Ғылымда «ғаламның ақпараттық өзекшесі» деген ұғым бар. Былайша айтқанда, біз өмір сүріп отырған ғаламдағы өткен-кеткен оқиғаның бәрі ақпарат өзекшесінде тіркеліп отырады. Бірақ оны көру – кез-келген адамның маңдайына жазылмаған бақ. Бірақ сол ақпараттық ойыққа түсіп кетіп, сонау ескі заманға, не болмаса болашақта болар өмірге тап болып, таң-тамаша болған адамдар да бар.

«Уақыт ойықшасы» жердің белгілі бір нүктелерінде кездеседі. Адам байқамай әлгі жерге қадам басса, өзге бір әлемге кіріп жүре берері шығар күннің көзіндей шындық. Әсіресе «уақыт ойықшалары» жерден гөрі аспанда көп. Содан болар ұшқыштар, ғарышкерлер сыры жұмбақ әлемге жиі тап болып жататыны.

Өкініштісі, сондай жағдайды бастан өткізген ұшқыштар сырды сыртқа көп жая бермейді. Бәлкім, оның белгілі бір себептері де бар болар. Енді нақты мысалға көшелік.

1994 жылы 5-6 ай аспандағы «Мир» ғарыш стансасында жұмыс істеген Ресей космонавтары белгісіз бір жағдайға тап болыпты. Қос ғарышкер өз стансаларына жақын жерден бірде гуманоидтарға ұқсаған, бірде аңға ұқсаған белгісіз тіршілік иелерін көретін болған. Бір қызығы, олар ғарышкерлермен ешқандай байланысқа түспей, сырттан бақылап қана жүрген. Алғашында ғарышкерлер «көзімізге жын көрінген болар» деп ойлаған. Бірақ дәл осындай жағдайды өзге де ғарышкерлер бастан өткергенін естіген соң, мұның ешқандай да елес емес екеніне көз жеткізген.

Тіпті кейбір ғарышкерлер өмірден озған туыстарының сұлбасын да ғарыштан кездестірген.

Бұл не сонда?

«Адам өлген соң, жаны көкке ұшып кетеді», деген рас болғаны ма? Көптеген ұшқыштар ұшақ көкке көтерілген соң, белгісіз бір «қолдар» ұшақты ыңғайына қарай бұрып, әкетуге тырысатынын аңғарған. Ондай белгісіз күшке ырық берген ұшқыштардың ұшағы көбіне апатқа ұшырап жататын көрінеді.

Америкалық қос ұшқыш Майкл Бэйре мен Джей Филлипс тапсырма бойынша Тынық мұхиттың үстімен ұшып келе жатқан. Кенет алдарынан кішкентай қара бұлт шыға келіп, ұшақ бұлтты жарып өтпек болған. Тосын оқиға ұшақ бұлтқа кірген кезде басталыпты. Ұшқыштар төмен көз салғанда мұхиттың үстімен емес, шақпақ-шақпақ тас төселген шөлді өлкенің үстімен ұшып келе жатқандарын байқаған. Сәлден соң Хиросима қаласына тасталған атом бомбасының жарылғанын, одан кейін Джорджтаундағы сектанттардың жаппай өз-өзін өлтіріп жатқандарын, сондай-ақ адам баласы басынан кешкен өзге де қасіреттерді көрген. «Тозаққа тап болдық», деп шошынған ұшқыштар орталықпен хабарласпақшы болған, бірақ байланыс құралдары жұмыс істемей қалыпты. Әбүйір болғанда, ұшақ бұлтты жарып өте шығыпты. Әлгі жайттарды ұшқыштар бар жоғы екі-үш минуттың ішінде көрген екен…

Төменге көз салған ұшқыштар ұшақтың бұрынғыдай Тынық мұхитының үстімен қалқып келе жатқанын, аспан шайдай ашық екенін көрген. Әлгі тылсым күшке ие бұлтқа тап болып, бастан кешкен оқиғаны айтқанда ешкім сенбей қойыпты…

Бірақ мұндай жайтты талай ұшқыш бастан кешірген. Сондықтан бұған қияли әңгіме деп қарауға болмайтын секілді.

1996 жылы Венесуэла астанасы Каракасқа ДС-4 жолаушылар ұшағы қонған. Алдымен ұшқыш диспетчерден қонуға рұқсат сұраған. Рұқсат берілген соң әуежайға 57 жолаушысы мен төрт экипажы бар өте ескі ұшақ қонған. Олар өздерін Майамиден 1955 жылы 2 шілдеде (ара қашықтық 1800 шақырым) ұшып шыққандарын, 9 сағат 55 минутта Каракасқа қону керектігін жеткізген. Диспетчер қазір 1996 жыл 21 мамыр екенін хабарлаған кезде, онсыз да әуежайдағы заманауи ұшақтарды көріп таңырқап отырған ұшқыш ұшағын оталдырып, қайтадан көкке көтеріліп, көзден ғайып болыпты. Сөйтсе, бұл ұшақ бүкіл жолаушысымен 1955 жылы Майамиден ұшқан бойда із-түссіз кеткен. Араға қырық жыл салып, Каракастың әуежайына қонған. Қырық жыл бойы қайда болды? Белгісіз.

