Жалғасы...
ХХІ ғасырдағы құлдық
Күнде бес уақыт намазымды қаза жібермеймін. Арақ ішетін достарыммен де араласпайтын болдым. Малдан айрылған соң үйде істейтін шаруа қалмаған. Соқталдай басыммен әке-шешемнің мойнында арамтамақ болып отыру онша ұнамсыздау сияқты көрінгенмен, басқа амал жоқ болғасын жазға дейін шыдайын деп жүрмін. Ойым жаз шыға Алматыға барып, жұмыс табу.
Жаз да келді. Апамың зейнетақысынан жырып алған азын-аулақ ақшамен алыс жолға шықтым. Меннен екі жастай үлкен бір жігіт Алматыға кетіп, сонда тұрып жатқан. Соның мекен-жайын жазып алғанмын. Ақшам пойызға билет алып, Алматыға жетуге ғана жетті. «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» дегендей, сұрастыра жүріп, қала маңындағы ауылда біреудің времянкасын жалдап тұратын ауылдасымды да таптым ақыры.
Алыстан келген мені құшақ жая қуанып қарсы алмаса да, жағдайымды білген ол «ерінбеген адамға жұмыс табылады, саспа» деп көңілімді демдеп қойды. Ертеңіне ол мені базарға апарып, қоларба беріп, жүкші жігіттердің жанына қосты. Өзі де екі жылдай жүкші болып арба сүйрепті. Жинаған азын-аулақ ақшасын салып, бірер айдай бұрын саудаға шыққан екен.
Мен осылайша базарда арба тартқан жүкшіге айналдым. Жұрттың заттарын тасимын. Тапқаным тамағымнан онша артыла қоймайды. Әзірге ауылдасыммен бірге оның аядай времянкасында тұрып жатырмын. Әйтеуір, жұмыс тауып, аш қалмағаныма қуандым. Бірақ та, күнұзақ арба тартқан адамның намаз оқуға уақыты да, мүмкіндігі де болмайды екен. Намаздан қол үзгенім ғана арқамды аяздай қариды. Алланың бұл да бір сынағы шығар, шыдайын, бәрі де жүре келе түзелер деген үмітті медеу етіп, жүкші болып жүре бердім.
Бір күні жылмыңдаған бір жігітпен кездестім. Кісіге туралап қарамайтын ойнақтаған көзінен секем алсам да, айтқанына сенгім келді. Өйткені, оның сөзі бірсарынды ашқұрсақ мына тірлігіме өзгеріс әкелетіндей көрінген еді. «Қол-аяғың балғадай, арба сүйреп тиын-тебен тапқанға мәз болмай, нағыз ақша тапқың келе ме» деп бастаған әлгі науқандық жұмыс барын, күзге дейін істесем, қырып ақша табатынымды айтып, басымды шыр айналдырды. Ұққаным: шалғайда салынатын құрылысқа жұмысшы жинап жүр екен. Құрылысшы маман болу міндет емес. «Келіссең, қазір менімен жүр, әйтпесе уақыт өткізбей басқа адам іздеймін» деген әлгі менің ойланып-толғануыма да мұрша қалдырмады.
Арба тартып, жақсы ақша таба алмайтыныма көзім жеткен мен бейтаныс жігіттің айтқанына сенбеске амалым қалмады. Тек «арбамды ауылдасыма беріп кетейін» дедім. «Тездет, мен базарға кіре берісте тұрамын» деген бейтаныс өз жөнімен кете барды. Содан арбамды ауылдасыма берерсің деп бір таныс жігітке тапсыра сала базарға кірер ауызға асықтым. Әлгі бейтаныстың жанында тағы бір жігіт тұр екен. «Кеттік» деген ол бірден бізді шағын автобусқа отырғызып ала жөнелді. Менің «Тұрып жатқан үйге барып, киімдерімді алайын» дегеніме де қарамады. «Жұмыс киімін өздері береді, заттарыңды келгесін бір-ақ аласың» деп қысқа қайырған бейтаныс жарылқаушы сол арада екеуміздің төлқұжатымызды алып алды. Айтуынша, қожайынмен келісім-шарт жасауға қажет екен.
Қаладан шыққан машина түні бойы жүріп, ереңіне түс кезінде айдаладағы бір тоқал тамның жанына келіп тоқтады. Үйдің алдында шағын темір контейнер тұр. Аулада арпылдай үріп шыққан дәу төбеттен басқа тірі жан көрінбеді. Бізді бастап әкелген жылмақай жігіт үйге кіріп біраз бөгелді. Содан бір кезде онымен бірге еңгезердей қарасұр орта жастағы еркек пен аяғын сылтып басатын елуді еңсерген біреу шықты.
