(жалғасы)
– Қорқуды білмейтін күнәсіз сәби ғой, ересек адам болғанда жүрегі жарылып өліп қалар еді… кәрі құдағи менің сол қолымды уқалап отыр екен…
Менің сөйлеуге шамам келер емес… іштей қорқуды білмейді дегенге масаттанып қоям… өзімді бір үлкен батыр сезініп… аузыма су тамызып жатыр…
– Қарасан келгір көк бұқада нең бар еді, қасқыр жемесе, бір күні өзі қайтып келер еді ғой… Апам атама ұрсып отыр… Атам үнсіз. Енді сөзді бақсы алды:
– Жарайды, даурықпаңдар… көп сөйлесеңдер бала шаршайды, барлығың шығыңдар, – деп атамнан басқа елдің барлығын шығарып жіберді… Елдің барлығы сыртқа шығып кеткен соң атам екеуі не көрдің деп сұрай бастады… тілім күрмеліп сөйлер алар емеспін… ортадағы ошақтағы ашық оттың ішінен қып-қазыл болып тұрған шымшуырды ұстаған Әдеп бақсы қып-қызыл шоқты тілімен быж-быж етікізіп жалап-жалап жіберіп, мені еңбектетіп жатқызды да, арқамды жалаңаштап қып-қызыл шымшуырмен тартып-тартып жіберді… Мен баж ете қалдым… арқам күйіп қалды ма деп қорқып, қолымның жеткен жеріне дейін арқамды сипалай бастадым… Күймеген сықылды… Тілім енді сөзге келді… Болған жайды бастан аяқ айтып бердім…
Екі шал өзара шүңкілдесіп отыр, сөздерін еміс-еміс құлағым шалып қалады.
– Ең қиыны ол енді адамның берген уағдасын орындатпай қоймайды… олар үшін бала ма, кәрі ме, бәрі бір…
– Сіз екеуіміз енді екі жақтасақ тоқтата алармыз… мен көк бұқаның қасиетімен тоқтатып келіп ем… оны… енді амалым қалмады… өзімнің тауып алған бәлем… алғаш рет Есен туғанда көріп ем… содан бері ізімнен бір қалмады…
– Иә, бұл Есенге құрылған тұзақ… мұнысы да дұрыс болды… енді тірі жанға қастық жасай алмайды… тек затынан ғана зәбірін тигізер… молдеке, осы туралы талай рет сұрадым, айтпаған едіңіз… енді айтарсыз…
– Әдеке, баяғыдағы менің Ақтаңгерімді білетін шығарсыз…
– Иә, иә, жаралмаған жануар еді… өзің «Ерменсайда» тастан құлап өлді дедің… бірақ менің кәрі жыным оны өзіңіздің тасаттыққа шалғаныңызды біледі…
– Иә, сол Ақтаңгердің жал-құйрығы қарадан-қарап өріліп қалады,.. бітеу қораға байлап қойсам да, қара терге түсіп, қара терге малшынады да тұрады… Сосын бір күні түнде аңдыдым… Баяғыда марқұм атамыздан шамалы оқығанымыз бар еді… соны оқып,.. түн ортасы ауа бере қасына аппақ киініп бір жас келіншек келді… Сосын атты шығарды… Ақтаңгер қан сиіп осқырынып үркеді, анау жіберер емес… Бір заманда мініп алды да, шапқылай жөнелді, көз жазып қалдым… Неде болса, бір пәленің болғанын біліп, қайтып келіп жатып қалдым. Таңертең атым орнында тұр екен… Сосын Барысқанның жүйрік торысын сұрап алып келесі түнде тағы аңдыдым… тағы келді… Ол да кетті… Жүйрік торы аузымен құс тістеген жануар ғой, артынан бір елі қалмай «Ерменсайға» жеттік… Артынан түскен қуғыншыдан тайсап ол «Ерменсайға» тоқтамай өте шықты… Бұрында осы сайда бір нәрсе бар деп еститінмін… Сол жерден күтейін деп бұлақтың басына келсем, жаңа туған бала шырқырап жатыр екен… Әйелдің енді құтылмасын білдім… Баланы бас салып ұстап алдым… Қызыл шақа бала енді қолға тоқтамай сақ-сақ күліп қашады… Қойнымдағы бір кітапшада оларды тоқтататын дұға бар еді… Соны оқып баланы аттың терлігіне орап матап тастадым… Сүт пісірім болмай әйел келді… Ол менің атыма жуымайтын болып уағда берді… Сол уағдасы ретінде маған күміс сақинасын қалдырды… Соны алмауым керек еді… Кейін Есенім туғанда келді маған… құда боламын деп… Мен тік шапшыдым. Онда тұқымыңа дейін құртамын деп сес көрсетті… Екеуіміз «Ерменсайға» барып, жатып келіп дауластық. Адамнан ақылды туған бәлелер ғой, ауызымды аштырмады. Сөйтіп отырғанда үстімізге ана жынды Темірхан келді. Не қасиетінің барын қайдам… Темірхан келе сала қолындағы арқанымен әйелді байлап тастады да, маған:
–Кет үйіңе, кет!.. Мен өлгенше бұл саған тиісе алмайды… Мен өлген соң ағаңның ала сиыры еркек көк бұзау туады… соны ал… Үйіңнің маңайынан алыстатпай бақ… көк бұқаны ұстап алғанынша саған тіисе алмайды… Көк бұқадан айырылсаң, ұлыңды ананың қызы әкетеді… – деді. Сонымен ел-жұрттың наразылығына қарамай көк бұқаны сетерледім. Енді сол көк бұқаны құрбандыққа шалуға тура келді…
– Бір есептен мына бейкүнә сәби арқылы беті ашылғаны да дұрыс болыпты… Ересек адам болғанда тіптен құтыла алмас еді… Таң атсын… Оғанға дейін үйдің алдындағы алаңқайға от жағыңдар… Әдеп бақсының бұйрығымен атам сыртқа шығып кетті…
– Қорықпа, балам… сен деген үлкен батыр болдың…- дейді бақсы шал маған.