Тағы бір қызық жайт, 1996 жылы 20 қарашада Англияның Саунт-Фортленд ауданындағы бір алаңқайға әскери ұшақ қонған. Ұшқыш түскен бойда жақын маңдағы үйден шығып, ұшаққа қарап тұрған қыздан «бұл қай жер?» деп сұраған көрінеді. Қыз мекен-жайды айтып, ұшқыштың ауырып тұрғанын көріп, дәрігер шақырыпты. Ұшқыш өзін Джон Э. Уокер, АҚШ әуе күштерінің лейтенанты деп таныстырған. Айтуынша, 1944 жылы 9 сәуірде Бельгия аспанында неміс истребителі мұны атып түсірген. «Отқа оранған ұшақ жерге құлап келе жатқынын білем, ар жағы есімде жоқ», деп жауап берген ұшқыш. Тексере келгенде, ұшақ расында Екінші Дүние жүзілік соғыста болған Р-40 (Кертис) атты ұшақ болып шыққан. Тіпті ұшаққа тиген жау оғының тесіктері де анық сақталған. Сол 1944 жылдан бері ұшақ қайда болған? Бұл да анықталмаған дүние.

Тағы бір мысал. 2002 жылдың қараша айында Бака-Ратон (Флорида штаты) әуежайына бір моторлы кішкентай ұшақ қонған. Бұл ұшақ «Рэдфорд-Роуз» деп аталатын өте ескі ұшақ болатын. Ұшақты бейтаныс кемпір басқарып келген. Ол өзін Бьюлой Хендерсон деп таныстырып… «жасым 20-да деген көрінеді». «1923 жылы аспанға көтеріліп едім, бір қап-қара бұлтқа тап болып, қонар жерімнен адасып қалдым. Амалсыз бірінші кездескен әуежайға қонуды ұйғардым» деп жердегілерге ағынан жарылыпты…

Өкінішке қарай, ол 1923 жылдан кейін болған оқиғалардың ешқайсынан хабарсыз болып шыққан. Өзін әлі жиырмадағы қызбын деп сезінетінін мәлімдеген. 1923 жыл қайда, 2002 жыл қайда? Сонда қыз мінген ұшақ 79 жыл бойы қайда жүрген? Бұл да жұмбақ жайт.

Тізе берсең, мысал көп. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, «уақыт ойығына» тап болған жандар әлгі кеңістікте небәрі санаулы минуттар болуы мүмкін. Бірақ ол минуттар жердегі уақытпен есептегенде ондаған жылдарға созылып кетуі мүмкін деседі. Иланбасқа тағы болмайды.

1923 жылы ұшақпен көкке көтерілген америкалық 20 жасар қыз Бьюлой Хендерсон тылсым күшке ие қара бұлттың ішінде бәлкім ондаған минут қана болуы әбден мүмкін. Бірақ жерге қонғанда 79 жыл арада зыр етіп өте шыққан. Санаулы минуттарда арса-арса кемпір болған Бьюлай өзін қалай сезінді екен, ә?

1982 жылы Кеңес елінің әскери ұшқыштары Украина аспанында кетіп бара жатып кенеттен «уақыт ойығына» тап болған. Сонда олардың көргені… төменде қызыл жұлдызы бар кеңес елінің ауыр бомбалаушы ұшағын немістің ұшқыр истребительдері қуалап, атқылап жүр. Одан төменде, яғни жерде қым-қиғаш соғыс жүріп жатыр. Жарылып жатқан снаряд, бомба, атойлап бір-біріне қарсы ұмтылған әскер, қаптаған танк… Бұл әрине, санаулы секундтар ішінде ұшқыштарға көрінген көрініс еді. Іле таң-тамаша соғыс көзден ғайып болған. Осы жерге қайта айналып келген ұшқыштар қайтып әлгі майданды көре алмаған…

Шамасы, бұл «уақыт ойығында» сақталып қалған Ұлы Отан соғысының бірі көрінісі болса керек…

Жалпы, Жер бетінде түрлі құбылыстар қайталанып тұратын ғажайып нүктелер жеткілікті. Бірақ ондай жерлерде болатын тылсым құбылыстардың құпиясын ғылым әлі толыққанды шешкен жоқ.

 

дереккөз: 365info.kz