Бізге ұзақ жолда бір рет те көз қырын салмаған шопыр машинада қалды да, екеуміз сыртқа шықтық. Осы арада күтпеген жағдай болды. «Ассаламағлейкұм» деп қолын соза амандаспақ болған менімен бірге келген сыртынан танитын базарда жүкші болып жүрген аласа бойлы сары жігіттің амандығын алудың орнына еңгезердей қарасұр оны тұмсықтан гүрзі жұдырығымен бір-ақ соқсын. Еңгезердей еркектің соққысы жіңішке сарыны қалпақтай түсірді.
Мен аң-таң болып қарап тұрмын. «Ешқашанда менімен бұлай қол беріп амандаспайтын бол» -деді қарасұр бізге түйіле қарап, «Ұқтыңдар ма?» Ол мұнысын тек таяқ жеген серігіме емес, маған да қарата айтқан еді. Соны естігенде «неге?» -дедім таңырқап. «Өйткені, сендер құлсыңдар, түсіндің бе?»
-Құлы несі?
Бұл сөз аузымнан қалай шыққанын білмеймін.
-Әй, сен әлі түсінген жоқсың ба? Онда түсіндірейін, -деген ол әй-шәй жоқ басқа-көзге бірнеше рет жұдырықпен сүйкеп өтті. Төбелесіп үйренген бе, әлде бұрын спортпен айналысқан пәле ме, соққысы мұндай ауыр болар ма, қалпақтай түсірді.
Орнымнан сүйретіліп әзер тұрдым. Таяқ жеген шикілі сары екеумізде де өң-түс жоқ. Бізді әкелген жылмақай жігіт айызы қанғандай кекесін күлкімен бізге қулана қарайды. Айламды асырдым, енді не істесеңдер, о істеңдер дейтін сияқты.
Жасы ғана емес, дәрежесі де үлкен болуы керек, ақсақ бізге қарап «сендерді мен қып-қызыл ақша беріп сатып алдым, енді менің жұмысымды істейтін боласыңдар, ұқтыңдар ма?» деді. «Сенбесеңдер, мынадан сұраңдар». Ол бізді әкелген жылмақайды көрсетті. «Солай ма, Жалғас» деді содан кейін.
-Иә, Ореке, ол не дегеніңіз. Ақысын төледіңіз, келісімнің аты келісім. Бұлардың ендігі иесі өзіңізсіз.
Естідіңдер ме дегендей Ореке аталған ақсақ бізге оқырая қарады. Еңгезердей қарсұр болса «ендігі тағдырларың мына менің қолымда» дегендей бізге сұстана қарап: «Тұратын жерлерің мына контейнер болады, жұмыстарың – мал бағу. Қашамын деп ойламаңдар. Бұл жердің қожайыны бізбіз және жақын маңда елді мекен де жоқ. Қашсаңдар ұстап алып әкелеріңді танытамын, аямаймын, ұқтыңдар ма? – деп жеп жіберердей ежірейе қадалған оның зәрлі көзіне қарауға батпай екеуміз жүзімізді тайдырып әкеттік.
Міне, осылайша, көп ақша табамын деп жүріп, құлдық қамытын қалай кигенімді білмей қалдым. Бізді әкелген шағынавтобус сәлден кейін ен далаға сіңіп жоқ болды. Тоқал тамда қарсұр мен ақсақтан басқа тағы бір отыздардағы арық қара келіншек тұрады екен. Арпылдаған дәу төбетті қоспағанда басқа тірі жан жоқ. Қарасұр біздің аяғымызға шынжыр кісен салды. Кәдімгі киноларда көретін құл сияқты болдық та қалдық. Кісен қысқалау салынғандықтан, адымымызды кең алып жүруге мүмкіндік болмаса да, кәдімгідей аяқ басып жүруге болатын еді. Неге бұлай жасалғанын кейін түсіндік.
Кешкісін қырдан асып қалың мал көрінді. Қой мен сиыр бірге жайылады екен. Қарасы мың қаралы болып қалатын сияқты. Негізі қой болғанмен, бұзауы, қашары бар екі жүздің төңірегінде сиыр да бар екен. Малшы біздер сияқты аяғына кісен салынған шал болып шықты. Мал темір сыммен қоршалған қораға қамалды. Артық еті жоқ сүр еттей кеуіп қатқан қара келіншек бізге күйеден қожалақтанып кеткен кәстрөлге құйылған кешкі асты әкеп берді. Ас деген аты болмаса, итке берілетін атала сияқты жылымшы бірдеңе екен. Жиіркеніп ішпедік. Ал, малдан келген шал оны сыпырып-сиырып соғып алды.
