Реинкарнация: жанның қайта тууы мүмкін бе?

 

el24.kz Адам жаны өледі ме, әлде басқа денеде қайта тіріле ме? Бұл – адамзат санасын мыңдаған жылдар бойы толғандырған сұрақ. Реинкарнация, яғни жанның бір тәннен екінші тәнге өтуі, көптеген мәдениет пен дінде бар ұғым.

Шығыстың сенімі

Буддизм мен индуизмде реинкарнация негізгі сенім жүйесіне кіреді. Олардың нанымында, адамның қазіргі өмірі – бұрынғы өмірдегі іс-әрекеттерінің (кармасының) нәтижесі. Бұл өмірде жасаған жақсылық не жамандық – келесі өмірдегі тағдырына тікелей әсер етеді.

Батыс көзқарасы

Христиан діні жандардың қайта тууын қолдамайды, бірақ бұл тақырып батыс философиясында да қызығушылық тудырып келеді. Кейбір заманауи психологтар – мысалы, Карл Юнг – адам жанының «ұжымдық бейсаналыда» сақталатын естеліктері барын айтып, жанның мәңгілік болатынын жанама түрде мойындайды.

Ғылыми көзқарас

Ғылым нақты дәлел ұсынбайды. Бірақ соңғы жылдары белгілі психиатр Ян Стивенсон мен Джим Такер секілді ғалымдар кішкентай балалардың өздерін "бұрын басқа адам болғанын" айтып берген жүздеген жағдайын зерттеген. Олар кейде өздерінің "алдыңғы өмірінде" болған оқиғаларды дәл сипаттаған.

Қазақ танымы

Қазақ халқында да «жаны басқа адамда жүр» деген ұғымдар кездеседі. «Бір кем дүниеде» өмір сүріп, кейінгі ұрпақ арқылы жалғасу идеясы халықтың рухани мұрасында бар.


Реинкарнация – дәлелденбеген, бірақ мүлде теріске шығаруға да болмайтын құбылыс. Жанның мәңгілік табиғатын сезетін адам үшін бұл өмір – жалғыз емес, жалғасы бар жолдың бір аялдамасы ғана болуы мүмкін.

Ал сіз қалай ойлайсыз – жан қайта туа ма?

Қыркүйектен бастап мобильді аударымдар қатаң тексеріледі: жаңа ереже күшіне енеді

 

el24.kz Қазақстанда 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мобильді аударымдарға қатысты жаңа салықтық бақылау ережелері күшіне енеді.

Бұл өзгерістер көлеңкелі экономикамен күресуді және тіркелмеген кәсіпкерлікті анықтауды мақсат етеді.

Қаржы министрлігінің ресми мәліметінше, жаңа талаптар жеке тұлғалардың атына келіп түсетін жүйелі мобильді аударымдарды сараптауға мүмкіндік береді. Егер белгілі бір шектерден асса, салық органдары кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қарап, тексеру жүргізе алады.


 Қандай жағдайда тексеріледі?

Жаңа ережеге сәйкес, егер бір адамға қатысты келесі екі шарт орындалса:

  1. Бір ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамнан мобильді аударым келіп түссе;
  2. Үш ай қатарынан аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (МЗП) асып кетсе
    (2025 жылғы есеппен бұл шамамен 1 020 000 теңге),

онда бұл операциялар кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қаралып, салық органдары бақылауына алынады.


 Кімдерге қатысты емес?

Қаржы министрлігі бұл талаптар:

  • Жалақы, зейнетақы, шәкіртақы;
  • Әлеуметтік жәрдемақылар;
  • Несие немесе депозитке қатысты жеке аударымдарға
    қатысты қолданылмайтынын нақты атап өтті.

Сонымен қатар достар мен туыстар арасындағы қарапайым аударымдар да бақылау шегінен тыс қалады.


 Кәсіпкерлер не істеуі керек?

