Ақтау қалалық сотында жария түрде жануарға қатыгездік көрсеткен О-ға қатысты іс қаралды,- деп хабарлайды el24.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Ақтау тұрғынына Қылмыстық кодекстің 316-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылды. Сотталушы О. 4 қазан сағат 22.00 шамасында басқа адамдардың көз алдында қасақана мысықтың үстіне секіріп, оны қорлап, мертіктіріп, содан кейін жануарды жақын маңдағы саябаққа тастап кеткен.

Прокурор сотталушыны 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы О. өз кінәсін толық мойындады және бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Сотталушының кінәсі жауап алу хаттамасымен, бейнекамераға жазылған бейнежазбамен, ветеринардың қорытындысымен дәлелденді.

Жазаны ауырлататын мән-жай жоқ, айыпты өкінген. О. сот үкімімен ҚК 316-бабының 3-бөлігі 5-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.