фото alash.kz

el24.kz 2025 жылдың 30 мамыр күні кешкі сағат 18:45 шамасында Құлсары қаласындағы "Ниет" жанармай құю бекетінде газ-ауа қоспасының жарылуы орын алды.

Оқиға кезінде бекетте жұмыс істеген ерлі-зайыпты — 43 жастағы Беркін және 40 жастағы Мирамгүл қаза тапты.Олардың төрт баласы жетім қалды.

Жарылыс салдарынан жалпы 14 адам түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында төрт бала да бар.

Жарылыс бекет аумағындағы жанармай құю станциясы мен оның маңындағы бірнеше ғимаратты қамтыды. Өрттің жалпы аумағы шамамен 450 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына шұғыл түрде Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің 60 қызметкері мен 10 техникасы тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары сағат 20:15-те оқшауланып, толықтай сағат 21:47-де аяқталды.

Жарылыс салдарынан маңайдағы алты көлік және бірнеше ғимараттар зақымданды. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, зардап шеккендердің төртеуі алғашқы көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді, қалғандары ем қабылдап жатыр. Қазір ауыр жағдайда жатқан науқастар жоқ.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов оқиға орнына келіп, жедел штабтың кезектен тыс отырысын өткізді. Әкімнің тапсырмасымен Атырау қаласынан арнайы күйік орталығы мамандары шақыртылып, зардап шеккендерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрттің таралуын тоқтату, зардаптарды азайту және халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Қазір жарылыстың себептері мен толық көлемі анықталып жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның мән-жайы құқық қорғау органдарының бақылауында.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Құлсары тұрғындары мен жақындарына көңіл айтылып, зардап шеккендерге жылдам сауығып кету тілегі білдірілуде.