Қымбатты қыз-келіншектер, маған ақыл-кеңестеріңіз керек. Тәп-тәуір отбасым бар, 14 жыл болды тұрмыстамын, 4 балам бар.Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Күйеуім мені жақсы көретінін айтып "жаным, күнім "деп еркелетіп отырады, күндіз үйде болса, жанымнан шықпайды, түнде тыныштық бермейді. Бірақ мен оның көзіме шөп салып жүргенін білемін. Бір баласы бар жесір әйелге барып жүргенін, оның кім екенін де білемін. Жұмыс орнына барып әдейі ол келіншекті көрдім, менен еш жері артық емес, қай жеріне қызыққанын түсінбедім.

Күйеуімнің бала-шағасы бар екенін біле тұра кездесіп жүрген келіншекпен сөйлескім келді, бірақ батылым жетпей кетіп қалдым. Күйеуіме де оның оңды-солды жүрістері туралы білетінімді айтып тастағым келеді, бірақ ұрыс шықпасын, берекемізді қашырмайын деп үндемей жүрмін. Балаларымыз өсіп келе жатқан кезде әкелерінің мұндай қылығын біліп қалса қалай болар екен деген ой мазалайды. Жұмыстан кешіксе, сол қызбен бірге екенін біліп отырамын. Өзім де жақсы қызметте жұмыс істеймін, сымбатым да келіскен. Кейде ерегіскенде, ашуым келгенде біреуді ұстап алсам ба екен деп жаман ойлап қоямын, бірақ ондайды ұнатпаймын, арымнан аттай алмаймын. Басым қатып кетті, түк білмегендей жүре беруден әбден шаршадым...

 

Аноним 


alashainasy.kz