Назира Əліханқызы

Өлеңіңді оқыдым.., жылап алдым

Мен де сендей сүрінгем, құлағанмын.

Аязынан тағдырдың қорыққан емен,

Өйткені мен қаңтарда туылғанмын.

 

Мен дағы тау суынан нəр алғанмын,

Білерсің таудың неден жаралғанын.

Тəкəппар, тау қызының бəрі қыран!

Қырандай қанатымды тарағанмын.

 

Жаным, жаным, жарығым жабырқама.

Тоңамын деп қорықпа, жаным барда.

Саған деген сезімім сөне қоймас,

Жүрегімде өшпестей жалын барда.

 

Болғанменен кейде көп сын сағаттар,

Шалқитын бір кезі ғой тың шабыттар.

Болса болар соңғы рет ғашық болу,

Ақындарда болмайды соңғы хаттар.

 

Жаным бөлек алтыным сен дегенде.

Енді қайтып ешқашан соңғы деме!

Əрі қарай жалғайық, сен де мен де,

Ақындарда болмайды соңғы өлең де.


 Қайдасың?..

Қайдасың, қайда жүрсің? Таппадым, жоқ іздерің.

Бақтардан сен жүретін, сабылып, көп іздедім.

Сен бе деп қарайғанға, қарадым, көрінбедің.

Атырдым қаншама ақ таң, сені ойлап көз ілмедім.

 

"Сары күз - сағынышың" жыр ғана жинау ма еді?

Мендегі "маржандарды" өзгеге қимау ма еді?

"Мəңгілік сүйем" деген, мұң ғана сыйлау ма еді?

"Басқаша жетем" деген,  осылай қинау ма еді?

 

Тағы да барсам егер алдыңа, қайтер едің,

Үмітті жалғап əрі, сезімді шайқар ма едің?

Ақ адал көңілімнен ақ тілек айтар ма едім?

Бүгінгі мерекеңмен құттықтап қайтар ма едім?..

 

Білмеймін мекен жайды, қағар ем есігіңді.

Қойдың-ау ынтықтырып, алдың ба сен есімді?

Таба алмай шарқ ұрамын, қайталап есіміңді,

Жан едің қандай қатал, болсаңшы кешірімді...

 

Төзудің қиыны-ай, болды-ау сынақ бұл шын.

Жылатып қойып мені, сен қалай шыдап жүрсің?..

Махаббат ғаламат қой, күй кешу, жұмбақ, тылсым.

Оқып ап өлеңімді,  сеземін жылап тұрсың...


 

Мен ақынды тағы да қалдым сүйіп...

 

Күзді сүйгім келмейді ызғары бар

Көктемнің де өзіндік сыздары бар.

Қалың қарын сүймеймін Қаңтардың да,

Білесің бе? Көңілім жазға құмар.

Таусылмайтын дастаны жазары бар,

Мұңы, сыры, бітпейтін наздары бар.

Сезімдері өткінші,сері сымақ,

Сірə сүймен ақынды қызға құмар.

Тым өзгеріп кеткендей мына ғалам,

Қызыл-жасыл көріді күзгі далам.

Жаз айналып келген бе мын өңірге?

Болмашыға таңданып, шын мəз болам.

Бар мұңымды қайтадан алдым жиып,

Қайдан ғана көріндің?.. салдың күйік!

Болашағын бұлыңғыр сезсем дағы,

Мен ақынды тағы да қалдым сүйіп!

Поэзия! Құдыретің шексіз неткен?!

Бір құпия бар сірə сертіңде еткен.

Жырға құмар жанымды баурап алып,

Сиқырың сезімімнің қылын шерткен.

Күнде бірін арнайтын түр-түрлі етіп,

Өлеңдерің жанымды  жүр тербетіп.

Жапырақтай жаураған дір-дір еттіп,

Жүрегімді алдым-ау бір емдетіп.


Сағыныш

Боялған қызғылт арай, сары реңге,

Асығып шықтым бүгін тағы белге.

Биікпен əлде жаным егіз бе еді,

Білмеймін, мұны əзірге, сыры неде?

Сары бел ыстық маған сағым құшқан.

Қиялым көкке кетті, алып ұшқан.

Көз алмай көк жиектен, көп ойландым,

Жоқ екен жолы басқа жазымыштан.

Санамда сан түрлі ой сабылысқан.

Жаралған жан ба едің сағыныштан?

Тым болмаса сыртыңнан көрер ме едім...

Жандар да бақытты екен жолығысқан.

Қоштасып, күн де батты ұясына.

Бұлттар тұр қолын бұлғап қимасына.

Қызыл жалқын қыр асты, алаулайды.

Ұқсайды қызыл қалам сиясына.

Ай да туды əппақ боп, сүттей жарық.

Жұлдыздарды бір-бірлеп шықты-ау жағып.

Тау жақтан аңғар бойлай есіп самал,

Қара суық бойымды кетті-ау қарып.

Болғанмен қанша қымбат бұл атырап,

Алысқа мені жиі жол шақырад(ы).

Қаланың сен тұратын тұсы-ау сірə,

Шамдары самаладай тұр жарқырап.


Кешір...

Ақылсыз деп ойладың ба  бұл ару,

Жан дертіме бола ала ма шын дəру?

Ақыным-ау, ақылдым-ау ренжіме,

"Ақтару" деп аталады бұл "қару".

Таңдап сүйген көп ішінен қыр гүлін,

Жырға құмар, гүлге құмар Бұлбұлым.

Өлеңіңе, өзіңе де ғашықпын,

Жыршы əлемнің жеңімпазы - Дүлдүлім!

Бар əлемді жап-жарық қып жарқылың,

Мəңгі бақи жарқырай бер жарқыным!

Күзің сызды болмасыншы ешқашан,

Жып-жылы боп жауа берсін жаңбырың!

Мен жайында мейлі жазба, өкпеле,

Атымды атап, жар салма да көпке де,

Тəкəппар деп айыптама ақыным,

Өлеңіңсіз тұрмаймын ғой түкке де...