Жалғасы...

Өрт

Мен өзімше қашудың жоспарын жан-жақты жасап, қалай, қайда кету керектігін де тыңғылықты ойластырып алдым. Бұрын құл болған қарасұрдың қолынан өлген елес-әруақтар мекен еткен тұзды көлден бес-алты шақырымдай қиғаш өтетін ескі жолдың сорабымен жүріп отырып, қала-аралық тас жолға шығуға болады екен. Біздің қыстаудан оған дейін 150 шақырымдай болып қалады. Әрине, мұндай жолды аяғына шынжыр кісен салынған, әлжуаз жүдеу біз сияқты адамдардың жүріп өтуі екіталай. Сонда не істемек керек?

Әрі ойлап, бері ойлап жолға дейін жаяу емес, салт атпен бару керек деген шешімге келдім. Мұнда қарасұр мінетін қарагер аттан басқа, қожайынның қызыл айғыры бар. Тұсау салынған қызыл айғыр жақын маңда жайылып жүреді. Ер-тұрманы үйде.

Жә, ат бар, енді керегі алыс жолға қажетті сусын мен тамақ. Оны да қыстаудан табуға болатын еді. Тоқал тамның ауызғы бөлмесінің астында жертөле бар. Сонда сары май, құрт, ірімшік, қаймақ, сүт сияқты тағам сіресіп тұрады. Тіпті, кептірілген піскен сүр ет те бар. Оның бәрін түнгі бақылауларым кезінде көріп, біліп алғанмын. Осылайша, сусын мен тамақ мәселесі де шешілетін болды.

Мен үшін ең үлкен қиындық – бұл бізді аяғымызға шынжыр салып, құлдықта ұстап отырған және өле-өлгенше құл етуді ойлайтын қожайын Орекең мен оның жандайшап малайы Жамантай еді. Екеуіне ашына болып, тамақтарын істеп, кірлерін жуып беріп жүрген қарақатын Күлшені де естен шығаруға болмайды. Алғашында мен оларды өзіміз тұратын контейнерге қамап кеткен дұрыс болар деп ойлаған едім. Бірақ, олай жасасақ, тіпті қашып құтылған күннің өзінде соңымыздан іздеп тауып, кек алмасына кім кепіл деген ой келді. Адам тағдырын ойыншық санайтын, ақша-дүниеге құныққан бұларда ар да, намыс та, аяушылық та жоқтығына әбден көзім жеткен. Бұл жоспардың тағы бір әлсіздігі – ертең біз құтылып кеткен күннің өзінде, олар әлгі жылмақай Жалғас арқылы тағы бірулерді құлдыққа салары айдан анық еді.

Осылардың бәрін ой елегінен өткізе келе, мен қатыгездеу шешімге келдім. Адамдық қасиеттен жұрдай үшеуін ұйықтап жатқанда өртеп, көздерін жойып кетуге бел байладым. Намаз оқып, мұсылман болғалы қайрымдылық, кешірімшілдік деген қасиеттерге ден қоя бастаған мен үшін мұндай шешімге келудің оңай тимегенін атап өткен артық болмас.

Биыл көктемде Болаттың үйінен видеодан «Халид ибн Валид» деген көп сериалы киноны көрген едім. Пайғамбар заманында өмір сүрген ол мұсылман болып, пұтқа табынушыларды ислам дініне кіргізу үшін соғысады. Осы кинода тіпті, пайғамбардың өзі де қолына қару ұстап соғысқандығы айтылады. Егер пайғамбарымыздың өзі әділетсіздік үшін қолына қару алып соғысса, онда Орынбек, Жамантай сияқты бар өмірін қараулықпен өткізіп келе жатқан күнакарларға қарсы неге мен де соғыспаймын деген ой келді. Осылайша, өзімді өзім қайрап, өмірі жасамаған шаруаға баруға бел байладым.

