Ерсін Ерғалиев

1. Сөйлесіп тұрған екі қарияның бірі: «Жасарудың жолын таптым,- дегеніне елең етіп, еріксіз құлақ түрдім, - «Мен өлең шығара бастадым, таныстар енді мені «жас ақын» деп атай бастады», - десе, екіншісі: «Е, бәсе! Жуырда докторлық дисертация қорғап едім, айналамдағылар мені «Жас доктор» деп айта бастады», - дегенде «адам қартайса жас бала деуші еді» деп еріксіз езу тарттым.

 

2. Бір күні жаңадан пәтер алған құрдасыма қонысын құттықтауға барсам, ол қалың ойда отыр екен. «Ау, сенің қуанышың қайда?» - десем: «осы ағайындар тілек тілегенде шаңырағың биік болсын, шаңырағың биік болсын деп айта беруші еді, енді міне маған 9-шы қабаттан пәтер тиіп отыр» деп ренішін білдіргені. Мен не айтарымды білмей қалдым.

 

3. Қалалық бақта демалып отыр едім, жанымда әңгімелесіп отырған екі апайдың бірі: «Басымның қайғысы аз боп жүргендей, оған «Гюмиштің»(Гюмиш түрік киносының кейіпкері) қайғысы қосылды» дегенде еріксіз күліп жібердім.

 

4. Экономика пәні. Сабақтың тақырыбы: Голандия мемлекетінің экономикасы. Мен: «Голандия Еуропада орналасқан. Астанасы – «Амстердам». Ұлттық ақшасы - «гүлден» дей беріп едім, бір студент: «Ағай, голандтарда қазақ тілінде сөйлей бастаған ба?», - дегенде студенттер ду күлді.

 

5. Екі биологтың әңгімесіне куә болдым. Бір биолог: «шет елде бір биолог тұқым қуалаушылық заңын зертеу үшін жаңа туған бұзаудың бір аяғын кесіп алып, одан туған бұзаулардың да аяғын кесіп тастап отырған екен, содан төртінші ұрпағында аяғы жоқ бұзаулар туа бастады», - дегенде, екінші биологым: «мүмкін емес, мұсылмандар өмір бойы сүндеттеліп келеді, бірақ дүние есігін ашқан нәрестелердің сүндеттеліп туғанын көрген жоқпын», - деді таңқала.

 

6. Бірде құрдасымды қалада көріп: «Ау, жұмыс қайда, қалада не қылып жүрсің?», - деп едім, ол күмілжіп: «жұмысқа бара жатып, жанымнан туысымның «Москвич» машинасы өтіп бара жатқан соң тоқтатып «жұмысқа апарып таста» деп айтайын десем, шофері орыс екен содан оған «кете бер» деп айтуға ұялып, машинасымен қалаға келіп, енді ауылға қалай барарымды білмей тұрмын, қалтамда ақша жоқ», - дегені. Мен оның аңқаулығына күліп-күліп автобусқа билет әперіп досымды қайта ауылға жібердім.

 

7. Бір журналиске жұмысым болып редакциясына барсам, ол жоқ екен. Ендеше күте тұрайын деп орындығына отырып тосып отыр едім, бір кезде күткен журналисім кіріп, менімен амандасты да, есік жаққа қайта беттегенде «Уау, досым қайда кетіп барасың»,- деп едім. «Е, бәсе! Мені жұмысымнан шығарып, сені менің орныма жұмысқа алған шығар деп үйге қайта кетіп бара жатыр едім», - деп қуақылана жымиғаны.

 

8. Бір күні үйге келе жатсам жасы қырыққа таяп қалған әйел үйінің жанындағы опа қарды тазалап жүр екен. Мен де тыныш тұрмай әйелге «не дегенмен күйеуіңіз бақытты екен» деп едім. Ол жұлып алғандай «мен әлі қызбын» дегені. Мен не айтарымды білмей қалдым. Сөйтсем әлі тұрмысқа шықпаған жасы жеткен қыз екен.

 

9. 1990 жылдары біздің кеңшарға Моңғолиядан бірнеше оралмандар отбасы қоныс тепті. Енді оралмандар өздеріне керек жабдықтарды сұрауға директорға барса, ол оларды жүре тыңдап, қазақша бастаған сөзін орысша жалғастырса керек. Орысша білмейтін оралмандар бір кезде моңғолша сөйлеп кеткен екен. Абдырап қалған директор «ау, сендер, не деп кеттіңдер», - деп амалсыз қазақшаға көшіп, олардың өтініштерін қанағаттандырыпты.

 

10. Базардағы жұмысымды бітіріп, машинамның жанында мұрнымды шұқылап тұр едім, жанымнан жас қыздардың сыңғырлаған күлкісі естілді, оларға мән бермей ары қарай мұрнымды шұқылай бердім, қыздардың күлкісі одан сайын күшейе түсті. Мен шыдай алмай «Қыздар, сендер неге бетімен күле бересіңдер?», - деп кейіп едім, олар сылқ-сылқ күліп «Бүгін шахтерлер күні емес еді ғой деп күліп тұрмыз», - дегенде не айтарымды білмей қалдым.

 

11. Мен бірде құрдасыммен шаштаразға барып шашымды алдырдым. Сыртқа шыққан соң құрдасым: «шашымды алғаны үшін менен 200 теңге алды, - деді. «Ендеше менің шашымды алғаны үшін 500 теңге алды», - дедім. Сонда жолдасым «Неге қымбат төлегенсің?», - деп таңғалды. «Әй, досым-ай, бұл жерде олар шашты емес, басты бағалап тұр-ау деймін», - дегенде ол күліп жіберді.