el24.kz Бүгін, 2025 жылдың 3 маусымында, Түркияның оңтүстік-батысындағы Мугла провинциясында жергілікті уақытпен сағат 12:38-де 5,8 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Түркияның Апаттар мен төтенше жағдайлар басқармасы (AFAD) ресми мәлімдеді- деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Жер сілкінісінің эпицентрі Яланык ауылы маңында орналасқан, ал жер асты дүмпулері шамамен 10,3 шақырым тереңдікте болған.
Сілкініс Мугладан бөлек, оған іргелес жатқан Анталья, Айдын, Денизли және Измир сияқты бірнеше провинцияда қатты сезілген. Әзірге жер сілкінісінен ірі қираулар немесе адам шығыны тіркелген жоқ. Дегенмен, 14 жастағы қыздың жүрегі тоқтап, қайтыс болғаны туралы Түркия Ішкі істер министрлігі хабарлады. Дәрігерлер оның өліміне жер сілкінісі кезінде қорқыныштан пайда болған паникалық жағдай әсер етуі мүмкін деп отыр.
AFAD өкілдерінің айтуынша, "Жер сілкінісінен кейін бірнеше әлсіз дүмпулер тіркелді. Аймақтағы халыққа сабыр сақтап, үйлеріне кіруге асықпауды ескертеміз. Құтқару және бағалау топтары аудандарға жіберілді".
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған төтенше жағдайлар қызметіне жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, Түркия – сейсмикалық белсенді аймақтардың бірі. Елдің әртүрлі өңірлерінде жыл сайын мыңдаған ұсақ және орташа жер сілкінісі тіркеледі. 2023 жылы елдің оңтүстік-шығысында болған ірі жер сілкінісінен кейін Түркия билігі сейсмологиялық бақылауды күшейтуді қолға алған болатын.
Қазіргі таңда Муглада және оған жақын аудандарда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тұрғындар ашық алаңдарға шығарылуда.