған – 5 ұл, 15 қызбыз. Арамызда ертерек есейіп қалған қыздар да бар. Олар бізге күле қараушы еді. Соның өзі арман екен ғой, қазір ойлап қарасақ...

Әлі есімде. Мамыражай көктем уағы. Біздің мектеп терезелерінің бәрі тау жаққа қарайтын. Көк ала таулар күлімдеп қол бұлғап, әдемі көкжиек еріксіз елес әлеміне тартып әкететін. Қиялымыз ақ шаңқан бұлтпен араласып, сабақ өз жайына, мұғалім өз жайына қалатын. Сапар ағай бізге қазақ тілінен сабақ берді. Ол кісінің сабағында ешкім артық-ауыс сөз айтып, бөгде мінез көрсетуге қорқатын. Сапар ағай отбасы жоқ адам еді. Бар дәулеті – оқушылары, кабинеті және үйіндегі темекі исі әбден сіңіп кеткен кітаптары болатын. Адам деген қызық қой. Сапар ағайдың ақылға сыймайтын, үлкен түгіл кішіге ерсі әртүрлі қылықтары болды. Мысалы, ол кісі кабинетінің еденін жуған балаға «бес» қоя салатын да, келесі күні қатты ашуланғанда журнал бетін тесілгенше үйкелеп, қойған бағасын өшіріп тастайтын. Сабақта да көбінесе диуана мінез көрсететін шақтары аз емес-ті.

...Сұлтанмахмұт өлеңдерін өтіп жатыр едік. Неге екені белгісіз, басқа өлең құрып қалғандай, Сапар ағай махаббат тақырыбындағы өлеңдерді кезек-кезек оқыта бастағаны. Қырсыққанда «Ақ сәуле» өлеңін ешкім де оқымай қойды. Кезек маған да келді. Мен де өлеңнен бас тарттым. Сапар ағай ашуланып «екі» қойып жіберді. 

Бір күні ол Абай шығармаларының жинағын алып келді де: «Мен сендерге бал ашып беремін», - деді. Жерден жеті қоян тапқандай, ұл-қызымыз бірдей жарыса жүгіріп бардық. Мұғалімнің қолында – кітап. «Кез келген бір санды айтыңдар», - дейдің. Бірімізден соң біріміз айтамыз. Ол біз қандай санды атасақ, сондай нөмірлі бетті ашады да, тағы бір санды айтқызады. Енді сондайыншы жолда жазылған сөздерді оқып, бізге «бал ашады» да, өзі соған ырза болады. Баламысың деген-ау, сонда әлгіге кәдімгідей иланамыз. Желкілдеген аппақ арманның тылсым түкпірінен біреулер өзінің болашақтағы ханшасын, біреу ханзадасын тауып жатты ма екен... Бірақ сайып келгенде, былай шыға бере, бәрібір біздің Сапар мұғалімді сыртынан мазақтап күлетініміз жасырын емес-ті.

Қызықтың көкесі көктемгі емтихан жақындағанда болды. Мемлекеттік емтихан үшін «шығармаға дайындық» науқаны басталып та кетті. Сапар мұғалім бәрімізді тізіп алып, өз ойындағысын айта бастайды. Біз жазамыз. Тақырып та біреу, жиырма баланың шығармасының мәтіні де біреу. Алайда Сапар ағай қалайда өз ісіне риза. Наразылық білдірген бірлі-жарым оқушы «өзіміз дайындаламыз» деп, дайындық сағаттарына бармай қойды. Сөйте-сөйте, Сапар ағайдың алдында бар-жоғы екі-ақ оқушы қалды: Әлия мен Гүлім.

Күндердің күнінде класс ішінде «Сапар мұғалім Гүлімге хат жазыпты» деген қаңқу сөз бұрқ ете қалсын. Жүрегіміз тулап кетті. Енді ше? ОН бес жасар қызға елу жастағы мұғалім хат жазды деген не сұмдық? Бізге бұл ертегідегі құбыжықтан кем әсер етпеді. Бұған біз күлдік те, қорықтық та, сынадық та. Бірақ ештеңе түсінген жоқпыз. Бұл қалай түсінейін десең де, ешқандай ұғымға сыймайтын жайт еді.

Сапар ағай олай істейді дегенге сенбедік пе, әйтеуір ештеңе ұқпаған күйде үн-түнсіз бәріміз каникулға аттандық. 

Он бірінші класс табалдырығын едәуір есейген жүзбен аттадық. Бәрі ұмыт болғандай еді. Кенеттен тағы да өткен жылғы оқиға қайта бықсыды. Гүлім қазақ тілі сабағына мүлдем қатыспай қойды. Сөйтсек, былтырғы жылы Сапар ағайдың оған хат жазғаны рас екен. Хат болғанда да, ол өзі махаббат жайлы өлең болса керек. Көктемгі дайындық сабағының бірінде Сапар ағай Әлияның көзінше Гүлімге бір парақ қағаз беріп: «Мына өлеңді саған арнадым, оқышы», - депті. Ойында ештеңе жоқ, Гүлім де: «Маған арнадыңыз ба?» - деп қуана жұлып алса, өлең мазмұны ылғи «сүйдім, күйдім» екен.

