«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі сосын, «Қазақтан тарихы» пәнінің мұғалімі деген екі дипломым бар, екеуі де қызыл, қарап отырам ба, жұмысқа тұрдым, охрана боп. Рахат, бір сөтке істеп, екі күн демаласың, айлығың отыз мың, одан артық не керек, «спокойно» жүргем, Лайка құртты «карерамды».
Лайка деген қайдан, кім әкелгені белгісіз, қаңғып жүрген қаншық ед, сол, террриторияма қаңғалақтап кеп қалған орыс кемпірді «о господи» дегізіп тістеп алғаны. Кемпір баж етті, тірсегінен жылымшы қан ағып, тұр, алып бара жатқан бәлесі де жоқ, сосын ғой, «чей собака?» дегенде тілім қышып «у мое» дегенім. Сүйтіп басым бәлеге қалды менің. «Доғдырға апар» дейді апам. «Жәйша ма?». Осы баяғыда көршім Ілиястың қара мәшкесі талай тістеген «мама» дегізіп, мені қоя берш, сол мәшкесі Ілиястың өзін танымай қап бір-екі рет «ййбай шшш» дегізген, бәлесі де жоқ, жүр ғо әні Ілияс. Ол кезде әке-шешеміз бір-ақ ауыз сөзбен емдейтін – «ештеңе етпейді» Соны айтқым кеп «нечего страшнаба» деп ем, кемпірдің көзі ақшиып, сөйлеп кеп бергені. «Бұл ит құтырған болуы мүмкін, көзін қараш, қызарып тұр, тісінде микроб көп, қанға кетіп қалса жаман болад, баяғыда бір подругасын ит тістеп, ол мән бермей жүре берген, кейін қанына бірдеңе түсіп кеткен бе, білмейм, әйтеуір аяғын кесіпті, қазір екінші группа мүгедек, өткенде Ресейде тұратын қызы кеп жинап отырған пенсиясын әкетіпті, түрікке ма,неміске ма, біреуге тиген екен, ажырасыпты, онысы сүйем сені депті да үйленген соң, Ресейде тұрмайм деп кетіп қапты, енді көктемде келем депті, қысқасы мына иттің бірдеңесі бар, әйтпесе танымайтын адамды неге тістейд?» «Иттер тек танысын ғана тістей ма, танымағасын тістейт та, өзіңнен де бәле бар, нағып жүрсің таң атпай?» дейін десем, орысша түсінуін түсінем, сөйлеуге тіл жетпей діңкеледім-ай кеп, со екіортада бастық кеп қалды да, айтты маған, «маған проблема керек емес дед, мына апаны доғдырға апар дед, екінші рет көрмейтін болайын дед, нең бар қайдағы бір итті асырап дед», короче бинабат боп шықтым сорым қайнап. Әкеміздің сөзін анда-санда жүре тыңдайтын ек, бастыққа өйте алмайсың да, амал жоқ, кемпір мен Лайканы ертіп ап, доғдырға тарттым, таксимен.
***
Бұрын білмейді екем, олардың брашы бөлек болады екен, бөлек болғанымен адамның да, иттің де брашы кәдімгі браш, алдыңа барсаң әлдеқандай боп қалады да, аты-жөнімді, тұратын жерімді, апамның аты- жөнін, паспортымызды, масқара болғанда Лайканың туылған күні мен дәкүментін сұрап лаң шығарғаны. Ол ол ма, «бүгін емес,кейін келіңдер, қарап берейін», деп дәм болсын, құлаққа кірмейті сылтау айтып шықты, онысын қоя берш, «млисаға неге хабарласпадыңдар?» дейд, адамның итін шығарып. Кейбір млиса мен доғдырға ісің түссе аспанның жерге жабысып қалатын әдеті кәдімгі. Айналайын апам, дәл маған жау шаптырғандай оған да жау шаптырып, өзін қазір қарамаса, баратын жеріне барып, жазатын жеріне жазатынын айтып ед, әлгі браш бірінші апамды ап, арғы бөлмеге кіріп кетті, мен Лайканы ұстап отырдым, сәлден соң тірсегіне лекапластр жапсырып апам шықты, браш Лайканы ап кетті, мен апамның қасында отырдым. Оны да көп ұстаған жоқ, тез шықты, тез шыққаны құрысын, «мынаны қарап шыққанын, бірақ, әлі де қарау керектігін, ол үшін он бес күн үзбей әкеліп тұру керектігін, құтырған, құтырмағаны содан кейін ғана анықталатынын, он бес күн бойы иттен көз жазбау керектігін» тәптіштеп түсіндірді. Түсіндіргенде де орысша түсіндірді, орысша түсіндірген соң апам таза түсінді, мен шала түсіндім.
