Бүгін облыс әкімдігінде облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен Елбасы Н. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуіне орай актив жиыны өтті. Жиынға селекторлық режимде аудан-қалалардың басшылығы да қатысты. Негізгі баяндаманы жасаған облыс басшысы А. Баталов бес бастамаға жеке-жеке тоқталып, осы бағыттар бойынша облыста атқарылуы тиіс міндеттер жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Баяндамашының айтуынша, Президенттің баспананы қолжетімді етуге бағытталған «7-20-25» бағдарламасы өңірдегі тұрғын үй құрылысына жаңа қарқын бермек. Биылғы жылы облыста пайдалануға берілетін тұрғын үйлер көлемін 1 млн. шаршы метрге жеткізу көзделуде. Бұл орайда екінші деңгейлі банктер несиелік тұрғын үй құрылысына белсенді түрде тартылуы тиіс. Ал екінші бастамада айтылған жалақысы төмен азаматтар үшін салық мөлшерін азайту жалдамалы жұмыскерлердің, оның ішінде әлеуметтік, қызмет көрсету саласында еңбек ететін және техникалық персоналдың жалақысының өсуіне ықпал ететін болады. Ал мемлекеттік гранттардың санын арттыру және білімгерлерді жатақханамен қамту туралы бастама бойынша да алда атқарылар жұмыс ауқымды. Мәселен, биылғы жылы облыста 16588 мектеп бітіруші болса, енді Президенттің бастамасымен еліміздің ЖОО-ларына грантқа түсетіндер саны бұрынғыдан да арта түсетін болады. Оған қоса облыс әкімінің грантымен жергілікті бюджет есебінен 438 адам оқып жатыр. Биылғы жылы тағы 100 грант беру көзделіп отыр. Ал жатақхана қажеттілігі облыс орталығындағы І. Жансүгіров атындағы ЖМУ мен өңірдегі бірқатар колледжерде байқалып отыр.

Сонымен қатар өз сөзінде облыс әкімі Елбасының «Шағын несие беруді көбейту» туралы бастамасына да тоқталып өтті. «2017 жылы 4,3 миллиард теңгенің 840 шағын несиесі берілді. Қаражаттың жетпеуінен 3148 адам шағын несие ала алмады. Елбасының бастамасында қосымша 20 миллиард теңге бөлу мәселесі көтерілді. Біз өз кезегінде, осы қаражатты пайдалана отырып, шағын несие алуға ниет білдірген көптеген тұрғындарды қамти аламыз», - деді А. Баталов.

Газдандыру жұмысына қатысты бесінші бастамада кеңінен айтылған. Осыған орай облыс әкімі А. Баталов бүгінгі күні 11 ауданда газдандыру жұмысы жүріп жатқанын, оған 8,5 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті. Талдықорған қаласында қалаішілік газдандыру жүйесінің бірінші кезегінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Қазір екінші, үшінші кезектің құрылысы басталды. Сондай-ақ Қапшағай қаласында абоненттерді көгілдір отын жүйесіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде Текелі қаласына дейін газ құбырын тарту және «Бақанас», «Сарыөзек» және «Үштөбе» АГТС құрылыстары жүруде.

Сөзінің соңында облыс әкімі А. Баталов:

- Осы аталған бес бастаманың да маңызы зор. Әлеуметтік саланы көтеру үшін, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып беріп отыр. Сондықтан мен тоқталған мәселелерге қатысты орынбасарларым мен тиісті басқармалар басшыларына әр бағыт бойынша нақты жоспарлар әзірлеуді, оны жүзеге асыруда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін жандандыруды, Елбасымыз ұсынған бес бастаманы халыққа түсіндіріп, насихаттау жұмыстарын бастауды тапсырамын. 12 наурызға дейін әр бағыт бойынша Ұлттық банк, қаржы институттары, «Атамекен» Ұлттық

кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындарымен және басқа да мүдделі органдармен келісілген Жол картасын дайындап, оны тез арада іске асыруымыз керек, - деді.

Мұнан соң сөз алған «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғ. Шалқымбаев тұрғын үйдің қолжетімділігі туралы банк шарттары жайлы баяндаса, Талдықорғандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Бәйтерек» оңалту орталығының дефектолог мұғалімі Ақбота Нүсіпжанова салық жеңілдігіне ілінетін азамат ретінде ой қосты.

Сонымен қатар Талдықорған политехникалық колледжінің директоры Ерқат Мұқажанов гранттар санын ұлғайту мен жатақханамен қамту мәселесіне қатысты пікірін білдірді. Аталмыш колледждің күндізгі бөлімінде 1622 студент оқыса, соның 960-ы шалғай ауылдардан келген білімгерлер. Ал білім ошағының жатақханасы 200 орындық. Бұдан бөлек өңірдегі бірқатар колледждерде де жатақхана қажеттігі туындап отыр. Осы мәселеге орай облыс әкімі А. Баталов тиісті басшыларға жатақхана қажеттілігі туралы мәліметтерді әлі де толық нақтылап, ғимарат құрылыстарын заманауи үлгіде жобалау қажеттігін ескертті.

Мұнан соң Алматы облыстық «Атамаекен» Кәсіпкерлер ұлттық палатасының директоры Н. Әбілшайықов пен «Талдықорған қаласы газ бөлу жүйесінің құрылысы» жобасының жетекшісі А. Петлин сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Олардың барлығы да 5 бастаманың игілігі мен оған қосатын өз үлестері туралы айтты.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.