el24.kz  Қазақстанда 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдың орнына қоғамдық жұмыс тағайындау тәжірибесі енгізіледі. Бұл өзгеріс қайталанатын және қоғамдық тәртіпке елеулі зиян келтіретін құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылады.

Жаңа жаза кімдерге қолданылады

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоғамдық жұмыс мына жағдайларда тағайындалуы мүмкін:

Жол қозғалысы ережесін бір жыл ішінде бірнеше рет бұзу;
Экстрен қызмет көліктеріне жол бермеу фактісін қайта қайталау;
Жаяу жүргіншілердің жол ережесін өрескел бұзып, зардап келтіруі;
Қоғамдық орындарда қайта-қайта ішімдік ішу, мас күйінде жүру;
Ұсақ бұзақылық және қоғамдық тыныштықты бұзу.

Жаза көлемі

Құқық бұзушылықтың түріне қарай қоғамдық жұмыс көлемі 12 сағаттан 100 сағатқа дейін белгіленеді. Мысалы, экстрен қызмет көліктеріне жол бермеген жүргізушіге 40 АЕК (шамамен 157 мың теңге) айыппұлдың орнына 20 сағат қоғамдық жұмыс берілуі мүмкін.

Мақсат – тәртіпті күшейту

Министрлік өкілдері бұл шараның мақсаты – айыппұл төлеу мүмкіндігі жоқ адамдарды қатаң жазалау емес, қайта оларды қоғамдық жұмыс арқылы жауапкершілікке тарту екенін атап өтті. Қоғамдық жұмыс арнайы белгісі бар киімде, тұрғындар көретін орындарда атқарылады.

Теріс қылықтың алдын алу құралы

Жаңа жаза түрі құқық бұзушылық деңгейін төмендетіп, азаматтардың тәртіпке бағынуына әсер етеді деп күтілуде. Қоғамдық жұмыс жазасын орындамаған жағдайда, ол әкімшілік қамауға ауыстырылуы мүмкін.