Содан кейін бізге қарап: «Е, көп ұзамай үйреніп кетесіңдер. Ашыққан соң не берсе де жейсің» деп қойды. Өң мен түстің арасындай күйге түсіп, ойда-жоқта тап болған мына жайға сенбегендей екеуміз аң-таң болып отырмыз.
Құлдық құрсауында
Ақшаға құнығып, өзі сияқты ет пен сүйектен жаралған адамды құл еткен Орынбай мен Жамантайдың ештеңеден тайынбайтыны айдан анық еді. Сондықтан, қашып шығудың жайын жан-жақты ойластырып, қателікке жол қалдырмайтын толымды жоспар жасау қажет болды. Мен түн болса-ақ маңайды шолып, жол жайын барынша ұңғыл-шұңғылына дейін анықтауға тырыстым.
Сөйтіп жүріп бір күні біз тұрған мал қыстағынан қырық-елу шақырымдай жердегі жан-жағына қамыс өсіп кеткен суы ішуге жарамсыз сасық тұзды көлдің жағасында екі елес-әруаққа кез болдым. Қамыс ішінде отырған оларды алғашында аң ба, әлде қалқайған қарақшы ма деп ойлап назар аудармаппын. Тек өзіме әлдекімнің тесіле қарағанын сезіп, жалт бұрылғанымда жүрелеп отырған екеуді көрдім.
Сақалдары өскен, үстерінде тозығы жеткен жыртық күрте, бастарында кірден қандай түс екенін ажыратуға болмайтын шаңғышылар киетін шәпкісі бар екеуі ,маған қорқыныштан шарасынан шығардай алайған көздерімен тесірейе қарап қалыпты. Күтпеген кездесуден менің де зәре құтым ұшып, біраз уақыт тіл қата алмай мелшиіп тұрып қалдым. Біреуінің бір көзі үңірейіп тұр, беті қисайып кеткен. Ал, екіншісінің бет-аузы мыж-мыж. Киімдері қарақошқылданып, айғыздалған дақтан көрінбейді. Оның не екендігін кейін білдім.
Содан бір кезде есімді жиғандай болып «кімсіңдер, мұнда қайдан жүрсіңдер?» дедім әзер тілге келіп. «Бі..біз Орынбайдың құлдарымыз» деді кекештене сөйлеген аласа бойлысы. Олардың сырт бейнелерінен өліп қалған әруақ-елес екендіктері анық көрініп тұр еді. Дядя Вася айтқан қыста қашқан екі жігіт осы шығар деген ой келді.
Мен де Орынбайдың құлымын, -дедім.
-Оның орыс құлы бар еді, -деп сол сәт сөзге жіңішке ұзынтұра араласты.
-Иә, дядя Васяны айтасыз ба.
-Ол тірі ме?
-Тірі. Қазір малды үшеуміз бағамыз. Бізді жазда әкелген.
Әруақ-елестердің біреуінің есімі Нұртай, екіншісі Әлжан екен. Әңгімелерінен естіп қаныққаным, бұлар да Алматының базарында жылмыңдаған Жалғастың тұзағына түсіпті. Олар Орынбайдың малын бір жылдай баққан. Қашып кетпек болған әрекеттері сәтсіз аяқталып, қарасұрдан өлімші болып таяқ жейді. Бірақ, сонда да алған беттерінен қайтпай, тағы да қашудың жоспарын жасайды. Сөйтіп, қыстың бір боранды күнінде ауылға қарама-қайшы бағытқа қарай тәуекел деп жолға шығады.
Аяқтарында шынжыр кісен, үстерінде жұқа жыртық күрте, аш, жүдеу екеуі қанша тырысса да алысқа ұзап кете алмапты. Олар түнде осы көлдің жағасына келіп, қамыс арасын паналайды. Таңертең ұйқыдан Жамантайдың боқтаған дауысынан оянады. Әккі аңшы қашқындардың ізіне түсіп, атпен тап бастырмай қуып жеткен екен. Әбден ашуға мінген ол қамшымен емес, кесіп алған кепкен жуан дырау сойылмен екеуін соққының астына алады. Бас жарылып, көз шығады. Үсті-бастарын қан жуған екі бейбақ қансырап естерінен танып қалады.
