Жынын шығарамын деп жанын шығарды. Алматы облысында осыдан бірнеше күн бұрын 28 жастағы апталдай азамат құсбегі қолынан қаза тапты. Дерті дендеп, өмірінің мәнін жоғалтқан жігіт дене жарақатынан көз жұмған. Бұл осы жылы бақсылардың былыққа толы әрекеттерінен болған өлім-жітімнің бірі ғана.
Жыланның етінен сорпа ішкізіп, қамшымен ұрып, балтамен соққылап “артық қыламын деп тыртық қылған” емшілердің кесірінен көбейіп кеткен оқиғалар жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Емделемін деп, ерте кетті. Былтыр Алматыда түйе зәрін ішкен жас жігіт көз жұмды. Туыстарының сөзінше, ол қатерлі ісіктің алдын арам еммен алмақ болған. Алайда, бәрі бекер. “Жазамын” деп жазатайым етсе де мамансымақтар тоқтар емес, тіпті түйе зәрінен жазылғандардың саны артып келеді, деп кеуде соғады.
«Былтыр Ресейден келді біраз адам. Осы Өскемен, Семейден келді біраз адам. Олардың өзі жазылды Рактың өзі. Ауыры ісіп кеткен, асқазанның рагын жаздық» – дейді халық емшісі Өтеміс Маханов.
Жылан жесең жазыласың, тіпті сорпасын да әзірлей аламын. Бұл қатерлі ісіктің алдын алудың тағы бір тәсілі, дейді емші Амалбек Серқұлов. Оңтүстіктегі обырды емдеп жүрмін деген тәуіп жыланнан келетін жақсылық көп екеніне сенімді.
“Обыр ауруы дейді, онкологиялық ауруға душар болғандар көп ішеді мұны. 1-ші және 2-ші дәрежедегілерге өте пайдасы жақсы. 3-ші және 4-ші дәрежедегі науқастарға сәл өмірін ұзартады, бірақ, пайдасы қиын” – дейді халық емшісі Амалбек Серқұлов.
“Әбден таяқ жейсің, есесіне оңаласың”. Бұл да аты алты тарапқа аңыз болған тақиялы бала Ербосын Серікбаевтың әдісі. Дертіне шипа іздеп, жаны шыжғырылған көпшілік, оны да төбесіне көтерді.
«Бұрынғыдай Ерболсын Аралқұмнан көшті, адам қабылдамайды , қалаға кетті деген ондай болмайды. Алла Тағала берген зат болғаннан кейін, оны өмір-бақи өзіммен бірге болады деген сенімдемін” – дейді емші Ерболсын Серікбаев.
“Перзент сүйіп, ұрпағыңды өрбітесің” деп құрғақ уәдені үйіп-төккен емшілер де елді азғырды. Аңғал жұрттың қаражатына қалтасын қампитып, обалына қалғандар да бар. Дертіне дерт қосып, есеңгіретіп тастап еді.
Өткен жылы Семейлік емші 40 шақты келіншекті алдап 10 миллион теңгедей қаражатқа тақырға отырғызып кеткен еді. Соңғы үмітін үкілеп оған келген әйелдерді сан соқтырған ол жауапқа тартылмаған.
«Ешқашан мұндай емшілерге бармаңыздар. Алданып қаласыздар босқа. Сертификаттары бар. Біздің елде бәрін сатып алуға болады екен. Соған көзіміз жетті. Бұл сертификаттар жалған екен. Мөрлері бәрі тұрды. Біз оны көрдік» – дейді зардап шегуші Балнұр.
Ал, биыл Таразда бір әйел жарымен 17 жыл отасқан еркекті етеккірмен есеңгіретіп, дуалап тастаған. Осылайша, айрандай ұйыған отбасын ойрандай қылды. Бұндай оқиғалар легі елімізде өте көп.
Ал, кеше ғана “Пендеміз ғой” ток-шоуында қонақ болған Жанаргүл Өмірқұлова жылдар бойы медицина саласында қызмет еткен дәрігер. Тек зейнетке шыққаннан бастап емшілікті қолға алыпты. Науқастың наласын азайтуды ол өз отбасынан бастапты.
«Өзімнің жолдасым өте нашар ауырды. Бұны немен емдеуге болады деп ақтармаған кітабым жоқ. Іздемеген емім жоқ. Тау-тауды аралаймын. Астымда скорый бар. Әр жайлаудан шөптерді жинаймын. Содан жаңағы кісіні шынымен тұрды» – дейді емші, тамыршы Жанаргүл Өмірқұлова.
Адамды ажал аузынан құтқару көптің қолынан келмейді. Алайда, ақша үшін арын таразылап, алдап соғатын алаяқтар жетіп артылады. Сондықтан, дін өкілдері бұндай ауыр күнәні арқалап, ақша үшін беттің арын белбеуге буатындарға қарсы. “Тек, арнайы сынақтан өткен, сертификаты бар білікті емшілер ғана елді емдесін” – дейді.
«Емшілік бұл тәжірибемен болатын нәрсе. Ол біліммен болатын нәрсе. Міне сондықтан оның арнайы сондай бір рұқсаты болуы керек. Енді кез-келген адам өзін “емшілік қасиет қонды” деп өзін солай емші деп жариялап емдей беріп кетудің ол дұрыс емес. Әлі бір нәрсе ол адамның өміріне байланысты кәсіп қой.» – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов.
21-ғасырда өмір сүріп жатсақ та кейбір көзі ашық, көкірегі ояу жандар әлі де ескіліктің арбауынан шыға алмай жүр. Сондықтан болар, кейбір сәттерде жаны қиналған түсініксіз тәуіптерге жүгінеді. Бұдан құлан таза айығып кеткендер бар ма? Әлде құрбан боласың ба? Бұл аса маңызды емес!Себебі, мамандар бұндай күмәнді емшілерден бас тартуға кеңес береді.
Көп жағдайда, жалған еммен “жақсылық жасадым” деп жарға шығатын емшілер көп. Алайда, билік өкілдері халықты бұндай есерсоқтарға иланбауға шақырған еді.
«Менің ойымша, мұнда адамның ішкі мәдениетін де есепке алу керек. Тұрғындар XXI ғасырда аталған жарнамадағы айла-амалдардың дәурені өткенін түсінуі қажет. Кезінде олар тұтас бір стадионды жинады. Телевизор алдында халықтың жарты бөлігі банкіні зарядтады ғой. Мұның барлығы өтті» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
“Емделемін” деп емшіге есесі кеткендер қателігін кеш түсінеді. Алайда, асқынған ауру бұл уақытта шарықтау шегіне жетеді. Сондықтан, алдымен дәстүрлі жолмен емделуге бет бұрған жөн.
Дереккөз :stan.kz