el24.kz Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуға қатысты негізгі шешімдер мен ұсыныстарды әзірлеуді мемлекеттік органдарға тапсырды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Мемлекет басшысы 11 тамызда өткен кеңесте барлық құзырлы мекемелерге екі ай ішінде жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі нақты шешімдер мен ұсыныстарды дайындап, ұсынуды міндеттеді.

Тоқаев бұл технологияның елдің цифрлық трансформациясы мен экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол денсаулық сақтау жүйесінде ЖИ технологияларын енгізу, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік органдарды Aitu мессенджеріне көшіру мәселелерін де көтерді.

Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесіне бір ай ішінде ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде ұсыныс енгізу тапсырылды.

Елде ЖИ-ды дамыту шаралары алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, экономиканың түрлі секторларында тиімділікті көтеруге және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға бағытталмақ.