Мен өз ойым мен жоспарларым туралы дядя Васяға да, Серікке де тіс жарып ештеңе айтқаным жоқ. Бәрі біткен соң бір-ақ білсін деп бар шаруаны өз мойныма алуға бекіндім. Біз бұл күні де күндегі әдетімізше малды қораға қамап, кешкі аталамызды ішіп алған соң, есігі сыртынан кілттенген қараңғы контейнерде ұйқыға жаттық. Қатты шаршаған қасымдағы екеуі бірден қорылға басса, мен ұйықтамай, ойыма алған жоспарымды орындауға дайындалдым.

Арада бірер сағат өткен соң тоқал тамға кіргенімде, үйдегілер тегіс ұйқыға кеткен екен. Ең алдымен, қарасұрдың киімілгішке ілген күртесінің қалтасынан контейнердің кілтін алдым. Содан кейін төр алдында ескі диванда жатқан қожайынның жастығының астындағы кәстөмін алдым. Бұл әрине, алғашқыдай емес, біраз қиындау болды. Дегенмен, қорылға басқан қожайын жастығының астындағы кәстөмін аланымды сезген жоқ. Содан кейін кәстөмнің қалтасындағы сейфтің кілтін алып, сейфті аштым.

Осы арада айта кетейін, мен бұл әрекеттің бәрін елес-тәніммен жасадым. Ойымды шоғырлап, басқаруды әбден меңгеріп алсам керек, елес тәнмен де кәдімгі тәнім істейтін шаруаларды жасай беретін болыппын. Сейфтен ең алдымен астыңғы жақта жатқан қоңыр пәпкені алып қарадым. Шынында да онда құжаттар сақталатын болып шықты. Төменгі жағында менің, Серіктің, дядя Васяның, тіпті қайтыс болып кеткен Нұртай мен Әлжанның да құжаттары бар екенін көргенде иығымнан ауыр жүк түскендей жеңілейіп қалдым.

Мен үшін сейфтегі ақша мен алтын бұйымдар салынған дорбаны алып шығу онша қиындық келтірген жоқ. Бақтиярдың ақшасын ұрлаған тәжірибем бар, бәрін де дәл сондағыдай етіп жасадым. Заттарды алып шығу үшін сыртқы есікті аштым. Абырой болғанда, қатты ұйқыға кеткен үшеудің ешқайсысы да кедергі келтірмеді.

Содан кейін үйдің сыртынан жауып, ағашпен тіреп қойдым. Сосын үйге қайта кіріп, босағада тұрған канистрдегі бензинді (оны от тұтатамын деп қарақатын пайдаланатын) үйдің ішіне септім. Әсіресе, ұйықтап жатқан қожайын мен қарасұрдың көрпесіне көбірек құйдым. Есік пен терезенің алдына да аямай құйып, сосын сіріңке жағып, от тұтаттым. От лапылдап жана бастағанда сыртқа шыға қашқым келгенмен, ақырын көрейін деп өзімді өзім тежеп, тұрып қалдым.

Осы арада елес-тәннің тағы бір қасиетін көріп, куәсі болудың сәті түсуке еді. Елес-тән сөйтсем, отқа жанбайды екен. Тіпті, лапылдаған оттың қызуын да сезгенім жоқ. Үстеріндегі көрпелері лап етіп тұтанып жана бастағанда жанұшыра тұрған қарасұр мен қожайын жанталасып сыртқа ұмтылғанмен, сыртынан бекітілген есікті ашып шыға алмай арпалысты. Үсті-басын өрт шалған қарақатынның жан дауысы шығып, оған өкірген қарасұр мен ойбайлаған қожайынның үні қосылғанда үйдің іші азан-қазан болды да кетті. Бірақ, олардың айқайын еститін жақын маңда тірі пенде жоқ еді.

Сумаңдаған тілсіз жау әп-сәтте үйдің ішін қара көмірге, өздерін осы дүниенің қожасындай сезінген қожайын мен оның жандайшабының және ашынасының тәндерін қаракүйе төмпешікке айналдырды.

