Қыз – ұлттың айнасы. Ер – ел қорғаны. Ұрпақ сабақтастығынан басталатын жан баласының өмірі – осы екі тұлғаның сара жолына байланысты. Ал, келер буынның салиқалы да саналы болуы, елін сүюі, рухани байып, өнегені бойына сіңіруінде әйел затының қолдаушысы ер-азаматтың үлесі зор десек еш қателеспейміз.

Ер-азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де осы қасиеттер. «Биік таудың төбе құсап мүжілгені жаман, еркектің әйел құсап сызылғаны жаман» дегендей, ер адам жігерсіз болса, онан не қайыр?

Сондықтан кешегі өткен қилы замандарда еліміздің тәуелсіздігін, кең байтақ сайын даламыздың тұтастығын басқыншы жаулардан «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалған ата-бабаларымыздың батырлығы мен қаһармандығы ұрпақтан ұрпаққа өнеге болуға тиіс. Ер-азаматтың тұлғасы тек соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де дараланып тұрса қандай ғанибет!

Ия, өз елін қорғауға, елінің намысын қашан да ақтауға дайын азамат – нағыз Отан қорғаушысы болып саналар, бәлкім. Бірақ, менің түсінігімдегі Отан қорғаушысының одан да үлкен мағынасы бар. Отан отбасынан басталады демекші, сенің отбасың – Отан, сенің әкең, анаң – Отан, сенің әпкең, қарындасың – Отан, сенің әр бауырың – Отан. Ең бірінші кезекте әр азамат сол Отанды қорғап үйренуі тиіс. Қарап отырсақ, бұған да қауқары жетпейтін азаматтарымыз жетіп жатыр. Көпке топырақ шашапаймын. Нағыз ер деп атауға лайық азаматтарымыз бар. Оларға қарап риза боласың, еліміздің болашағына сенімділік танытасың. Алайда, «бірақ» дейтін жайттардың бары көңіл қынжылтады. Бүгінгі таңда қаншама ерлеріміз ұсақталып бара жатыр. Оған мысал келтіріп өткім келеді.

Қарапайым бір жағдайды айта кетейін. Автобуста отырған сәтім еді. Бір уақытта аяқ астынан елдің назарын өзіне аударған жанжал туындады. Жоқ, елдің назарын жанжал аудармады, дардай ер азаматтың қария әжейге дауыс көтеруі аударды. Сондағысы, әлгі әжейдің сөмкесі жігіттің әппақ шалбарын былғап қойған. Аң-таң болған жұрт жігіттің ашуын басуға тырысқанымен, әлгінің қарт кісіге айтары таусылар емес. «Тып-тыныш үйлеріңде отырмайсыңдар ма?» дегеннен бастап, «әбден масыл болып біттіңдер» деген ызаға толы сөзімен аяқтады. Байғұс әжейдің не сезінгенін кім білсін? Үнсіз тұра берді. Әлгі жігіт те міз бақпады, кешірім де сұрамады, ұялмады, қызармады. Сыртта мінез көрсеткен азамат отбасында да дәл сондай екеніне күмәным жоқ. Яғни, өз анасына дауыс көтереді, қарындасын жылатады, әпкесін сыйламайды. Өз Отанын қорғауға ол жігіттің қауқары жетпесі анық. Сонда болашақта отбасы бұл жігітке қалай арқа сүйемек?

Бүгінгі қазақ жігіттерінің сиқын бұзар тағы да бір күрделі мәселе – еліктеушіліктің арқасында туындаған шаш бояу, сырға тағу, мансап, атақ құмарлық. Сонымен қатар, еліміздегі ажырасқан отбасылардың қатарына кірудегі басты себептердің бірі ер-азаматтардың ащы суға әуес болуын тілге тиек етсек болады. Меніңше, аталған бұл жайттар - бүгінгі қоғамның асқынған дерті. Оған тереңнен үңілетін болсақ, түрлі ойларға кенеліп, кешегі ұлы Абай атамыздың мағыналы өлеңі еске түсіп, бүгінгі ұрпақтың індетін сол кезде біліп, дөп түсіп қалам тербегеніне таңқаласың.

Осы тұста баршамызға махаббаттың қызықты мол жылдарын тарту еткен Әзілхан Нұршайықовтың ер-жігіттерге арналған өсиет сөзін атап өткім келеді. «Ұлдар! Алдымен сөзімді сендерге арнаймын. Менің сендерден тілегім мынадай: Айналайындар, арақ ішпендер! Арақ – азаматтың жауы: халықтың, қоғамның дұшпаны… Адам арақ ішпегеннен өлмейді, араны ашылып арақ ішкеннен өледі. Әрбір арақ ішкен адамның өмірі аз, ғұмыры қысқа болады. Оның үстіне маскүнемнің өмірі мәнсіз болады. Адамның өмірі онсыз да қысқа. Ендеше, аз өмірді ардақтап, шамаң келгенше мағыналы, мәнді етіп өткізгенге не жетсін, шіркін! Жігіттер, қастарыңда отырған қыздарды құрметтеңдер, мәпелеңдер! Алақандарыңа салып әлпештеңдер! Қыздың жанын қинамаңдар! Қыз – болашақтың анасы. Қыз – алдағы ұрпақтың әжесі. Анаңды ардақтап, әжеңді құрметтесең – қызды сыйла, қарағым!» Осы бір сәтте Әзілхан атамыздың «Ұлдар» деп өсиет жазуы бекер емес. Әр қазақтың ұлын жалғызым деп жанашырлық танытып, дұрыс жолға бағыт көрсетуі, жақсылықты нәсіп етуі ғой.

Дегенмен, қазіргі кезде ақылдың емес ашудың жетегінде кетіп әрекет ететін ер азаматтар өте көп. Ұлтымыз жайында теріс ұғым туғызуға себепкер болып отырған, қыздарымыздың намысын қорғай алмаған ер азаматтар болашақта елімізді қорғай алады дегенге күмән туады. Бәлкім, менің бұл пікіріме ер адамдар қауымы қарсы шығар, ұната қоймас. Себебі, қазақ жігіттері жайлы сын айтуға болмайды, барлығына кінәлі тек қана «қазақтың қыздары...» деп қоя салайық.

Ақерке Сабырқызы

qamshy.kz