Дереккөз: el24kz

Өткен ғасырдың 1960 жылдары ауылда «Ильич шамы» жоқ, оның орнында керосин шамы болды. Осылай керосин шамына шомылған ауыл қараңғылыққа тұншығып, кешкі тіршілік басталатын. Шам жарығымен балалар сабаққа дайындалады, әкеміз бітпей қалған шаруаларына кіріседі. Анамыз пеш жағып балаларына тамақ дайындайды, жыртылған киімдерімізді жамап, бүтіндеп береді.

Осылай керосин шамына шомылған кешкі ауыл тіршілігі басталатын. Маңайымыздағы ауылдарда да осындай жағдай. Ал электр жарығы тек аудан, совхоз орталығында ғана бар деген үлкендердің айтқандары бізге ертегідей естілетін.

1968 жылы әкемнің 2 дүниежүзілік соғыс жылдары «Біләл» мектебінің директоры болған Нұржан Әуелбекұлының осы аталмыш мектепте оқыған баласы Еркін Нұржанұлы «Көкшетау» облысының 1 хатшысы болып келгенін мақтанышпен айтып, мүмкін біздің ауылға да бір шарапаты тиіп қалар деген үміті, бізге қанат бітіргендей болатын. Ал балалардың арманы ауылда «электр светі» болса деген тілек қой.

Кезінде «Қаратал» колхозы қуатты шаруашылық болатын: ауылда жел диірмен, наубайхана, құс фермасы, мыңғырған төрт түлік малы болды. Негізгі құралдар ауыл шаруашылық жұмыстарын атқаруға жеткілікті еді. Бірақ Хрущевтің ауыл шаруашылығын ірілендіру саясаты кезінде 1961 жылы колхоз тарап, «Заветы Ильича» совхозының бөлімшесі болып қалды. Халық жан - жаққа үдере көшіп, ауылда 20-30 үйдей қалған кез.

1968 жылы ақпан айында ауылға Әуелбеков Еркін келіп, ауыл басшыларымен кездесіп, өзі оқыған мектептің қирағанына қынжылып, ауылдың атқамінерлеріне «тым болмаса мұражай қылып неге сақтамадыңдар» деп ұрысса керек. Содан ауыл жұртшылығымен сөйлесіп, олардың тілек - мұқтаждарын тыңдап, оны орындауға уәде береді. Жаз шыға ауданнан электриктер келіп бір күннің ішінде электр бағаналарын орнатып, ауылда тұңғыш рет электр жарығы жанды. Әсіресе балалардың қуанышында шек болған жоқ. Өз басым үйдің электр жарығын күндіз - түні сөндіртпей қойғаным бар, өйткені жарықты сөндірсем жанбай қалатындай қорқыныш болды. Тіптен анам енді жарық сөнбейді десе де сенгім келмеді... Бірақ, сол күннен бастап ауыл электр шамының нұрына бөленді.

Осылай Ленниннің 1917 жылы «коммунизм - бүкілді елді электендіру» деген саясаты Қаратал ауылында 1968 жылы маусым айында Әуелбеков Е.Н. пәрменімен жүзеге асты. Электр желісі ауыл өміріне тың серпін берді, ауылда су торабы, бу қазандығы, кір жуатын машиналар, тоңазытқыш, теледидарлар, автокөліктер т.б. пайда бола бастады... Бұл ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартты.

Тағы бір айта кететін жайт Еркін Нұржанұлы 1969 жылы 23 тамызда құруға шақ тұрған алты қазақ ауылының басын қосып «Қаратал» кеңшарын құрды. Бұл ауыл үшін тарихи уақиға болды. «Қаратал» кеңшары 35 мың бас қойы, 2 мың бас жылқысы, 1200 қара бас малы болған ірі шаруашылық дәрежесіне көтерілді. Бір өкініштісі тәуелсіздік жылы қабылданған шала экономикалық реформа шаруашылықты құрдымға жібергені...

...Көкшетау қаласында оқыған кезде «Ленин сарайының» төбесінде облыстың үкіметке тапсырған астығының мөлшерін көрсететін табло тұратын, оқудан шығысымен сарайдың жанына «әдейлеп» барып, тапсырған астықтың көлемі ұлғайғанын көріп қатты қуанамын. Өйткені Еркін ағаның абыройы көтерілгенін қатты қалайтынмын...

Ерсін Ерғалиев