Осы сәт мен тағы бір сұмдық жайдың куәсі болдым. Денелері күйіп, сүйектерінің қалдығы қаракүйе төмпешік сияқтанып қалған қожайын мен қарсұр және қарақатынның әруақ-елес тәндерін көрдім. Үстерінде ұйқыға жатарда киген көйлек-дамбалдары, өңдері қашқан үшеуі өрт шалған бөлмеге мөлие қарап мелшиіп қатып тұр екен. Кенет қарасұрдың көзі босаға жақта тұрған маған түсті. «Бұл не?» деді ол аңтарыла қарап. Оның ызбарынан әбден мезі болып, ығып қалсам керек, өзімнің елес-тәнде екенім де, оның өліп қалғаны да есімнен шығып, зәрем ұшып сөйлей алмай қалшиып қалдым.

 -Бұл не?- деді қарасұр тағы да ештеңенің байбына бара алмағандай аңтарыла қарап. Содан кейін әдетінше ашуға булығып, «бәрін жасап жүрген сенсің» -деп маған бассалды. Бойымды билеген қорқынышты әзер жеңіп тұра қашпақ болғанымда оның сілтеген жұдырығы ауаны қармап зу-зу ете қалды. Сол кезде ғана әруақ-елестің ұра да, залал жасай да алмайтыны есіме түсіп, оған енді кекесінді күлкімен жәйбарақат қарап тұрдым.

 -Иә, мен істедім. Сендердің бар жиған-терген ақшаларыңды тонап алып, үйлеріңді өртеп, өздеріңді өлтірдім. Сендер өліксіңдер. Маған енді ештеңе де жасай алмайсыңдар. Тәндерің әні, күлі жатыр, -дедім ызбарлана сөйлеп.

Қожайынның үрейден аларған көзі мені тесіп жеп жіберердей жеп барады. Қарақатын да қазықтай қалшиып тұр.

 -Қазір мен сені, -деп ашуға булыққан қарасұр бар күшімен жұдырықты салсын келіп. Бірақ тигенін қалпақтай ұшыратын қара жұдырығы ауа қармап, далаға кетті. Өзі екпінімен үйдің қабырғасын көктей өтіп, сыртқа шығып кетті. Мынаны көрген қожайын да, қарақатын да зәрелері ұшып, не болғанын түсіне алмай қалшиып тұр.

-Не болды, біз қайдамыз? –деді бір кезде қожайын.

-Сендер өлдіңдер. Сүйектерің, міне күл болып жатыр. Енді осылай елес-әруақ болып ел кезіп, қаңғып жүресіңдер. Бұл сендердің өздерің сияқты адамдарды құлдыққа салып, қиянат көрсеткендеріңнің жазасы, -дедім мен. Енді ойбайласаңдар да, байбайласаңдар да ешкім естімейді. Өздерің де ешкімге ештеңе жасай алмайсыңдар.

Бұл кезде үйге қайта кірген қарасұр әлгіндегідей емес, жүні жығылып, жуасып қалыпты. Ол өзінің гүрзі жұдырығы мен қаракүшінің ешнәрсеге жарамсыз болып қалғанын түсінген сыңайлы.

-Сен кімсің, егер біз өлсек, сені қалай көріп тұрмыз? –деді қожайын әлі де өзінің өлі екеніне сенбегендей.Мен кіндігімнің астындағы машина жіптің жуандығындай ақ жолақты көрсетіп «Міне мынау арқылы тәніммен байланып тұрамын. Ал сендерде мұндай жоқ. Сендер енді тәндеріңе ешқашан орала алмайсыңдар, яғни өліксіңдер» -дедім. Молда құран шығарып, арулап көмбегендіктен, енді тәндерің осылай елес-әруақ болып тауқымет тартып жүретін боласыңдар.

 

Қашу

Мен контейнердің құлпын ашып, есікті айқара аштым. Таң атып қалған еді. Есік ашылғанда ұйқыларынан оянған серіктерім қарасұрдың әдеттегі боқтығын естиміз деп ойласа керек. Дегенмен, қарасұр да, қожайын да жоқ еді. Мен түк болмағандай орнымнан тұрдым.