Қарасұр жендет қанға батқан екеуін арқалап жүргісі келмеген сияқты. Енді адам болмасын түсініп, елсіз көлдің жағасына тастап кете барыпты. Аштықтан, әлсіздіктен, алған соққының салдарынан есеңгіреп ұзақ жатқан бейбақтар қатты қиналып жатып жан тапсырған секілді.
Енді байқадым, жүрелеп отырған екеуінің аяғында бізге салынған сияқты шынжыр кісен бар екен. Ал, күртелеріндегі айғыздалған қарақошқыл дақ кеуіп қалған қан болып шықты.
Қатыгездік
Тәнімнен бөлініп шыққанда жанымды қинаған аурудан аздап арылғандай болып едім, бірақ сәлден кейін ауру онан сайын қинап, жанымды қоярға жер таппадым, -дейді Нұртай. Алғашында не болғанын ұқпаған екеуі кейінірек қанға батқан тәндерін көргенде, өздерінің өлгенін түсінеді. Өлер алдындағы жан қиналысы, қатты қорқыныш саналарына әбден терең сіңіп қалса керек. Қарасұр жазалаушы тағы да келіп, таяқтың астына алардай зәрелері ұшып, қамыс арасынан шығуға қорқады екен. Сүйектері сынып, біреуінің көзі шықса, екіншісінің бет-аузы түгел мылжаланған, аяқтарында шынжыр кісен салынған екеуі елес-әруаққа айналса да, орындарынан қозғалмай, күндіз-түні осылай отыратын көрінеді.
Менің байқап, түйгенім, өлген адам мұсылман ғұрпымен жерленбесе, сол тәні қалған жерден айналып шыға алмайтын сияқты. Белгісіз күш оны сол маңайдан шығармай шырмап ұстап тұратын болса керек. Асылып өлген Есберген де, қасқырға жем болып, сүйегі далада қалған Қасқырбай да өздерінің мүрдесі жатқан жерден алыс ұзамай, сол маңайды шырайналып жүргені осыны аңғартады.
Мен кездейсоқ танысқан екеуіне кейінгі болған жайларды түгел баяндап бердім. Өзімнің қашып кету ойымда бар екендігін айтқанда: «ойбай, олай жасай көрме, қарасұр аямайды, оның қолына түскенше өліп қалған жақсы» деп зыр-зыр қақты екеуі. Жамантайдың қорлығы қатты өтсе керек, саналарына сіңген қорқыныш оларды мүлде сындырып тастаған секілді. «Есің болса қашпа, ит қорлықта жүрсең де әйтеуір тірі боласың» -дейді екеуі екі жақтан жарыса сөйлеп. Ақыл-ойын қорқыныш алған екі міскіннің көзқарасын өзгерту мүмкін еместігін біліп, үнсіз қалдым.
Осы оқиғадан кейін де бір-екі рет олармен кездестім. Олар да Есберген сияқты кейде қатты жаурап, жылына алмай, кейде ыстықтап салқындай алмай, шөлін басып, тамағын тойдыра алмай қатты азап шегеді екен. Оның үстіне өлер алдында алған тән жарақаттары да әлсін-әлсін қинап, жандарын шығара ауыртатын көрінеді.
Олар қазіргі ахуалдарына бой үйретіп алғаны сонша, тіпті басқа әлем, ел-жұрт барын да естен шығарған сияқты. Олар үшін бар өмір мына тұзды сасық көлмен шектелетін сыңайлы. Бұрын құдайға сенбеген, намаз оқымаған, арақ ішіп, аздап қыз-келіншекпен қыдырып, күнәкар тірлік кешкен байғұстар өлгеннен кейін не боларын ұқпайтын секілді. Боқан шалдың өлімі туралы айтқан әңгімем де екеуіне онша әсер етпеді.
Әлжан әлі үйленбеген бойдақ болса, Нұртайдың әйелі, бір ұлы бар екен. Басына түскен түсініксіз жай ақыл-есін алғандай екеуі де бала-шаға, туған туыс дегенді мүлдем есінен шығарыпты. Олар үшін күн де, түн де, қыс-жаз дегеннің де еш айырмасы жоқ сияқты. Жаны мен тәнін қинаған аурудан, аштық пен суықтан әбден қалжыраған, ұйықтай да, демала да алмайтын, тіпті түрегеп жүре алмайтын, ұдайы жүрелеп отырудан басқаға қауқарлары жетпейтін бейшаралардың тірлігі шынында да өте аянышты еді. Елес-әруаққа ештеңе кедергі еместігін, тұрып жүрулеріне де, тіпті ұшуларына да болатынын айтып түсіндіре алмадым
Жалғасы бар....