Президент табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарда баға өсіміне жол бермеу қажеттігін айтты

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстау және бағаның өсуіне жол бермеу қажет екеніне тағы да назар аударды.

Бұл туралы Президент 12 сәуірде өткен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтты.

  Сондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтар үшін әуе және темір жол көліктеріне билеттің қымбаттауына жол беруге болмайтынын ескертті. "Үкімет пен әкімдіктер зардап шеккен адамдарды орналастыру, оларға қажетті көмек беру мәселелерін тез арада шешуге тиіс.

Қазір бұл жұмыстар атқарылып жатыр. Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау керек. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыру қажет.

Айтпақшы, жоғалған құжаттар да проблема болады. Адамдар үйлерін асығыс тастап кетті. Құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу керек. Жағдай өте күрделі аудандарда қоғамдық штабтар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілсін", – деді Президент.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізу, сондай-ақ көппәтерлі үйлерге, әлеуметтік және басқа да нысандарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берілді. 

Су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралып жатқаны және эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат расталмады.

Президент бірқатар отандасымызды арнайы төсбелгімен марапаттады

 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар отандастарымыз марапатталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн:

▪️Астана қаласы Қайырбеков атындағы №2 мектеп мұғалімі Шнайдер Елизавета Александровна ІІ дәрежелі «Достық» орденімен;

▪️ «Қазақстан украиндарының радасы» бірлестігінің төрағасы Тимощенко Юрий Евгениевич, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмадиев Мурат Абдуреимович, «Дустлик» Қазақстан өзбектерінің этномәдени қауымдастығы төрағасының орынбасары Шарипов Хасан Халматович «Ел бірлігі» орденімен;

▪️ Степногорск балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы Дураченко Николай Николаевич, Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Любина Татьяна Нестеровна «Ерен еңбегі үшін» медалімен;

▪️Өскемен металлургия кешені Мырыш зауытының күйдірушісі Панасюк Сергей Александрович, Ұлытау облысы Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының аккомпаниаторы Побединский Аркадий Николаевич, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бөлімше командирі Пономаренко Кирилл Алексеевич, Ақмола облысы Арайлы ауылы орта мектебінің мұғалімі Ирубаева Анастасия Валерьевна «Шапағат» медалімен;

▪️Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-эксперттік тобының төрағасы Краснобаева Нелли Леонидовна, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» өкілдігінің төрағасы Урмашов Александр Николаевич, Жетісу облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Усанова Руфина Касымовна Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды. 

Бұған дейін хабарлағанмыздай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті. 

Қазақстанда міндетті екпелердің жаңа тізімі бекітілді: бұл туралы не белгілі?

 

Наурыздан бастап қазақстандықтар түрлі вирусқа қарсы екпе алуға міндеттеледі. Бұл туралы Денсаулық министрлігі хабарлаған еді. 

Министрлік мәліметінше, енді медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін екпе алуға болады.

Адам папилломасы вирусы туғызған аурулар міндетті профилактикалық екпе жүргізетін аурулардың тізбесіне енгізілді- деп хабарлайды el24.kz тілшісі Massaget.kzке сілтеме жасап.

Міндетті екпелердің жаңа тізімі бекітілді:

1) жоспарлы профилактикалық екпелер:
- "А" вирустық гепатиті;
- "В" вирустық гепатиті;
-b типті гемофильді инфекция;
-дифтерия;
-көкжөтел;
-қызылша;
-қызамық;
-пневмококк инфекциясы;
- полиомиелит;
- сіреспе;
- туберкулез;
-эпидемиялық паротит;

2) эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер:
- "А" вирустық гепатиті;
- "В" вирустық гепатиті;
- дифтерия;
- көктемгі-жазғы кене энцефалиті;
- күйдіргі;
-құтырма;
- қызылша;
- қызамық;
- оба;
- сіреспе;
- туляремия;
- тұмау;
- іш сүзегі;
- эпидемиялық паротит.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын ескере отырып, 6 жастағы балаларды (1-сынып) туберкулезге қарсы ревакцинацияланбайды;

Министрлік өкілдерінің айтуынша, профилактикалық екпелерге қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 85-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпелерді алуға міндетті.