Біз сыртқа шыққанда күтпеген көрініске көзіміз түсті. Тоқал тамның өртенген есік-терезесі үңірейіп тұр. Бұзаудай үлкен төбет арсылдап үйді айнала шапқылап жүр. Қарагер ат қайта-қайта ішін тарта оқырана кісінейді. Серіктерім не болғанын түсінбей аңтарыла қарап қалған. Мен тоқал тамға батыл басып, өртенген есіктен ішке кірдім. Түнде көрген көрініс тағы да алдымнан шықты. Бұрышта өрт шалып, қарақошқылданған сейф қана аман қалыпты. Басқа заттардың бәрі өртеніп күлге айналған. Әр жерде шашылып жатқан өртенген сүйек қалдықтары — күні кеше үреймізді алған кәрлі қожайындардан қалған соңғы жұрнақ осы ғана болыпты.

Менің ізімді ала үйге кірген не болғанын түсінбей, әлі де ештеңеге сенбегендей үрейлері ұшқан серіктерімді демдеп «міне, бәрі осылай бітті» -дедім.

-Біткені несі? –деді ештеңге түсінбеген Серік.

 -Біздің құлдығымыз осымен бітті. Қожайын жоқ. Бізді ұрып-соғатын қарасұр да жоқ. Енді біз азатпыз.

 -Олар қайда?- деді дядя Вася әлі де кәрлі қожайындардың өлгеніне сенбегендей.

Міне, мында жатыр, -деп мен өртенген сүйек қалдығын қолыма алып көтеріп көрсеттім.

Дядя Вася сенбегендей қасыма келіп, күйген сүйекті қолымен ұстап көрді. Содан кейін «өліп қалыпты» -деді өз-өзімен күбірлеп.

Одан әрі оқиға дәл шетелдік кинолардың сюжеті іспетті өрбіді. Мен осыдан бірнеше күн бұрын қожайынның тоқал тамнан әрірек бір жыраға бірдеңе тыққанын көргенімді айтып, соны қарайық дедім. Олардың келісімін күтпестен кеше ғана өзім апарып тыққан жерден салафан қалтаға салған бір бума ақша мен, алтын бұйымдар салынған дорбаны және біздің құжаттарымыз салынған қоңыр пәпкені алып шықтым. Оның ішінен табылған заттар серіктерімді таң-тамаша қалдырғанын айтпай-ақ қояйын.

Онан әрі біз тоқал тамның ауызғы бөлмесінің астындағы жертөлеге (оның барлығын да мен кездейсоқ тапқан кейіп таныттым) түсіп, жолға қажетті азық-түлік алдық. Қарагер ат пен тұсалған қызыл айғырды ерттеп мініп, өзім белгілеген тұзды көлге қарай жүретін ескі жолдың сорабымен жолға шықтық.

Аудан орталығына дейін барып, полицияға кіріп, бар жайды айтқанына қарамастан, ұстап алып қайта қожайынға тапсырған оқиғаны ұмытпаған дядя Васяның кетпеймін деп қиғылық салғанын, қожайындар өліп қалды, енді бізге кім қожа болады деп оны үгіттеп әзер көндіргенімізді де айта кеткен артық болмас.

 

Біздің ең алдымен жасаған шаруамыз таспен аяғымызға салынған шынжыр кісенді бұзып ашқынымыз болды. Мал соңында біраз жыл жүріп, малсақ болып қалған дядя Вася «малды қорадан шығарып кетейік, әйтпесе аш қалады ғой» деп жанашырлық танытты. Оның сөзінің жаны бар еді. Тоқал тамға сырттан із салатындар сирек. Қорада қамалған мал аштан қырылуы мүмкін. Дядя Вася үйреніп қалған малды қимағандай өріске қарай біраз жер айдап шығарып салды.