Сыртқа үш жерден от жағылды. Қарағайдың қу бұталары шатыр-шұтыр етіп маздап жанып жатыр. Мені елден ерек сол үш жақтан жанған оттың ортасына отырғызып қойған. Әдеп бақсы қолына лапылдап жанған қарағайдың үлкен бұтасын алып ортан белінен аузына тістеді де, үйді айнала жүгірді. Ана жақта атам бір қолында сарала қамшы, бір қолында көк тікені бар, жер сабалап жүр… Бір заманда атам атқа мініп, Әдеп бақсы аузынан қып- қызыл шоқ бүркіп «Ерменсай» жаққа қарай жөнелді… Әдеп бақсы жаяу жүгіріп барады… Атам Есен ағамның күреңтөбелін борбайлап әзер еріп бара жатыр… Таң ата арсы-күрсі болып екеуі де жетті… Енді: «Көк бұқаны алып жүріңдер!» – деді… Апамның сандығының түбіндегі сақинаны менің сол қолыма ұстатты да, мені де өздерімен бірге алып алды…
– Сақина алақанымды қарып күйдіріп барады…
– Алақаныңды ашушы болма! – дейді атам мен Әдеп бақсы…
«Ерменсайға» жеттік… Бұлақтың басына келіп көк бұқаны жықты да, Әдеп бақсы бұлақты айнала жүгіріп бірдемелер оқып, бұлақтың суына бұқаны бауыздап жіберді. Бұқаның орылған тамағынан атқақтаған қан бұлақ суын қып-қызыл қанға бояды… Бір заманда бұлақтың түбінен шыңғырып, шашы жалбыраған, алба-жұлба киімді, саусақтарының тырнақтары жерге сүйретілген кемпір шыға келді… Менің жүрегім аузыма тығылды… Алақанымдағы сақина тіптен өртеп барады…
– Ата, ата, қолым, – деймін шырқырап…
– Балам, аз шыда… аз шыда… – дейді атам маңдайымнан иіскелеп.
Судан шыққан кемпір мен Әдеп бақсы арбақ-құрбақ алыса кетті. Енді анадайдан шырқырап кешегі мен көрген қыз келе жатыр… Атам қойнынан әлде бір нәрсені алып көрсетіп еді, анау бажылдап анадай жерге қашып кетті. Шамасы сүт пісірімдей уақыт өтті-ау деймін… Бір заманда Әдеп бақсы кемпірді астына басып буындырып жатыр екен. Кемпір тұншығып қыр-қыр етеді… Әдеп бақсы күшейіп кеткен сықылды… кемпір енді ышқына бастады да басы кішірейе берді…кішірейе берді… Әдеп бақсының уысында кемпірдің басы мен мойны саусақтың жуандығындай ғана болып кішірейіп кетті… Сол кезде атам маған андағы колыңдағы сақинаны кемпірдің басына кигіз деді… Мен айтқанын орындадым… Сақина басына киіле кемпір аласұра тулап-тулап барып отқа айналып жанып кетті… Манадан бері анадайда бажылдап жүрген қыз енді шырқырап жалға қарай тұра жүгірді… Менің қызға жаным ашып кетті… Көзімнен бір тамшы жас тамып кетіп еді… Әдеп бақсы көріп қойыпты… «Алданба оған, ол өтірік елес…» Ары қарай не айтқанын білмеймін… содан үйге қайттық… Сол жылы ойға түскеннен кейін Есен ағам Барысқанның қарындасына үйленді… Масқарасы сол, жаңа түскен келіннің барлық жасауын біреу таң атқанша қайшылап қиып тастапты… Ел оны сан саққа жүгіртті… Менің ойыма екі шалдың: «… енді тірі жанға қастық жасай алмайды… тек затынан ғана зәбірін тигізер…» – дегені оралатын.
***
Одан кейін де біраз уақыт өтті… Мен де ержеттім… Сол туралы ойласам, кейде денем түршігіп кетеді… Бірақ, сол қыздың бейнесі көз алдымнан бір кетпеді… Ол жайында қаладағы достарыма айтып берсем, барлығы мені келеке етеді: «Мына заманда сондай ертегіге кісі сене ме», – деп… Қаладағы қаптаған қалың адамның ішінен сол қызға кейде біреулер қатты ұқсап кетеді… Ақ көйлекті қыздарды көрсем боды әрдайым тұла бойымнан бір ыстық ағын тулай жөнеледі… Ауылға келгенде, әсіресе, Есен ағамның үйінде болғанымда сол ақ қызды сағынамын. Уақыт өте өзім де, ол да ұмыт бола бастаған іспетті… Көз алдымда тек сол аппақ көйлекті қыз. Мені күтуге уағыда бергені… Қате болды ма, дұрыс па білмеймін, мен оны сатып кеттім…
– Тентекқара, шай ала бер… Мен тамақ салып жіберейін, – деп жеңгем сыртқа қарай шыға жөнелді. Ізінше есік сықыр етіп ашылып қолындағы жарқылдаған қайшысын сырт-сырт еткізіп қайшылап баяғы аппақ көйлекті қыз кіріп келе жатты.