Бірақ қазақстандықтар вакцинациядан бас тартуға құқылы. Бұл Кодекстің 77-бабында айтылған. 

Республикада профилактикалық екпелер туралы деректерді тіркеу мақсатында "Вакцинация" модулі жұмыс істейді. "Вакцинация" модулі - вакцинациялар туралы деректер қоры.

Денсаулық сақтау министрілігі екпе алатындарға кеңес берді. 

"Профилактикалық екпелер туралы ақпаратты ресми және сенімді дереккөздерінен алу қажет. Вакцинациялау туралы ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайттар мен аккаунттарда орналастырылады. Сонымен қатар, вакциналар туралы толық ақпарат алу үшін EGU.kz платформасына және вакцинациялау бойынша Call-орталыққа (жедел желі нөмірі 7701) жүгінуге болады", - делінген хабарламада. 

 

 Атырау облысындағы Индербор кентінде өрттен екі бала мерт болды

 

Атырау облысындағы Индербор кентінде тұрғын үйдің пәтері өртеніп, екі бала мерт болды.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, өрт туралы бүгін, 25 сәуірде таңғы сағат 05:37-де хабар түскен. 

«Өрт 5 қабатты тұрғын үйдің 2-қабатындағы пәтерде тұтанған. Шақырту орнына өрт сөндірушілер жеткен кезде пәтердің толықтай жанғаны анықталды. Пәтердің жатын бөлмесінен 2014 және 2017 жылғы балалардың өлі денесі табылды.

Балалардың анасы –1995 жылғы әйел мен оның азаматтық некедегі күйеуі ес-түссіз күйде табылды. Олар жедел жәрдем бригадасының көлігімен аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.  Қазір жалынның тұтану себебін анықтау мақсатында өрт-зерттеу зертханасы жұмыс жүргізіп жатыр. Өрт сағат 06:02-де оқшауланып, сағат 06:10-да толық сөндірілді. 

Дереккөз: Kazinform

СҚО-да тасқын судың беті қайта бастады

 

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші кезеңі шарықтау шегіне жетіп, Есіл өзенінің деңгейі түсе бастады.


Су тасқынының екінші толқынында Сергеев бөгенінің қырынан асып төгілу биіктігі 363 см-ге дейін жетті. Қазіргі уақытта су қоймасы 169 % толған.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өткен тәулікте тек 1 см-ге ғана көтерілген.  Ал Тоқсан би гидробекетінде 48 см-ге, Крещенка елді мекенінің маңында 15 см-ге, Сергеев қаласының жанында 1 см-ге төмендеген. 

Екінші толқын Петропавлға қарай келе жатыр. Мәселен Покровка елді мекенінің маңында 27 см-ге, Новоникольское ауылының жанында 29 см-ге көтерілді.  Петропавлға әзірге жеткен жоқ, өткен тәулікте мұнда Есіл өзенінің су деңгейі 4 см-ге түсті.  Дереккөз: Kazinform

Былапыт сөз айтқан: Атырауда жасөспірімнің анасы жазаланды

 

Атырауда ұсазына былапыт сөз айтқан жасөспірімнің анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды el24.kz тілшісі azh.kz-ке сілтеме жасап. 

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес 9-сынып оқушысы сабақ үстінде ұстазына былапыт сөз айтып, ұсақ бұзықылық жасаған.

Істі қарау барысында жасөспірімнің анасы кешірім сұрады.

Сот қаулысымен жасөспірімнің анасы әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 18 091 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Лимон – қандай ауруға шалдықсаңыз да көмектесетін жеміс түрі. Өйткені оның құрамында дәрумендер, пайдалы элементтер көптеп кездеседі. Тамағыңыз, ішіңіз, тіпті бауырыңыз ауырса да бірден лимонды еске алыңыз. Қазір біз сіздердің назарларыңызға лимонмен емдеуге болатын 7 ауру түрін ұсынамыз. 