Жаңа ереже бойынша табыс тауып жүрген азаматтарға:

  • ЖК (жеке кәсіпкер) ретінде тіркелу;
  • Сауда жасағанда POS-терминал немесе QR арқылы төлем қабылдау;
  • Төлем үшін фискалдық чек беру міндеттеледі.

Қаржы министрлігі бұл талаптардың тіркелмеген кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін ғана енгізілгенін және қарапайым азаматтардың құқықтарын шектемейтінін мәлімдеді.


 Жаңа тәртіп қашан күшіне енеді?

 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап.

Осы күннен кейін жоғарыда көрсетілген талаптарға сай мобильді аударымдар күшейтілген салықтық бақылауға ілігеді.


Қыркүйектен бастап мобильді төлемдерге қатысты талаптар нақтылай түседі. Кәсіпкерлікпен айналысып, бірақ тіркелмеген тұлғалар үшін бұл – заң алдында жауапкершілікке тартылмаудың бір жолы. Ал қарапайым азаматтар үшін алаңдауға негіз жоқ.

Жаңа оқу жылы: ата-аналар мен мұғалімдерге не өзгерді

 

el24.kz 2025–2026 оқу жылы қарсаңында еліміздің білім беру саласында бірқатар жаңа өзгерістер енгізілуде.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, биыл оқу бағдарламалары жаңартылып, мұғалімдердің жұмыс жүктемесі мен мектеп формасына қатысты нақты талаптар белгіленді. Бұл өзгерістер оқушыларға да, ата-аналарға да, ұстаздарға да қатысты.

Оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады, 31 мамырда аяқталады. Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу аптасы сақталып отыр. Алғашқы жеті күнде олар жеңілдетілген режимде оқиды.

Жаңартылған оқу бағдарламалары негізінде математика, жаратылыстану және қазақ тілі пәндерінің мазмұны тереңдетілді. Сонымен қатар бағалау жүйесі де жеңілдеп, тоқсандық бақылау жұмыстарының саны азайтылды. Енді әр пәннен оқушылар жоба жұмыстары мен практикалық тапсырмаларды көбірек орындайды. Бұл оқушының ойлау, талдау қабілетін арттыруға бағытталған.

Мұғалімдердің апталық жүктемесі кәсіби стандартқа сай қайта қаралды. Енді дәптер тексеру, қосымша сабақ өткізу сияқты жұмыстарға арнайы ақы төленеді.Бұрынан бар жүйе күшейтілді.Электронды журнал жүргізу де жеңілдетілген.

Мектеп формасына қатысты да бірқатар ереже өзгерді. Министрлік ата-аналарға мектеп формасының міндетті екенін, алайда қымбат киім алудың қажеті жоқ екенін ескертті. Форманың түсі мен үлгісін мектеп кеңесі бекітеді. Діни немесе сәндік сипаттағы киім үлгілеріне жол берілмейді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жергілікті әкімдіктер тарапынан мектеп формасы тегін берілуде.

Балабақшаларда электронды кезек пен eGov.kz арқылы өтініш қабылдау жалғасады. Бастауыш сыныптарда цифрлық оқулықтар мен планшет арқылы оқу жүйесі кейбір өңірлерде пилоттық жоба ретінде енгізіледі. Сонымен қатар, интернет қауіпсіздігіне де ерекше мән берілуде.

Министрлік ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға шақырып отыр. Мұғалімдер үшін курстар мен сертификаттау талаптары да жаңартылды.

el24.kz анықтамасы
2025 жылы елімізде 7 700-ден астам мектеп жұмыс істейді. 250-ге жуық жаңа мектеп салынған. 1-сыныпқа 400 мыңнан астам оқушы қабылданады. Мектепке дейінгі біліммен қамтылған балалар үлесі 98 пайызға жеткен.

Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды

                                     фото tengrinews.kz тен алынды

el24.kz Астанада "Biz Birgemiz Qazaqstan-2030" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот үкімі шықты.