***
Мен, типа екі бірдей қызыл дипломның иесі, көзі ашық, білімді, әжептеуір скалдтың охранасы, (арқасында охрана деген жазуы бар күртеше кием), отыз мың жалақысы бар азамат ем, масқара болғанда складты емес, Лайканы күзетіп кеттім. Ол да тыныш тұрған ба, құйрығы бұлғаңдап таппайтын тесігі, кірмейтін есігі жоқ. Бір рет байлап қойғам, құрысыыыынн, қыңсылығанда төбе құйқаң шымырлап құлағыңды қолыңмен басып, дүниеден безіп кетесің. Бастық атаулы «анауыңның үнін өшір» деп ызғар шашып кетті. Әшейінде біздің онша мұнша өтінішімізді естімейтін бастықтың алдында Лайканың құрметі жоғары, қыңсылап жүріп бостандығына қол жеткізіп алды. Сөйтіп екі бірдей қызыл дипломның иесін соңынан салпақтатып қойды ол. Таң атпай кемпір келед, менің шала сауатты сәлемім оны қызықтырмайд, біріншісұрағы «где Лайка?» Сұраған кезде жанымда тұрса дау жоқ, болмай қалса жүргенің со тентіреп, «Лайканы көрдіңдер ма?» деп әркімнен сұрап. Ол жарықтық жатады, трубаның түбінде күншуақтап. Лайка табылғандағы қуанышымды көрсең, баяғыда қыздарға «жүреміз бе» деп типа сөз айтсаң, «иә» дейтін еді ғо, со кезде де бүйтіп қуанып көрмеген екем. Лайканы көтеріп, кемпірді жетектеп, брашқа тартамыз, таксимен. Өзім өз болғалы екі апта қатарынан таксимен жүргенім болды, отыз мың айлықтың аз екенін де со жолы сезіндім. Браш не істейтінін білмейм, әуелі Лайканы ап, арғы бөлмеге кетед, сосын кемпірді ертіп тағы кетед, мен отырам Лайкамен. Қайтарда айтары бір сөз «ертең келіңдер». Біз қайтамыз тағы да таксимен. Апам әуелде жұмысыма өзі келетін ед, екі күннен соң, үйінен ап кететін болдым, құдды бастығым сияқты, сәл кешіксең бірдеңе, шірдеңелерді айтып ұрсады маған. Онысы да ерунда, күнде үш-төрт мезгіл тексеріп келеді ғо, «Где, Лайка?». Кемпір келгенде ит көрініп жүру керек, амал жоқ жүргенім сол күнұзақ итті айналсоқтап. Бір күн істеп, екі күн демалу қалды жайына, күнде өзім жейм деп бермешел қурып әкелуші едім, енді оған арнап тағы бір порсы әкелетін болдым. Ең арысы әжетханаға кетіп бара жатып әне жердегі адамдарға тапсырып кетем, «Лайкаға қарай тұрш» деп, сұмдық болды ол бір. Мен қарайтын складқа окарашка, балық, колбаса тағы бірдеңелер оптым келетін, содан қалған құтқанын жинап Лайкаға тасып жүрем, ол жұнттай боп семірді, бермешел жемей күйдіретін болд. Өзі тойғаны былай қап, қасына топырлатып біреулерін ертіп жүретінді шығады ол шырағым. «Лайкаға қарай тұрш», «Лайканы көрдің бе?» «Лайканы іздесіп жіберш» деп жүріп бірталай адаммен танысып алдым, көбісі арба айдайтын, жүк түсіретін