Қазақстанда қыркүйек айында қазақстан-қытай бірлескен ірі музыкалық жобаның түсірілімдері басталады. Әнші Димаш Құдайберген бұл жобада атқарушы продюсер ретінде қатыспақ,-деп жазады el24.kz тілшісі, Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Түсірілімдер 8 қыркүйектен 29 қыркүйекке дейін төрт қалада — Түркістан, Алматы, Ақтау және Астанада жүргізіледі.

Жоба әлемнің түкпір-түкпірінен келген вокалистерді біріктіріп, халықаралық аудиторияға Қазақстанның сұлулығын және жаңа музыкалық таланттарын көрсетуді мақсат етеді.

«Hunan TV телеарнасындағы менің жолым осыдан он жыл бұрын «Singer» жобасынан басталды. Бүгін мен жаңа рөлде — халықаралық шоу авторы ретінде оралып отырмын. Бұл мәдени ынтымақтастықтың жаңа парағын ашып, адамдарды музыка арқылы біріктіреді», — деді Димаш.

Айта кетейік, 2025 жылдың сәуірінде Димаш Ақтауда өткен «Ақтау – түркі әлемінің астанасы» шарасы аясындағы концертке қатысып, көрермендерге ерекше әсер қалдырған еді.