el24.kz Соңғы жылдары киелі жерлерге барып, тілек тілеу қайта жиілей түсті. Түркістанға, Бекет атаға,тіпті алыс ауылдардағы әулиелер басына ағылатындар көбейді. Бірі – бала сұрап барады, бірі – денсаулық, енді бірі – жұмысына, отбасына береке тілейді. Олардан: «Шын көмектесті ме?» деп сұрасаң, көпшілігі – иә деп жауап береді.
Қазақ сенімінде киелі жер – рухани тазару мен Жаратқаннан тілек тілеудің орны. Ата-бабаларымыз қиындыққа тап болғанда әулие-әмбиелерге түнеп, ниет етіп, тәу ететін болған. Бұл үрдіс бүгін де сақталып отыр.
Бекет ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты орындар туралы аңыз да, нақты мысал да көп. Кей адамдар осы жерлерге барып, көптен күткен перзентке ие болғанын, дертіне шипа тапқанын немесе өмірінде жақсы өзгерістер орын алғанын айтып жатады.
Алайда дін мамандары бұл жерде маңызды бір жайтты ескертеді: тілек тек Алладан сұралады. Әулие – тек себеп, дәнекер ғана. Әулиеден тілемеу керек, Жаратқаннан тілеу қажет.
Киелі жерге барып, шын жүректен сеніп, өзіңмен жұмыс жасай білсең – ниет орындалуы мүмкін. Бірақ бұл сиқырлы орын емес. Бұл – адам ішкі жан дүниесін тазартып, үмітке, сенімге жол ашатын ерекше кеңістік.
Тілек қабыл бола ма, болмай ма – оны бір Алла біледі. Бірақ үмітпен барған адамның жүрегі де, өмірі де өзгереді. Сол өзгеріс арқылы тілегінің де орындалуы әбден мүмкін.