Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының 2017 жылдың 12 сәуірі күні «Болашаққа бағдар –рухани жаңғыру» мақаласын жариялағаны баршамызға аян. Мақала жарияланғаннан бастап түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылып, халықтың рухани тұрғыда жаңғыруына басымдық берілді. Нұрсұлтан Әбішұлы: Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жағырыққа айналуы оп-оңай. Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлердің алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын – деп атап өткен еді. Әрине, рухани жаңғыру ең алдымен жастардан бастау алуы тиіс. Себебі қоғамның ең басты қозғаушы күші де жастар. Осы орайда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Менің елім» тарихи өлкетанымдық жобасы бастау алды. Бұл жобаға университет қабырғасындағы ұйымдар мен клубтардың белсенді студенттері іріктеліп алынып, мақсаты түсіндірілген еді. Жобаның бірінші бағыты: «Өлкенің бай мұрасы –қазыналы Оңтүстік» атты жол торабы болды. Оған жалпы алғанда 25 студент аттандық. Оңтүстік өңірлерлерге жолға шыққан студенттер дені еліміздің солтүстік, шығыс және батыс аймағынан еді. Айта кетерлігі, жобаның тағы бір мақсаты ретінде жастардың басқа аймақтар туралы қалыптасқан пікірлерін жақсы жаққа өзгертіп, тарихқа жақындастыруды алу болатын. Ендеше біз Оңтүстік ғажайыптарын көруге бел будық.

Шырайлы шаһар Шымкент

Отырардың тереңнен тартатын тарихына қанығып, кеудемізді қуанышқа толтырып, шырайлы шаһар Шымкентке де жеттік. Саны жағынан басым, аумағы Қазақстанның көптеген қалаларынан үлкен бұл қаланың өзіндік ерекшеліктері бар. Мүмкін бізге құдайдың қарасқаны болар, сапар бойы үнемі ауа-райы ашық әрі жылы болып тұрды. Алып шаһарға табан тигеннен бастап көңіліміз кереметті іздеп, таң ғажайыпты күткендей болып жүрді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жатаханасына жайғасып, сапар кезінде жиналған бейне материалдарды сұрыптап, ертеңгі күнге қамдандық. Ертеңіне бізді маңызды күн күтіп тұрған еді. Таң ата мәре-сәре болып, «Енді қандай жерді көрер екенбіз» - деген ойда қала шетіне кеттік. Келген жеріміз Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ата-анасы Ибрахим ата мен Қарашаш ананың мәңгілік мекені Сайрам болды. Бізге жеткен деректер бойынша Ибрахим ата 10 ғасырдың аяғы мен 11 ғасырдың басында өмір сүрген. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың әкесі және ұстазы болған. Өз заманында дінбасы болып, халыққа дінді үйретіп, сауаттарын ашқан дейді. Кесененің шырақшысы өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауи 7 жасқа толған соң, әкесі Ибрахим ата батасын беріп түйеге отырғызып: «Балам, түйе қай жерге шөгеді, сол жерге тұрақтап дінді тарат» - деген екен дейді. Ал Қарашаш анамыз өз қатарлы қыз-келіншектердің сауатын ашқан мейірімді адам болған. «Аңыз түбі – ақиқат», бір анығын Алла біледі.

Әулиелердің ғұмырынан ғибрат алып, «аумин» деп бет сипаған соң Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұртқа жол тартық.

«Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие боламаса неге қалған». Бұл халық арасында жиі айтылатын сөз. Жер жүзін топан су басқан шақта Нұх пайғамбар барлық тіршілік иесін кемеге тиеп, өмір сүруге қолайлы жер іздеп, дәл қазіргі Қазығұртқа келіпті-мыс. Қазақтың қай жерін алмасақ та қасиетті.