 Тамақ ауруы (ангина)

Тамағыңыз қатты ауырған кезде лимонның жартысын алып, қабығымен бірге жеңіз. Ащы, бірақ өте пайдалы. Сонымен қатар лимон шырынымен де тамағыңызды шайсаңыз болады. Ол үшін: Лимонның үштен бір бөлігін алып, сумен араластырып, тамағыңызды сағат сайын шайып тұрыңыз немесе күніне 3 рет тамағыңызға жағыңыз. 



 Бронх қабынуы (бронхит)

Егер бронх қабынуына дейін жетсе, онда 50 грамм үккіштен өткізілген ақжелкек пен 2-3 цитрустік жемістің шырынынынан сусын жасаңыз. Кейін соны шай қасықпен күніне бірнеше мәрте тұтынып көріңіз. Алайда артынан ештеңе ішпегеніңіз дұрыс. Сарымсақпен араласқан лимон сізге денсаулығыңызға күшті әсер етеді. Оны дайындау үшін сіз 5 лимон мен 4 сарымсақ бөлігіне 1 литр қайнаған су құйып, қақпағын қатты жауып, 5 тәулік мұздай, қараңғы жерде ұстауыңыз керек. Дайын болған соң күніне 3 рет тамақтан 20 минут бұрын шай қасықпен ішіңіз. 

 Жүрегіңіз айныса. 

Жүрегіңіз айнып, майлы тамақ жегеннен кейін құсқыңыз келсе, жарты лимонның шырыны мен жарты шай қасық ас содасын араластырып, ішсеңіз, ауруыңыз бірден басылады. 

Тұмау

Тұмау кезінде дәрілік шөптермен және лимонмен шай ішіңіз. Әсіресе жалбыз, қырмызы, шатыраш, қырықбуын, бақажапырақ секілді шөптермен ішкеніңіз жақсы. Мұндай қоспалар ағзаңыздағы кальций мөлшерін көбейтеді. Ал кальций қызуыңыз көтерілгенде керемет көмектеседі. 

Жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруы (атеросклероз) 

Бір ас қасық қарағай қылқанына бір стақан қайнаған су құйып, 30-60 минут суығанын күтіңіз. Дайын тұнбаны сүзгіден өткізіп, қабығы ашылған және ұнтақталған жарты лимонмен араластырып, күніне 3 рет тамаққа дейін тұтыныңыз. Емделу курсы – 15-20 күн. 

 Бауырдың қабынуы (гепатит)

Мұндай ауруға шалдықсаңыз, лимон суын немесе шырынын күн сайын міндетті түрде тұтынуыңыз керек. Ол лимонның қабығын аршып, екіге бөліп, үстіне қайнаған су құйып, 12 сағатқа қалдырыңыз. Дайын болған соң бір стақаннан аш қарынға ішуді ұмытпаңыз. 

 Артериялық қысымның төмендеуі (гипотония). 

Артериялық қан қысымыңыз жиі төмендесе, 5-6 лимонды еттартқаштан өткізіңіз. Дайын болған лимон езбесіне 100 грамм шағыр гүлінің жапырақтарын қосыңыз. Бұл дәрілік өсімдікті барлық дәріханадан табуға болады. Ботқаға бір литр қайнаған салқын су құйып, 36 сағат тоңазытқышқа салып, ашытыңыз. Содан кейін жарты килограмм бал қосып, барлығын жақсылап араластырып, қайтадан 25 сағатқа тоңазытқышқа қойыңыз. Тұнбаны тамақ ішуіңізге жарты сағат қалғанда күніне 4 реттен ішіңіз. Осылай 3 апта қайталасаңыз, ауруыңыздан біржола айығасыз. 

Лимон жоғарыда айтылған ауру түрлерінің алдын алуға көмектеседі. «Ауру айтып келмейді», - дегендей, бұл жемісті қай жерде жүрсеңіз де, өзіңізбен бірге алып жүруге тырысыңыз. Ем болсын!