25 қазан күні «Нұр Отан» партиясы Көксу аудандық филиалы аудандық «Жас Отан» жастар қанатының қатысуымен «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында «Жақсы мамандық – Жақсы жұмыс» атты жастар мен ауданға еңбегі сіңген ардагерлердің кездесуі өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков, Көксу ауданының Құрметті азаматы Сайлаубай Бәзілов, Азияның үш дүркін чемпионы  Әбдуәлі Тастанов,  Аудандық емхана меңгерушісі Салтанат Абдрахманова арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сондай-ақ жаңадан жұмысқа орналасқан жас мамандар, мектеп бітіруші түлектер де атсалысты.

Жастарға ақ  батасын «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлін сомдаған тарихи тұлға Әлімғазы Райымбеков беріп, тарихта өшпес ат қалдырған ірі тұлға болып қалыптасудағы еңбек жолын айтып берді.

«51 жыл еңбек өтілімнің 20-ға жуық жылын мемлекеттік қызметте өткердім. Жас кездеріңде еңбек етуден аянбасаңдар, алынбайтын асу болмайды. Тек қана төзімділік пен еңбек сендерді биік шыңға шығарады», - деп өз тәжірибесімен бөлісіп, ағалық ақыл-кеңесін ауданның Құрметті азаматы Сайлаубай Бәзілов айтып өтті.

Спорт саласындағы жетістігімен Әбдуәлі Тастанов бөліссе, салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы турасында аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Мира Қанаева айтып өтті.

«Жауапкершілігі жоғары  медицина саласын таңдап оқу оңай шаруа емес. Еңбек жолын енді бастап келе жасқан жас мамандарға айтарым, дәрігер қателікке бой алдырмауы керек. Біздің мамандықта шапшаңдық, қырағылық, нақтылық аса қымбат қасиет. Сол себепті, өз күштеріңе сенгендерің ғана осы қиын да қызықты мамандықты таңдасаңдар жаңылыспайсыңдар», - деді.

Өз кезегінде жастар  облысқа танымал ақсақалдар мен аға-әпкелеріне  көкейінде жүрген танымды сұрақтарын қойып мазмұнды жауап алды.

«Партиялықтар тарапынан жастарға жасалған осындай мүмкіндік үшін ризалығымыз шексіз. Біз өмірде таңдау жасаған тұста тәжірибелерімен бөлісіп, өз саласының қызығы мен шыжығын айтқан аға ұрпақтың жүрген жолы біз үшін таптырмас үлгі», - дейді жас маман Бағдат Айтымова.

Жиын соңында қонақтар қатысушалырмен естелікке суретке түсті.

 

 

Қосымша ақпарат үшін: Көксу ауданы бойынша ағымдағы жылы 600-ге жуық 14-29 жас аралығындағы жастардан аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш келіп түсті. Бүгінгі таңда 279 жұмыпен қамтылып, 50 жас жастар практикасын өтуде, 179 жас кәсіби даярлық күрстарына жолданды.