Алматы әуежайында болған оқыс жағдайға қатысты тергеу жүріп жатыр-деп хабарлайды  el24.kz тілшісі, КТК телеарнасына сілтеме жасап. Ұшаққа кешіккен азамат әуежайдың Т-1 ішкі рейстер терминалында үстіне бензин құйып өзін өртеп жібермек болған.Күзетшілер отты сөндіріп үлгерді. Ол жедел жәрдеммен №4 клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Нұржан Биқоңыров, Алматы №4 клиникалық ауруханасы директорының орынбасары: – Науқас жедел жәрдем бригадасымен №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқастың жағдайы өте ауыр.

Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам турфирма кеңсесінде телефонмен сөйлесіп отырған. Біраздан соң компания қызметкері сыртқа шыққан, ол оған бөгет болмаған. Кейін ер адам полицейлермен біраз сөйлесіп тұрады.

Ал тәртіп сақшысы табалдырықтан аттай берген сәтте, ол сіріңкені тұтатып, өзіне өрт қойған. Құқық қорғаушылар мен әуежайдың қауіпсіздік қызметі өртті дереу сөндіріп, жедел жәрдем шақырған. Куәгерлердің айтуынша, ер адам әуежайға үстіне жанармай құйып кірген. Кейбір қызметкер одан бензин иісі шыққанын байқаған соң, бірден қауіпсіздік қызметіне хабарлаған.

Алдын ала дерек бойынша, ол билетін ауыстыра алмаған соң ашуға берілген болуы мүмкін. Басқа дерек көздері азаматтық некедегі әйелімен жанжал себеп болғанын айтады. Оқиға болған әуе агенттігінің кеңсесі бүгін жабық. Ал көліктегі полиция департаменті өзін-өзі өртеу әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал Алматы әуежайы қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Алматы халықаралық әуежайы: — Аталған жағдай әуежайдың қызметімен байланысты емес және оның жұмысына әсер еткен жоқ. Алматы халықаралық әуежайы штат режимінде жұмыс істеп тұр. Оқиғаға қатысты әрі қарайғы тергеуді құқық қорғау органдары жүргізуде.