Үшеуміз екі атқа мінгесіп қыстақтан ұзай бере соңыма соңғы рет көз салдым. Біздің мұнда келіп, құлдық қамыт кигенімізге де үш айдан астам уақыт өтіпті. Ол кез жаздың ортасы еді, енді, міне қоңыр күз. Бізді онда тоқал тамның жанында арпылдай үрген дәу төбет қарсы алған. Қазір де қыстақтағы жалғыз тіршілік иесі сол Алыпсоқ атанған ақтұмсық төбет. Ол үруін қойып, енді шоқиып отырып алып үйге қарап қасқырша ұлуда. Ұлығаны жылағандай өте аянышты естіледі екен. Ит те болса иелерінің енді қайтып оралмасын сезіп, жоқтап жатыр ма, кім білсін.

 

Ол күні кешке дейін тынымсыз жүріп, бір ойпаңдау жерге келіп атымызды тұсап, сол араға қоналқы жасуды ойладық. Шөпшек жинап, от жағып, жолға алып шыққан азығымызды жеп жан шақырдық. Күнұзақ бір-бірімізге ләм деп ауыз ашпай, есі-дертіміз қарғыс атқан қыстаудан алысырақ кету болған біздер ішімізге ел қоған соң көңіліміз көтерілгендей болып, өзіміздің азат екендігімізге әлі де сенбегендей мамыражай күйде отқа қарап отырмыз.

 -Менің түсінбейтінім, қожайын мен қарсұр қалай қаза тапты? –деді бір кезде өзімен өзі сөйлескендей оттан көзін алмаған Серік. Осы арада сырымды түгел жайып салар сәт келгенін түсініп, тамағымды қырнап жауап беруге оқтала бергенімде дядя Вася: «Бұны кімнің жасағанын мен білемін» деді кенет.

 -Кім? –деді Серік оған таңырқай қарап.

-Бұны жасаған Нұртай мен Әлжан. Олар өткен қыста қашып кеткен. Құжаттары осында қалған еді. Соны алуға және қожайын мен қарсұрдан кек алу үшін келген болуы керек.

 -Онда неге бізге көрінбеді? –деді Серік сенбегендей оған таңырқай қарап.

-Олар кісі өлтірді ғой. Қожайын мен қарасұрды өлтіріп, үйлерін өртеп жіберді. Біреу-міреудің көзіне түссе осы өңірді түгел билейтін қожайын үшін полицейлердің оларды аямасы анық.

-Онда неге бізге көрінбеді? –деді Серік сенбегендей оған таңырқай қарап.

-Олар кісі өлтірді ғой. Қожайын мен қарасұрды өлтіріп, үйлерін өртеп жіберді. Біреу-міреудің көзіне түссе осы өңірді түгел билейтін қожайын үшін полицейлердің оларды аямасы анық.

-Иә, солай, -деді Серік оның бұл уәжімен келісіп. Қожайынның полицейлермен ымы-жымы бір. Оны өлтірген адамды полицейлер қайдан да болса тауып, аямай жазалар еді.

Мынаны естігенде өзімнің енді ештеңе айтуыма болмайтынын түсіндім. Тағдырдың өзі маған тылсым сырымды ашпауға жағдай жасап тұрған сияқты екен. Тіпті, мына екеуіне бар сырымды жайып салсам да дәл қазір олар ештеңеге сенбес еді.

Содан араға екі қонып, үшінші күні тас жолға жеттік. Жүдеп-жадаған түрімізге қарап көліктердің көбі тоқтамай зу етіп өте шығады. Дегенмен, құдайына қараған біреу жүк машинасының қорабына отырғызып алды ақыры. Осылайша, ілдебайлап Алматыға да жеттік-ау.

Жолға шығып, алғаш түнеген жерде, олжа ақшаны теңдей етіп үшке бөліп, дорбадағы бұйымдарды да солай бөліп алған едік. Құжаттарымыз қолымызда, қалта толы ақша, оған қоса алтын, күміс білезік, жүзік сияқты қымбат бұйымдарымыз да бар. Бір сөзбен айтқанда, олжалы едік. Шынжырға байланған құлдық дәурен келмеске кектендей, әп-сәтте көңіліміз көкке көтеріліп, шалқып сала бердік.

 

Жалғасы бар...