Ең алдымен табиғатын сөз етер болсақ, сөздік қорымыз жетпес еді. Сары далаға айналып, салқын самал желі ескен қоңыр күздің иісін сезіп жүрсекте, табиғатымен тарихы біте қайнасқан Қазығұрттың тамашасына тоймадық. Жергілікті ел ағалары сапар барысында бой көтеріп жатқан жастар саябағын көрсетіп, нысанның маңызын тілге тиек етті. Одан әрі деректерге сүйене отырып, аңыз бен ақиқаттың арасын жалғайтын 2006 жылы қойылған туристік нысан ретінде аудан қажетіне жарап келе жатқан кемені көріп, бір таңырқадық. Байқағанымыз, кеменің қаңқасы тұрған тау мен Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған таудың ара қашықтығы бір-бірінен алыс емес. Көз жетер жерде көрініп тұрды. Кеме жанында естелік суреттерге түсіп, Қазығұрт тауына дәлірек айтқанда Ақ бура атаның зиратына баруды жөн санадық. Күн ұясына батар сәтте, тау ішіне еніп, айналма жолмен зираттың басына да жақындадық. Зиратқа енбес бұрын сылдырлап аққан бұлақ суына шайынып, рухани тазару үшін ниет еттік. Тау іші өзіндік бір әлем секілді. Тылсымы көп, құпиялы жер деуге болады. Шырақшының соңынан ере отырып, Ақ бура атаның басында малдас құрып бір сәт аңызын тыңдадық. Аңыздың айтуынша: «Әкесі құдайды сүйген, молда кісі екен. Баласын сауатты болсын, дінді танысын деп оқуға жіберген және сол кездегі Қожа Ахмет Ясауимен бірге оқығандардың бірі дейді. Қожа Ахмет Ясауи құрған сопылық жамағттың ішінде болып, иманын күшейткен әулие дәрежесіндегілердің қатарынан», - деп шырақшы тамағын кернеп одан әрі: «бұрындары бұл жерде ауыл болған, өткен ғасырда Кеңес үкіметінің ықпалы тигесін ауылда адам қалмаған» - деп сөзін аяқтады. Тау ішіндегі бұлақ негізінен жаңбыр мен қар суының жиналуынан пайда болған. Емдік қасиеті бар бұлақ суына шөл қандырып, қалаға қарай жөнелдік.

Келесі күніміз қуаныш пен эмоцияға толы болды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болып, тарихымен танысып өттік. Сонымен қоса, ОҚМУ-дың акті залында концерттік бағдарлама болып, университет жастары өнерлерін ортаға салды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласының маңызын түсіндіру баршамызға ортақ міндет. Сапарымыздың басты міндеттерінің бірі де сол болатын. Жетекшіміз, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жастар саясаты бөлімнің бас маманы Ерхан Ордабаев қалың көпшілікке Елбасы мақаласының жастар үшін тигізер пайдасын ерекше атап өтіп, университет басшылығына университет атынан естелік сыйлықтар табыстады. Концерттік бағдарлама мұнымен бітпеген еді. «Менің елім» жобасымен келген студенттерлің барлығына ОҚМУ ректоры Жұмахан Үшкемпірұлы атынан алғыс хаттар табысталды. Шара барысында ОҚМУ-дың Нұржанат есімді студентімен ЕҰУ-дың Әлеуметтік қолдау бөлімінің аға маманы Нұрғанат Қайратұлы сөз қағыстырып, кішігірім айтыс ұйымдастырды. Студенттік өмірдің қызығы әрдайым ізденіс үстінде жүріп, жаңашылдыққа ұмтылу. Қаланың көрінісі біздер үшін әлі де болсын жұмбақтау еді. Шарадан соң қаланы аралап, сауда орындарына бас сұғып, көрікті жерлеріне барып үлгердік.

 

Рухани жаңғыру дегеніміз – тақырыбын желеу етіп, концерт ұйымдастыру емес. Рухани жаңғыру дегеніміз – сананың жаңғыруы, дүниетанымның кеңеюі, тәуелділіктен құтылып, құндылықтар арқылы кемелдену. Елбасының өзі айтқандай «Болашақ – жастардың қолында!» 

 

 

 

Жанұзақ Койчукулов

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

 Журналистика және саясаттану факультетінің студенті,

«Көзқарас» баспасөз клубының мүшесі