Екеуі аса ірі көлемде алаяқтық және қаражатты заңдастыру фактілері бойынша кінәлі деп танылып, тиісінше 10 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу мәліметінше, олар халықтан қайырымдылық көмегі ретінде жиналған 3,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жеке шоттарына аударып, элиталық пәтерлер, люкс көліктер, бизнес нысандар мен зергерлік бұйымдар сатып алған.

Сот шешімімен:

  • Mercedes-Benz S450, Lexus LX 600 көліктері;
  • Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше пәтер мен тұрақ орындары;
  • Rebel Flowers компаниясының барлық үлесі;
  • Жүздеген миллион теңге мен мыңдаған доллар тәркіленді.

Сонымен қатар, сот оларды қайырымдылық саласында қызмет ету құқығынан 10 жылға айырды. Айыпталушылар үкіммен келіспейтінін білдіріп, апелляциялық шағым түсірмек.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Елордадағы әскери базада бір сарбаз жарақат алды

 

el24.kz Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанадағы әскери авиациялық база аумағында қауіпсіздік шараларының бұзылуы салдарынан бір әскери қызметкер жарақат алған.

"Зардап шеккен әскери қызметкер дереу елордалық медициналық мекемеге жеткізілді, оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты",деді ведомство өкілі.

Оқиға жұмыс барысында болған.Қазіргі уақытта жағдайына байланысты тексеріс жүргізілуде.

Қорғаныс министрлігі тарапынан қызметтік тергеу басталды.

Жаңа ауруханада – алғашқы қуаныш: тұңғыш сәби дүниеге келді

                             фото видеодан скриншот жасалған

 Мұнайлы аудандық жаңа орталық ауруханада алғашқы сәби дүниеге келді. Бұл қуанышты сәт – Басқұдық ауылдық округінің 21 жастағы тұрғыны Жұлдыз Қуанышованың тұңғышын дүниеге әкелуімен есте қалмақ-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.

150 орындық жаңа аурухана жақында ғана пайдалануға берілген болатын. Жаңа нысанның тарихындағы алғашқы босану табиғи жолмен өтті. Жас анаға акушер-гинекологтар мен неонатолог мамандар кәсіби көмек көрсетіп, босану барысы толық медициналық бақылауда болды.Сәбидің салмағы 3 келі 580 гр. Дәрігерлер ананың да, баланың да жағдайы жақсы деді. Ата-әжесі тұңғыш немересіне Нұрхан есімін қойды.

Аурухана директоры Жанар Есенғалиқызы мен басқа да дәрігер, медбикелер жаңа туған нәрестенің анасы мен әжесін арнайы барып құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады.

Айта кетейік, жаңа аурухана ана мен балаға қолайлы жағдай жасауға, аудан тұрғындарына қолжетімді, заманауи медициналық көмек көрсетуге бағытталған.

 

 

Алайда бағасы 3500 теңгеден асатын билеттер үшін комиссиялық алым сол күйі қалады.

 15 қаңтар, яғни ертеңнен бастап Қазақстанда құны 3500 теңгеге дейінгі пойыз билетін қайтарғаны үшін 1000 теңге мөлшерінде айыппұл салынбайды. "Жолаушылар тасымалы" АҚ халықтың өтінішімен осындай жаңашылдық енгізіп отыр, деп хабарлайды  Sputnik Қазақстан. 

 "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың 15 қаңтарынан бастап пойыз билетін қайтарғаны үшін 1000 теңге мөлшерінде айыппұл салынбайды. Алайда бұл ереже бағасы 3500 теңгеден аспайтын билеттерге ғана қатысты. Ал 3500 теңгеден асатын билетті қайтарған кезде комиссиялық алым сол күйі қалады. 

 Аталған шешім жолаушылар тарапынан түскен өтініштерден кейін қабылданған. 

"Жолаушылар тасымалы" АҚ осылайша билеттерді заңсыз қайта сататындармен күреспек.



sputniknews.kz