Қарағандыда 38 жастағы ер адам 15 жастағы қызға қатысты заңсыз әрекеттері үшін сотталды. Бұл туралы el24.kz тілшісі сот материалдарына сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу дерегінше, жәбірленушінің анасы мен өгей әкесі оны шариғат бойынша тұрмысқа бермек болған. Алайда қыз келіспеген. Биыл наурыз айында өгей әке қызды 38 жастағы ер адамға Қарағандыға жіберген, сол жерде қылмыс жасалған.
Сот күдіктіні ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы («Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу») бойынша кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар, сот үкіміне сәйкес ол өмір бойы білім беру саласында және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынды.
Прокуратураға қыздың анасы мен өгей әкесінің әрекеттерін қылмыс құрамына жатқызу тұрғысынан тексеру тапсырылды.