жұмысшылар (бастықтар бізбен таныспайды), қара жұмыс істейді демесең, олардың да арасында қызыл дипломы барлары бар, тіпті әнебіреуі доцент, біреуі ғылым кандидаты екен. Жас маманы, ғалымы, доценті бар, бәрін жиып соңында салпақтатып қойған Лайкада да арман жоқ, бәрімізді жиып итпен бірге ит қып жіберген қайраааанн апам-ай дим да ішімнен. Бір мезгіл брашка барып келгесін, уақыт көп, мәшкеміз жайылып жүр, апам әңгіме айтад қасыма отырып. Баяғыда аталары көшіп кепті, патша көшірген ба бірдеңе, тың көтеру жылдары Қазақстан миллиард пұт астық тапсырыпты, оның алдында соғысқа біздің еліміз көөөп көмек беріпті, сссрдің кезінде жақсы екен, Горбачев құртып кетіпті, бір баласы бар, онысы Корея ма бір жаққа жұмыс іздеп кетіпті, сүйтіпті-бүйтіпті дейді апамның әңгімесі. Сүйтіп отырып-ақ менің төрт жыл оқыған лекциямды қайталап тастайды Фая «бикеш»
***
Он бесінші күні ақшам тақа таусыла бастады, өзімше жинап-жинап басқа жұмысқа тұрмақшы боп жүргем, иттің құрметіне жаратылып бітуге айналды. «Бүгін соңғы күн ғой, шыдайын» деп барып ем, браш тағы бірдеңені көңірсітіп отыр. Амал жоқ, «өзі бір жақсы адам екенін, кішіпейіл, білімді екені көрініп тұрғанын, негізі ол менің итім емесін, қайдағы бір кемпірге бола танымайтын иттің ит қып жібергенін» тағы бірдеңе-бірдеңелерді айтып жүріп, «мынау еңбегіңіз босын» деп жүріп, құтырмағанына көз жеткіздім, онда да он жетінші күні, оңаша сөйлесіп. Сөйтіп екеуміз апамды сендірдік, ол кетті көңілі жайланып, кеттім кеттім жайыма. Содан бір күні, бір күні болғанда құтырмағанына көзіміз жеткен күннің ертеңіне болу керек, апам тағы кеп тұр «Где Лайка?» деп. Төбе шашым тік тұрды, «тағы не болд?» Сөйтсем, апам байғұс итті асырап алуға кепті, өзі байқап жүріпті, кім боса сол, түртпектей береді, өйтуге болмайды, ит те Құдай жаратқан мақұлық, адамдар жануарларға жанашырлықпен қарау керек, сөйтсе, ана дүниеде сауабы тиеді екен, қысқасы Лайка Фая «бикешпен» бірге кетті. Ееемааее, екі апта сандалтпай «нечего страшнаба» дегенде көне салса, бастығым «күнде осы жерде жүрген ит қой» десе, ана браш барған күні-ақ «құтырмаған» дей салса, жиған тергенім қалтамда қалар еді, ол да сауап шығар, «мен де Құдай жаратқан жануармын ғо» деп айта алмай мен қалдым артында. Сол күні жұмыстан шықтым, қазір боспын, екі диплом жатыр сандықта, анда-санда Лайка есіме түсед, жағдайы менен тәуір шығар деп қоям, өзімше жақсылық тілеген түрім ғой енді, қайтейін, жақсы оқыған жас маманды жұмысқа алайық, сөйтіп сауап жинайық дейтін ешкім болмай тұр, әзірге...