Сапар ағай мұнымен де тоқтамапты. Жазғы демалыста көрші ауылда тұратын әпкесінің үйінде жатқан Гүлімге тағы да хат жазады. 

Гүлім соңғы хатты алғанда қатты намыстанды. Ал бізде осы жағдайдан соң Сапар ағай Гүлімге шын ғашық екен деген ой қалыптасты. 

Адам пенде болған соң, пендешілік жасамай тұрмайды ғой. Дегенмен де ағайымыздың жұмбақ сезімі бізге ой салды. 

Ол хатында Гүлімнің өзіне күйеуге шығуын өтініп, «менің үйім бар, магнитофоным бар» деп, өзіндегі бар-жоқтың бәрін тізіп шығыпты. Соны естігенде, Сапар ағайдың жапырайған үйі, анда-санда мектепке әкеліп жүретін көне магнитофоны көз алдымызға келе қалды. «Қартайған жалғызілікті шалдың ескі-құсқысы кімге дәру? Ұсқынына қарамай ма әуелі?» - дестік бәріміз. Содан бастап бәріміз мұғалім ағайымыздың әр сөзін, басқан ізін, көзқарас, көңіл-күйін жіті аңдитын болдық. Мектептегі тентектер одан басқа не істесін?

Бір күні еден жуып жүріп, класс есігін ішінен бекіттік те, ағайдың қозы қарын портфелін ақтардық. Ішінен умаждалған қағазға жазылған бір-екі шумақ өлең шықты.

«Болар ма артық қызық дүнияда,

Сенімен бірге бардым Индияға»...

Гүлімге арналған өлең екенін жазбай таныдық. Өйткені мектептегі кештерде Гүлім үнемі үнді биін билейтін. Мүмкін, Сапар ағай оның сахнадағы бейнесіне қарап отырып, қиялында Гүліммен бірге алыста жүретін шығар...

Көп ұзамай Сапар ағай бізге сабақ беруден босатылды. Ал біраз уақыттан соң мектептен біржола кетті. Себебі Гүлімнің ата-анасының арызы бойынша мектеп басшылығы ағайды жиналысқа салыпты.

Ырду-дырду, айқай-шу, ойын-күлкімен оқу жылы да аяқталды. Бір-бірімізді қимай, кластастар – ұлымыз бар, қызымыз бар – бәріміз жұбымызды жазбай би кештеріне баратын едік. Кезекті бір би кешінде Сапар ағай да жүрді. Ішіп алған. Ол ойда жоқ жерде Гүлімді вальске шақырғанда, біз де Гүліммен бірге жерге кіре жаздадық. Елдің көзі бізде еді. Бұдан соң біз үшін клубта одан әрі жүрудің мәні болмады да, қаздай тізіліп үйге қайттық. Сапар ағай да артымыздан ере шықты. «Гүлім бар ма араларыңда? Гүлім болса болды, басқа ештеңе де керек емес маған!» - деп дауыстап келе жатты ол. Ұлдар жағы оны сөзге айналдырып бөгеді де, біз қашып кеттік. Шынына келсек, біз Сапар ағайдан қорыққан жоқпыз, біз оның шау тартқан шағындағы ессіз сезімінен қорықтық. Бірақ ол дүниедегі ең бақытсыз сезім болатын.

Аз ғана уақыттан соң бәріміз арман қуып алысқа аттандық. Одан кейін Сапар ағайды көрген де емеспіз. Ұлдардың айтуынша, ол кісі ұзақ уақыт бойы Гүлімнің елесімен өмір сүріпті.

Ұлдар көпке дейін мұғалімнің махаббаты жайлы ұмыта алмай, әңгіме етіп күліп жүрді. Ауыл көшесін таптап текке жүрген шақтарында олар альбомдарынан Гүлімнің суретін тауып алып, Сапар ағайға апарып, сол үшін ағайдың үйінде «қонақ» болып қайтады екен. Ал ер балалар арасында төбелес, қақтығыс бола қалса, «Гүлімнің кластастарына неге тиісесіңдер?» деп, ағай да тұра жүгіретін болыпты.

Бұл күні әлдеқашан марқұм болған Сапар ағайымыздың сол бір сезімі жайлы олай да, былай да ойлап көремін. Мүмкін шын махаббат шығар, кім біледі? Сол бір бақытсыз жанға күлгеніміз бекер-ақ болды ма екен... Махаббат деген қасиетті сезім ғой. Бәлкім, ол сондықтан да жас талғамай ма екен...

                                                                       

    Ж.Мырзақұл  

                                                                            Alashainasy.kz